Өлеңдер ✍️

  06.04.2021
  336


Автор: Шәкәрім Құдайбердіұлы

Достыңыз зор, дұспаның қор...

Достыңыз зор,
дұспаның қор,
Бар тiлекке жетсеңiз.
Сансыз бақыт,
алтын тақыт,
Барша жаннан өтсеңiз.


Қалса уайым,
болса дайын,
Ненi талап етсеңiз.
Бәрi қайда,
несi пайда,
Түк ала алмай кетсеңiз.


Дүние қу –
бiр ағын су,
Түстiк онда шөп болып,
Күнде ағамыз,
сандаламыз,
Бейнетiмiз көп болып.


Кейде тасқа
кейде ағашқа
Соқтығамыз дөп келiп.
Суынан да‚
уынан да
Құтыларымыз жоқ болып.


Дүние ағып,
сусыл қағып,
Фәни көлге құйылар.
Бiрi ерте‚
бiрi кешке
Шөп те келiп жиылар.


Көлге барып,
тыным алып,
Бәрi сонда жиылар.
Алды тыныс,
болды тыныш,
Су ағыны тыйылар.
 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу