Өлеңдер ✍️

  06.04.2021
  287


Автор: Шәкәрім Құдайбердіұлы

Қолшатыр бұйрығы

Көзге күңгірт, ойда бар өткен заман,
Бізден бұрын өтіпті бірталай жан.
Сол өткен көп заманның бір кезінде
Қытайды билеп тұрған Сан-Хо-Жи хан.


Көп болған өз жұртына шын мейірімі,
Ел қамын ойлайды екен күндіз-түні.
Өз басына келгендей есептейді,
Халқына біраз ғана зияндыны.


Жүргенде Мармар көлден балық алып,
Қасында ақын қыздар әнге салып.
Қөңіліне ел жайынан бір ой түссе,
Қылады соның қамын қайта барып.


Бойына лайық көрмей бос ойлауын,
Қағады алтындаулы қоңырауын.
Бас уәзірін шақырып жарлық айтып,
Осыны қылсын дейді барша қауым:


«– Халқымда қысымшылық бар ма? —дейді.
Немесе бір нәрсеге зар ма? — дейді.
Мені алдасаң — Құдайды алдағаның,
Жалған айтып жазада қалма?» — дейді.


«– Сізге өтірік айтқаным – қай қылғаным,
Онда бас пен сақалдан айрылғаным.
Осы күнде еліңде түк қайғы жоқ,
Бұйрығыңмен бәрін де жай қылғамын».


«– Елді аяп әмірімді күнде айтамын,
Орнына келтірмесең, ұлғайтамын.
Ақылың жоқ болса да, жасың құрбы,
Ойымды сен тұрғанда кімге айтамын».


Қайтқан соң уәзірімен қалжыңдасып,
Бақшада көгершінге жемін шашып,
Екі қыз дағарадай қол шатырды
Ұстап жүр хан басына жанталасып.


Ол күні желсіз ыстық болды қатты,
Қүйдіріп тиген жерін шыдатпапты.
Қап-қара қолшатырдан өте шығып,
Тақсырдың тақыр басын шыжылдатты.


Сан-Хо-Жи мұны көріп көп ойлады,
«Шатырсыздар қайтіп жүр» деп ойлады.
Үйге келіп уәзірін шақырып ап,
Елді ыстықтан құтқару еп ойлады.


« – Ей, уәзір! Неткен ыстық бүгінгі күн,
Көшеде не жаны жүр шатырсыздың!
Бай өзі алсын, кедейге шатыр әпер,
Қазынадан ұсталса да қанша жүз мың.


Жандарал, қала басы, частнойларын,
Тез барып шақырып ал түгел бәрін,
Бәрінің де бастары кесіледі,
Күн шыққанша бітпесе бұйрықтарым».


Айтқан соң уәзір барып бұл бұйрықты
Ұлықтар қатты қорқып көп ұлықты.
Аздан соң ақылдарын жиып алып,
Кеңесіп, күңкілдесіп, сыбыр шықты.


Қазынадан талай ақша алмақ болды,
Ол ақша ұлықтарда қалмақ болды.
Көшеде шатырсыздың бәрін ұстап,
Апарып абақтыға салмақ болды.


Ұлықтар осылайша айла тапты,
Қазынадан неше мың сом ақшаны апты.
Шатыр түгіл киімсіз кедейлерді
Ұстап алып зынданға бәрін жапты.


Ертең ерте патсаға бәрі кепті,
«Ей, тақсыр! Көзіңізбен көрші,— депті. –
Қалмады шатыры жоқ жалғыз адам,
Қазынаның аз ақшаға несі кетті».


Білу үшін шықса да хан көшеге,
Шатырсыз бір кісіні көрсін неге.
Баяғыдан ұлықтың қылығы осы,
Бүгін сеніп бола ма дүниеге?


Бұйрығын тез орындап ұлықтары,
Мақтанып шен алғызған қылықтары.
Абақтыда жылаған шатырсызша,
Сорлы елдің тыңдала ма қылған зары.


Ұлтшыл деп сөгеді қазақ жасын,
Қорғау дұрыс емес деп әркім басын.
Көштен қалған қаңғырып қазақ жаяу,
Неге алдыңғы керуенге апармасын?


Бірақ қазақ ұлығы тек тұра ма,
Халқының кемшілігін толтыра ма?
Біз көрген Николай ұлығындай,
Онан әрі менен көп сөз сұрама!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу