Өлеңдер ✍️

  06.04.2021
  374


Автор: Шәкәрім Құдайбердіұлы

...ға жауап

Тием біреуге нахақ демесе,
Күйеу арға деп арам жемесе,
Тыйылып зорлықтан.
Бәрі адамның бірдей ағарып.
Ары нәпсіні жеңсе тазарып,
Құтылар қорлықтан.
Бар еңбегін, шын тілегін.
Салса адалдық жолына.
Алып білім, төгіп нұрын,
Түссе адамдық соңына.
Кісі адамды ала көрмесе,
Ісі санамен алға өрлесе,
Бірігіп бастары.
Тамақ, керегін жерден іздесе,
Қалап, еңбекті ғана көздесе,
Болмайды қастары.
Табиғаттың, барша заттың
Білер адам айласын.
Орнар бейіс, кетер кейіс,
Көрсе еңбектің пайдасын.
Жойып, зорлық пен қару жолдауды,
Қойып, күндестік, мақтан, алдауды,
Мансапқор жойылса.
Ерді адалдық жолға бастайтын,
Елді арамдыққа әсте баспайтын,
Басшы адам қойылса.
Еңбекпенен, өрнекпенен
Өнер ойға тоқылса,
Жайнар көңіл, қайнар өмір,
Ар білімі оқылса.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу