Өлеңдер ✍️

  06.04.2021
  329


Автор: Шәкәрім Құдайбердіұлы

Насихат

Балаңа ғылым үйрет жас күнінде,
Досыңа жақындама мас күнінде.
Халқыңа қайрылар деп насихат айтпа,
Ел бұзық, ерегескен, қас күнінде.


Алған соң әбден қызып, сөз ұқпайды,
Сүзекке елеуреген ем жұқпайды.
Аз басыла бергенде, ал қолыңа,
Қызу кезде сөз ұқпай қылжақтайды.


Панала, пәле шықса, басың сақтап,
Ойлама оңамын деп екі жақтап.
Мастығынан айыққан кезін аңдып,
Ап-аман қара да отыр атың баптап.


Ол кезде ептеп алма жалғыз тиын,
«А, құдай, есін кіргіз» де де – сыйын.
Мастың малын жеймін деп, жаныңды жеп,
Тәңірі алдында өзіңе болар қиын.


Біреу тисе, құтылар қамыңды ойлан,
Сонда-дағы дәм татпа жынды тойдан.
«Бүлінгеннен бүлдіргі алма» деген,
Ел бұзылса, момын бол қоңыр қойдан.


Елді бұзған не десең – кетті наным,
«Ант ұрды ма?» деген сол, ұқсаң, жаным.
Бір көзің бір көзіңе сенбеген соң,
Аңдиды ана көздің не қылғанын.


«Ол үйтсе, мен бүйтем» деп дайындап тұр,
Барша жан соған бола бәле ұстап жүр.
Біреуді сендіре алмай, не сене алмай,
Бірін-бірі жаралап ойменен құр.


Бірлік түгіл иман жоқ, наным кетсе,
Жуымас алдайды деп бір бұлт етсе.
Жаулық түгіл жанжал да шықпас еді,
Ант етпей-ақ айтылған сөзге жетсе.


Адалдың жолы болар заман бар ма,
Жем болдық шын жексұрын надандарға.
Адастың деп отырмын айғай салып,
Бар тапқаным сол болды, амал бар ма?


Осы күнде қазақтың бәрі де мас,
Жақсылардың біріне біреуі қас.
Атқа мінген жігіттен үмітім жоқ,
Сөзімді ұқса, ойланар кейінгі жас.
 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу