Өлеңдер ✍️

  06.04.2021
  189


Автор: Шәкәрім Құдайбердіұлы

Піскен мен шикі

Бай мен жарлы баласы аңға шықты,
Жалаң қағып жарап тұр аты мықты.
Жортып жүрген түлкіні көрді-дағы,
Қуып барып еріксіз інге тықты.


Екеуі келді шауып атты қыстап,
Түлкіні аламыз деп отпен ыстап.
«Шылбырынан арқандап атты отқа қой,
Тойып қалсын болғанша біз жұмыстап».


Жазым болар десе де болмайды бір,
Жарлы байғұс, қайтсын-ай, ұнамай жүр.
Байы айтқан соң амалсыз арқандады,
Анда-санда бір үзіп елеңдеп тұр.


От жағып, ыстап еді түтін салып,
Екі ат үркіп жөнелді үзіп алып.
Түлкің құрсын, айрылып көлігінен,
Сандалды екі бала жаяу қалып.


Байбатшасы жүгірді тұра сала,
– Тоқта,– деді мырзаға атшы бала.
– Аттан да, түлкіден де айрылмалық,
Мен ұстайын, сен түлкіні ыстап қара.


Ақырын келіп еді лықылықтап,
Құйрығын тігіп алды шиыршықтап.
Желіккен ат желге ермей тоқтасын ба,
Ойын салып ұстатпай кетті зыптап.


Қайта келсе, бай отты жаға алмай тұр,
Отыны жоқ бір шоқты үреді құр.
Отын салып, жарлы ыстап түлкіні алды,
– Енді не бар, аяңдап ауылға жүр.


Екеуі елге қарай жүрді ентелеп,
Мырзасы жүре алмайды уайым жеп.
Қыл шылбырдың үзігін алды жарлы,
Бір нәрсеге керегі болар-ау деп.


Байбатшаға жаяулық жаман батты,
Аяғы ісіп, жүре алмай сұлап жатты.
Мұндай істің талайын көрген жарлы,
Тастасын ба мырзасын, арқалапты.


– Мен бұрын жаяулықты көрмедім,– деп,
– Бүйтіп жан қиналғанша өлмедім,– деп.
Байбатша арыздасты жолдасына,
– Әлім кетіп, тым қатты шөлдедім,– деп.


Жолдасы су іздейді зыр жүгіріп,
Беліне екі етегін алды түріп.
Құдық шығар деді де жетіп келді,
Үйілген бір арада топырақ көріп.


Су шыққан құдық екен шыңыраудан,
Кіші емес топырағы төмпеш таудан.
Етікке белбеуменен шылбыр жалғап,
Су алды айламенен әлдеқайдан.


Ішкізді етікпен су мырзасына,
Мырзасы риза болды сырласына.
Көрдің бе, піскен адам не қылып жүр,
Шикінің не күн туды бір басына.


Суға қанып алған соң желдей есіп,
Екеуі тағы жүрді құдай десіп.
Ентігіп екіндіде жетіп келсе,
Кетіпті көрген жерден ауыл көшіп.


Бай жылады көре алмай елдің шаңын,
Кедей тінтіп қарап жүр жұрттың маңын.
Сонша қарап тапқаны сынық ине,
Және біраз таспаның сыдырғанын.


Тастамай алды бала, о да керек,
Қарады көш сүрлеуін енді ертерек.
Соқпақтан көштің ізін тауып алып,
Жүгіріп күн батқанша қақты дедек.


Ымырт болды, қас қарайып, күн де батты,
Бір жерге шаршаған соң келіп жатты.
Қарным ашты деп жылап мырза жатыр,
Азар-мазар дегенде таң-дағы атты.


Екеуі және жүрді зыр жүгіріп,
Кез болды бір өзенге талай жүріп.
Жарлы бала өзеннен балық алды,
Таспаны бау, инені қармақ қылып.


От жақты, балық пісті, тойып алды.
Байбатша қуанғаннан әнге салды.
«Сынық ине, сыдырым таспа» деген,
Мирас боп кейінгіге сонан қалды.


Ел тапты ертең түсте сүрлеуменен,
Еріншектік бітеді жүрмеуменен.
Дүниенің ащы-тұщы дәмін татпай,
Не болдың еш нәрсені білмеуменен?


Не қылды, байқадың ба, піскен адам?
Қор болар үйде отырып өскен адам.
Қиялап қиын жерде сол озады,
Көп жол көріп, басына іс түскен адам.
 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу