Өлеңдер ✍️

  06.04.2021
  341


Автор: Нұрбол Бимұрзаев

Өмір жолы

Өмір деген тылсым жол, таусылмайтын сырлары,
Белең алар бұл жолда, сан алуан қырлары,
Өткелі көп, баршылық, құздарымен шыңдары
Аяқ бассаң аңдамай, жетерлік өмір сындары


Жолдың басы жастық шақ, соңы қабір мазарат,
Біреуге қабір толған от, ал біреуге толған бақ,
Бақ жолының бастауы, Ислам діні, хидаят,
Нәсібі бар жолаушы нәрленеді жақындап,


Өмір жолы ол сынақ, шыңдайтұғын адамды,
Бейнеті де бары хақ, бейнетсіз ниғмет болмайды,
Тіпті мектеп баласы да, күн түн демей алдағы,
Емтиханды өту үшін дайындығын қамдайды.


Өмір жолы егістік, еккеніңді оратын,
Таңдау, талдау, сан шешім қабылдаудан тұратын,
Ексең егер жақсылық, бақыт құсы қонатын,
Жаман болса амалың, мәңгі азап тұнатын.


Өмір жолы дария уақыт ағыс сарнаған
Адам кеме ондағы ағысында самғаған
Өкініші өткеннің кеудені жеп жалмаған
Үміт берер ертеңге мұрат мақсат сан арман


Өмір жолы өте қысқа, мәңгі болмақ ахірет,
Қапы қалып ақиқаттан тартып жүрме қасірет,
Ата-анамен ұстазыңның батасын ал, қыл құрмет,
Біліп білмей жасап қойған күнәларға тәубе ет!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу