Өлеңдер ✍️

  06.04.2021
  316


Автор: Есенғали Раушанов

ҚАЗАҚ АУЫЛЫ

Ақ қашып, қызыл қуған заманым-ай,
Заманның таба алмадым амалын-ай...


Сол кездің өлеңі


1. Сәскеде


Ыспа кұм ысылдаған төңірегі,
Біздің ел сырт хабардан не біледі?
- Ағы кім?
- Қызылы кім?
- Ит біліп пе?
Әйтеуір, қазақ
емес көрінеді.


Кепкен шал балағаттап, өжектейді:
- Апыр-ай,
бұл
иттерге не жетпейді?
Біреумен соғыспап па ед ана жыл да,
Бірі жығып, бірі құлап кезек, - дейді.


- Дегенмен,
жаугер халық осы немең.
- Бар ма екен, сірә,
осыңның досы деген?
- Қу соқа,
арық өгіз айдағаны,
Ай, бұлар ұрысып жүр несіменен?


Иен дала шет-шегі жоқ паң көсіліп,
Сәріден жел айқайға салды есіріп.
Көз жұмды шықпай жатып сәби күн де,
Құм жатыр есік алды мәңгі есіліп.


Селеудің кімді күтіп сарғайды өңі,
Ителгі үркіп ұшты самғай бері,
Ит үрді,
қой маңырап,
түйе боздап,
Кепкен шал қырға қарап «Алла-ай» деді.


Шыққанша «не болдылап» тұмақтылар,
Құйылып келіп қалды кіл аттылар.
Келді де маған тиді аш бөрідей,
Тұрған жоқ жөн-жосығын сұрап бұлар.


Атаман аттың басын бері бұрып,
Жымиды
(не түсінді, нені біліп?):
- О, сорлы Россия,
сенің иең
осылар болмақ енді, - деді күліп.


Ел емес,
көктен түсіп «құдай» келді,
Құдекең
атаман боп сыбай келді.
- Мұның не,
Орысжан-ау, - дегенінше,
Кепкен шал - кескен терек құлай берді.


- Уа, батыр,
жөніңе кет, жылқыңды ал да,
Жылқыдан басқа менің мүлкім бар ма? -
Бишік бір ыс-с ете қап,
өшірді үнін,
Би аға сауға сұрап ұмтылғанда.


Қоқайма бөрік алды үйді кілең,
Барқ етті -
бәйбішеге тиді білем.
Шуылдап тағы бір үн шығып жатты
Қамысты айырғандай сүйрігінен.


Астында көп бишіктің жылқы кетті,
Кеткен мал кең даланы дүркіретті.
Қайнады зығырданы,
қапы қалып,
Тістенген
есіл құмның жұрты кекті.


Жігіттер үнсіз-тілсіз тұрды ұғысқан,
He пайда, шаппаған соң, құр қылыштан.
Басына төңкерулі қазан киіп,
Бас баққан қорқақ шықты бір бұрыштан.


- Бармысың, тірімісің, жарығым-ай,
He жаздық, неден жаздық тағы, Құдай.
- Болғанда ағы мұндай бұл итіңнің,
Қызылы қандай болмақ, Тəңірім-ай?..


2. Кешке


Селеудің кімді күтіп сарғайды өңі,
Ителгі үркіп ұшты самғай бері.
Ит үрді шабаланып.
Бұл не тағы?
Кепкен шал қырға қарап «Алла-ай» деді.


...Айт-айтпа,
бәрі дағы Хақтың ісі,
Басылды бір дүрлігіп сақ құм іші.
Жүрісі «жау емеспіз» дегенді айтып,
Көрінді қырық қаралы атты кісі.


Бел асып,
бері қарай бұрылды олар,
Тұр, кәне,
алдынан шық,
жүгір,
қол ал!
Ауылыңа конақ келді,
жарыл,
қазақ,
Кім білген,
қырықтың бірі қыдыр болар.


Жылмаңдап ұры көсеу отқа кірді,
Аққұман томпаң қағып шоққа мінді.
Ел екен жарымаған деп кетпесін,
төк барыңды.


Жайылды текеметі,
кілемдері,
Қонақты күте алмаса - тірі өлгені.
«Қызылдар екен...» десті ел,
біреу тұрып:
«Сары ғой, қызыл емес, кілең», - деді.


Командир қалды кенет аңдап нені,
Сұп-сұр боп қарады-ай бір барлап бері:
«Бауырсақ,
құрт,
ірімшік,
бағлан еті,
Кедейміз дейді тағы алдап мені».


«Питерде пролетариат ашығуда,
Бұлардың не хұқы бар тасынуға?
Әдейі құм ішінде бөлек отыр,
Астығын,
мал-дүниесін жасыруға».


Ақырын шолды бастық іргені аңдап:
«Қауіпті,
тым қауіпті түнге қалмақ.
Құтырған ақ бандының апаны бұл,
Әйтпесе,
олар күшті кімнен алмақ?»


Ашуы атты тастап,
таққа мініп,
Орнынан атып тұрды жатқан ұлық.
Домбыра сұлап
қалды мыңқ-мыңқ етіп
Аппақ боп шұбат қалды ақтарылып.


Ду етті тоймаған бар,
тойғандар бар:
- Апыр-ау,
неге асықты...
сойған мал бар...
Командир кер тұғырға
қарғып мінді:
- Апанын ақ
бандының ойрандаңдар.


Деген жоқ біреуі де «бүлік бұл іс»,
Жалтылдап ойнап берді қырық қылыш
...Қолатта ауыл қалды ойран болып,
Құм қалды ішке сырын бүгіп тыныш.


Құм жатыр ішке бүгіп ұлы сырды,
Суық жел сумаңдайды ұры сынды.
Сенделген еркек кіндік үйге кірмей,
Тасқа шап, жау кеткен соң, қылышыңды.


- Әулие-әмбиесі,
тамам пірі,
Ел едік ақтан ішкен адал түбі.
Әй, Құдай, бар екенің
рас болса,
Біреуін жолықтыршы маған тірі.


Балалар ойнамайды қозы-лақпен,
Боз жігіт жоғалады безіп атпен:
Қырық емес,
маған десе, сексен болсын,
Қайта бір көрінсеңші
көзіме, әттең.


Жара ғой ем-дауасы табылмас бұл,
Алғандай төңіректің бәрін қасқыр.
Көйлегі алау-далау,
өңірі ашық,
Қобырап қара шашы қарындас тұр.


Қарындас жыламайды, қарғанбайды,
Қарындас - тас боп қатып қалған қайғы.
- Жаба гөр абыройыңды, айналайын! -
Қасында кәрі анасы қалбаңдайды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу