Өлеңдер ✍️

  06.04.2021
  658


Автор: Шәкәрім Құдайбердіұлы

Мал жимақ

Мақтан үшін мал жима, жан үшін жи,
Қазаққа көз сүзбестің қамы үшін жи.
Арың сатпа, терің сат, алалды ізде,
Ғибадат пен адалдық, ар үшін жи.


Ерінбесең еңбекке, дәулет дайын,
Жаратқан жоқ жатсын деп бір құдайың.
Ойласын деп ой берді, көруге көз,
Аяқ берді, тапсын деп басқан сайын.


Үйде отырып салғанмен сары уайым,
Тілегенің тұра ма саған дайын.
Жүріп-тұрып, ойланып істеп көрсең,
Харекеттің білесің соңда жайын.


Жатып ішкен – жан тыныш, салғырт-салақ,
Оған арам – харекет, ой ойламақ.
Іздемеген кісіге қайдан келсін
Таза киім, жылы орын, тәтті тамақ.


Егін сал, не сауда қыл, малыңды бақ,
Білім білмек – әр іске шебер болмақ.
Қол өнерден пайда қыл үйреніп-ақ,
Кетпес дәулет осы ғой Құдайға хақ.


Қол өнер өзің өлсең бірге өледі,
Сонда-дағы қалғандар үйренеді.
Сен кетсең де өнерің елде қалып,
Талай жанға азық пен мал береді.


Әрі ермек, әрі пайда, әрі дұрыс,
Демейді қол өнерді ешкім бұрыс.
Көрінгенге көз сатып жалынғанша,
Күндік өмір қалса да соған тырыс.


Деп ойлама бұйрықсыз дәулет қайда,
Жалықпай талап етсең – дайын пайда.
Адал қол аштан өлмес, құры қалмас,
«Жүрген алар» деген ғой бір Құдай да.


Талаппен адал істі істемекпіз,
Тапсырдық бір Аллаға біз демекпіз.
Ындының таза болса, именбеңіз,
Дәулетті осылайша іздемекпіз.


Құдайдан арам істі тілемек жоқ,
Үйтсең тиер кеудеңе бір жаман шоқ.
Ұялмай Құдай атын атаймысың,
Нәпсіңе еріп жеп жатып бір арам боқ.


Құдай таза жаратты, сен таза бол,
Ұқсаң, анық айттым ғой, бұл – тура жол.
Мақтан күйлеп, арамнан мал жинасаң,
Орның – дозақ, сорлы, сен, айтқаным сол.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу