Өлеңдер ✍️

  07.04.2021
  486


Автор: Мағжан Жұмабаев

Ләззат қайда

Бұл жарыққа шыққан соң,
Іздейді көңілім күн-түні
Қайдасың ләззат, рахат деп,
Таппады сал боп еш мұны.
Ойында ма бос өткен?
Қайғыланған ойда ма?
Жүйрік тазы, сұлу мен,
Қызойнақ иә тойда ма?
Байлықта ма, бірлікте
Бетіне шірігі шықпаған:
Ac, ат беріп, жұрт аузын
Алып, оған ықтаған?
Ләззатты іздеп, көңілім
Аласұрған шарқ ұрып.
Біреуін де осы деп,
Қалмай жүрген бір торып.
Баяулады жалғыз-ақ ,
Мінеки деп тұрақтап.
Ләззаттанып сөзіне,
Қолына кітап, құранды ап.
Айтар сөзім ендігі
Аласұрған көңілге:
Оқу оқы, өнер қу,
Басқалардан түңіл де!
Жұрттың қамын көп ойла,
Уайым-қайғы жеп ойла!
Артта қалған сорлы жұрт
Алға бассын деп ойла.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу