05.04.2021
  227


Автор: Сәкен Иманасов

Бижанбай баба қалқаны туралы хикаят

Масахана құрылған арбаның үстінде жатырмын. Рахат! Жымыңдаған жұлдыздар. Шырылдаған шегіртке. Бір-бірін түгендегендей шәуілдей, шабалаңдай, арсылдай үрген иттер. Кімнің иті екенін даусынан-ақ танимын. Қайырқожаның төбеті тынышталса болғаны, Шәкен атамыздың сарыала қаншығы іліп әкетеді. Оған төбе етегіндегі үйлердің күндіз көлеңкеден шықпайтын бұралқылары қосылады. Сәлден соң «жау кетті» дегендей дүрлігіп барып басылады.


Айналма жол үстінде жүйткіген автокөліктер. Тіркемелі ауыр жүк көлігінің, жеңіл иномарканың, кәдімгі «москвичтің» өтіп бара жатқанын, көрмесем де, даусынан-ақ ажыратамын.


«Маусымның онында келемін» деп кеткен қалалық досым Сержан ойыма оралды. Бүгін — тоғызы. Ертең келуі керек. Төртінші сыныпқа барғалы көріскен жоқпыз. Өткен жылы да осы мезгілде келіп, екі ай уақытымызды ауылда бірге өткізгенбіз. Басқа балалардай емес, біздің үйге, маған үйір.


Сипалап, жастықтың астын тексердім. Сап-салқын ұялы телефонымды қолыма алдым да, сағатқа қарадым. Он бірден он жеті минут өтіпті. «Ұйықтау керек» дедім күбірлей сөйлеп. Қайда-а-а?! Жақтары бір талмайтын төбеттердің үні өз алдына, Сержан досымның ойыма оралғаны сол, ұйқым шайдай ашылды.


Бұрынғысы есімде жоқ, үш жылдан бері ала жаздай жұбымыз жазылмайтын айнымас досқа айналғанбыз. Абажадай «жіп» машинасымен әкесі әкеп тастайды. Әжібай атасы бізбен көрші. Сержанның келуі — ол үйге ғана емес, бүкіл ауылымыз үшін үлкен той. Бәріміз сол үйдің ауласына жиналамыз. Машинасынан қорап-қорап жүк түсіріліп болған соң, үлкендер айтқандай, «қағанамыз қарқ, сағанамыз сарқ» боламыз да қаламыз. «Марс», «сникерс», «кока-кола», «буратино» дегендерің қолдан-қолға өтеді. Үлесіміз түгесілгенше үйді-үйіміздегі дастархан үстінде тұратын пірәндік, пешение дегендерге мұрын шүйіре қараймыз. Әрине, бұл әркімнің пешенесіне жазыла бермейді. Үлесін алған балалар қолындағыларын сол күні-ақ тауысады да, ертесіне Сержан екеумізді жағалайды. Немересі екеуміз нағыз дос болған соң Әжібай атамыздың тәтті-дәмділерінің барлығы маған да ортақ. «Ертең келуі керек» деп тәтті қиялға берілген күйі қалай ұйықтап қалғанымды да байқамаппын.


***


Көзіме күннің шуағы құйылып, ояна кетсем, уақыт сәскеден ауыпты. Жаппа астындағы ошақ басында, әжемнің қасында шай ішіп үш-төрт адам отыр. Менің арбадан түскенімді байқаған шешем:


— Апасының еркесі оянған екен ғой, — деп дауыстады да, ошарыла маған қараған ересектерге сыбырлай, әлденелерді айта бастады. Ағашқа шегеленген қол жуғыштағы суға саусақтарымды тигізіп, жуынудың мезіретін жасадым да, отырғандарға беттедім.


— Кел. Шай ма, сүт пе? — деді көрпенің шетіне жайғаса берген маған ыдыс-аяғын ыңғайластыра бастаған шешем.


— Сержан әлі келген жоқ па? — деп сұрадым шешеме жауап қатпастан.


— Сержаны кім? — деді босаған шынысын келініне қарай сырғыта салған әжеміз.


— Сержан ше?! Әжібай атамның немересі.


— Е-е-е, — деді әжем. — Келген мәшін көрінбеді ғой.


Анамның алдыма қойған бір кесек наны мен бір шыны сүтін сіміріп тастап, орнымнан тұрдым.


— Әй, апасының еркесі. Арқандаулы бұзауды босата салшы, — деді үйге қарай беттеген маған апам.


 Анамның айтқанын естімегендей қалтамдағы ұялы телефонымды алып ұзай берген едім:


— Әй, жүгермек, шешең саған айтып отыр ғой, — деген әжемнің қатқыл даусы естілді. Тетігін енді ғана басқан телефонымды өшірдім де, ауылдың қарсы бетіндегі алаңқайға бет бұрдым. Ұзай бергенім сол, ауылдың ана басынан ащы да зарлы дауыс естілді. Бикен апамыз екенін көрмесем де, даусынан таныдым.


— Ойбай-ай! Сорлы қылған қу құдай, ойбай-ай!.. — деген тосын үн мені ғана емес, жаппа астында отырған ересектерді де орындарынан жұлып алды. «Не болды, ойбай, не боп қалды?» деп үрейлене көшеге шыққан жұрт Бикен апамыздың үйіне қарай жорта жөнелді.


Арқандаулы бұзауды босатып жіберіп, құстай ұшқан күйі мен де жеттім. Аппақ кимешегінің астынан дудырай шығып тұрған қудай шаштарын жұлмалай жылаған апамызды бір қауым ел қоршап алыпты. Біресе шашын жұлып, біресе тарамыс қолдарымен екі санын соққылай безектеген апамыздың нендей күйге тап болғанын ауыл жұрты біразға дейін біле алмады. Әлден уақытта аузына су тамызып, жөн сұраған келіндерінің бірі — сампылдақ Сақан:


— Ой, құдайым-ай, сол ма? Бүкіл жұрттың зәресін алатындай сол домалақ қаңылтыр кімге дәрі? — деп орнынан көтеріле берді. «Не бопты, не, не?» десіп елеңдескен көпшілікке қарай бұрылған сампылдақ Сақан сөзін қайта жалғады: — Не болушы еді, сүйегі баяғыда қурап қалған атасының қалқанын — әлгі нан жабатын табаға ұқсаған қаңылтырды таппай зарлап отырған көрінеді. Алжыған шығар. Осынша адамды дүрліктіріп...


Жасы келген адамның жаманат хабар емес, болымсыз дүниеге бола зарлағанын ұнатпағандай жұрт та тарай бастаған еді. Апамыздың таңғы ауаны қақыратқан ащы даусы қайта шықты.


— Әй! — Бикен апамыздың елден ерек шыққан әмірлі де ащы даусынан селк ете түстім. Әдетте байыппен, майда сөйлейтін әжеміздің аузынан мұндай ащы үн шығады деп ешкім ойламаған болар, ұмар-жұмар қозғала бастаған жұрт естерін жиғандай бойларын тіктеді.


— Әй! Көргенсіз! — Қандай күштің әсер еткенін кім білсін, әйтеуір әлдекімнің көмегінсіз орнынан көтеріле алмайтын Бикен апамыз оты өшкен жанарлары үрей шашқандай атып тұрған бетте қолындағы таяқты көтере сампылдақ Сақанға тұра ұмтылды. — Тірідей өлтірді-ау мына көбейгір, «қаңылтыры» несі-ей! Қалқан ғой ол, қалқан! Батырдың қалқаны! Халқымның қалқаны! Өй, жетесіз өңкей. — Екі иығынан ауыр демалған оның одан әріге шамасы жетпеді-ау деймін, ентігіп барып тоқтады. Ауылдың ұрысқақ әйелдеріндей емес, Бикен апамыздың ерекше ашуланғанда, әлдекімге ренжігенде айтатын «көбейгірін» естіген соң, шындығында да асыл дүниесінен айрылғандығын бәріміз де ұққанбыз. Екі-үш адам сүйемелдей көтеріп үйіне қарай жөнелді. Андыздай жеткен жұрт аяғы да сиреді. Бағанадан бері әлдекімнен жасқанғандай менің ығымды паналап тұрған Асқар — Бикен апамыздың немересі қолын ұсынды. Амандасқан түрі.


— Не болды? — деген сұрағыма Асқар мандытып жауап қата алмады. Бар ұққаным — әжесі қастерлеп төр алдына іліп қоятын қасиетті қалқан — батыр бабамыз Бижанбайдың қасиетті қалқаны ұшты-күйлі жоғалыпты.


— Үйлеріңе ұры түсті ме? — деп сұраймын мен де.


— Жо-оқ.


— Онда бір жерде тұрған шығар, — деймін.


— Барлық жерді ақтарып қарадық. Таба алмадық.


— Қашан жоғалды, түнде ме? — деген сұрағыма Асқар иығын қозғағаннан өзге жауап қатпады. Аз-кем үнсіздіктен соң:


— Апамды қаладағы Нұрыш көкеміздікіне апарып салған соң үйді әктеп, сырлауға кіріскенбіз. Артық-ауыс заттардың бәрін клетке, қораға жинағанбыз. Үйді жөндеп біткен соң орны-орнына қойғанда, қорада тұрған әлгі қалқан табылмады. Апамның өзі сандығына салып кетті ме деп онша мән бермегенбіз. Келген бетте төсегіне барып отырған апам кілемге қараса, қалқан жоқ. Бәріміз жабыла үйдегі заттардың арасын, қора мен клетті түгел қарадық, бірақ қалқан табылмады, — деді Асқар. Осы кезде қаша сықырлай ашылды да, пәпкесін қолтықтаған ушасковый көрінді.


— Үлкендер қайда? — деді Асқар екеумізге иек қағып.


— Үйде. Бәрі үйде, — деп орнынан тұрған Асқар мелисаға ілесе есікке беттеді. Состиып жалғыз тұра беруді жөн көрмей, мен де қақпадан аттадым.


 ***


 Түс қайта қаладан Сержанның келгенін естідім. Сағынысып-ақ қалыппыз, құшақтаса амандасып болғанымыз сол, шалбарының қалтасына қол салған ол шағын қорапшаны ұсынды.


— Мынау саған. — Былтыр көргенімдей емес, тікірейте шаш қойып, салмақтана түсіпті. Екі езуі екі құлағына жете арсалаңдай құшақ жайған балаларға қолын беруі де мінезінің өзгергенін байқатқандай. Салқын қабағын, қатқыл мінезін байқаған достарымыз да бұрынғыдай емес, аздан соң елпілдеуден тыйылды. Қолдарына сәлем-сауқаттары тиген соң қашанғы айналсоқтай берсін, бірте-бірте аула да балалардан босады.


— Бұл не? — дедім оңаша қалған соң қолымдағы қорапты ашып жатып.


— Наушник, — деді Сержан. — Сотовыйыңа қосасың.


— Рахмет, — дедім қолымдағы қорапты қалтама салып жатып. — Мен қайтайын, апам іздеп қалар. Ішің пысса, үйге кел.


— Жарайды, — деді де қолын ұсынды.


Ұрынарға қара таппай жүретін Жүніс қақпадан кіре берді. Кері бұрыла берген Сержан да амалсыз іркілді. Жүністен қатты сескенеді.


— Ха! — деді ауладағы екеумізді көрген Жүніс. — Келіп қапсың ғой. Әкел қолды.


Тартыншақтағанына қарамай құшақтаған бетте арқасынан қағып-қағып қойған Жүніс екі иығынан ұстай алып Сержанды сілкілеген болды.


— Маладес! Бұлшық еттерің қатайыпты. Төбелесуге жарап қалыпсың. Өткен жылғы уәдеңді ұмытқан жоқсың ба? Жә-жә! Қалжыңдаймын. Өй, сен шынымен-ақ жігіт болып қалыпсың, — деп Сержанды шыр айналдыра қарап шыққан соң маған бұрылды. — Нағашыма жолығып келдім. Ұрыны табамыз дейді. Бірақ таппайтыны бесенеден белгілі. Ол — әлдеқандай зат емес, батырдың қалқаны ғой. Сондықтан мелисаға сене бермей, қалқанды ұрлаған ұрыны өзіміз іздеп табуымыз керек. — «Нағашым» дегені — ауылдағы ушасковый мелиса.


Әңгіменің байыбына бара қоймаған Сержан бағанағыдай емес, елеңдеушілік білдірді. Сұраулы жүзбен маған қарады.


— Бикен апамыздың үйіне ұры түсіпті. Бижанбай батырдың қалқанын әлдекімдер ұрлап әкетіпті. Бағана сол үйге ушасковый келіп кеткен болатын, — дедім.


— Қалқан дегендерің немене? — деп сұрады Сержан түсінбеген сыңай танытып.


— Сен немене? Батырдың қалқаны, қылышы, найзағы, дулығасы, сауыты болатынын естімеп пе едің? — Жүністің үні бір жағы таңырқаулы, бір жағы қатқылдау естілді.


— Қалқан — это щит что ли? — дегені Сержанның.


Басынан сөз асырмайтын Жүніс:


— Әй, сен, городской, батырдың қалқанын білмеймісің? — деді ежірейе қарап.


— Неге білмеймін. Білемін, — деді Сержан ағат кеткенін сезгендей. — Центральный музейден көргенмін. Мынандай круглый қаңылтыр, бетінде әр түрлі жапсырмалары болады.


— Қаңылтырың не-ей сенің? Музей дейді ғой. Оларың музейге әркім әкеліп қойған заттар шығар. Ал Бикен апамыздың үйіндегі — Бижанбай бабамыздың қолына ұстаған нағыз құрсаулы қалқаны. Оның қанша тұратынын білесің бе?


— Но... — деп басын қисайта ойланған Сержан сөзін аяқтағанша Жүніс киіп әкетті.


— Но емес, былтыр Алматыдан бір топ комиссия келіп Бикен апамызға бірнеше мың доллар ақша ұсыныпты. Бірнеше мың доллардың қанша болатынын сен өзің білесің бе? Оған аудан орталығынан үй сатып алуға болады екен. Ал сен «но» дейсің.


— Бермеп пе?


— Неге береді. «Бұл — бабамның көзі, халқымның өзі» дегенін өз құлағыммен естігенмін. Ол ақшамен есептелмейді. Ұқтың ба? Ол — бүкіл Бижанбайлықтардың мұрасы.


— Подумаеш... — деп басын кекжите берген Сержанның жағасына жармаса кеткен Жүніс енді болмаса алып соғар ма еді, абырой болғанда қақпа шиқылдай ашылды да, екі-үш адам дабырлай аулаға кірді.


— Сен, Жүніс, неге ренжисің? Мен жаман сөз айтқан жоқпын ғой. Жай ғана жөн сұрадым.


— Жөн сұрадым дейді ғой. Бижанбай бабамыздың кім болғанын білмесең, онда сен бізге туыс та, дос та емессің.


Ағат кеткенін сезген Сержан екеумізге жалтақтай қарап алды да «тоқтай тұрыңдар» дегендей қолын көтеріп, үйіне тұра жүгірді. Сәлден соң әлдебір түйіншекті ұстап қасымызға келді.


— Мынау саған подарок, — деп әлдебір қорапты Жүніске ұстатты. Ауыл балаларынан алып үйренген Жүніс асықпай орауды ашты да, алдымен қорапты салмақтап көрді.


— Нешауа, — деп алды да қораптың өзін ашты. — Ха! Мынау сотовый ғой. Ойыншық па мынау, шын сотовый ма? — деп біресе Сержанға, біресе маған қарайды.


— Сотовый телефон. Саған әдейі сатып алдым. Мамамның тамаққа деп берген ақшасын түгел жұмсамай жинастырып, қайтарда төрт жарым мың теңгеге алдым, — деп Сержан да мәз-мәйрам болды. Жүністің қуанғанын көрсең — өзін балалар арасында салмақты, орнықты ұстайтын, бостан-бос күле бермейтін Жүніс сықылықтай күліп, ұялы телефонды айналдыра қарай бастады.


— Мелиса нағашым жаз бойы қойдың кезегіне шықсаң, күзде алып беремін деп еді. Енді өзі бақсын өз қойын! Келші, — деп екі қолын жайып жіберіп Сержанды құшағына қысты. — Енді екеуміз төс түйістірген дос болдық. Бұдан былай саған бір адам тиіспейді.


Жаңа телефонды қызықтап мәре-сәре болдық. Бір-бірімізге қоңырау шалып сөйлесіп те алдық.


— Ха! Мынау қатып кетті-ей! — Жүністің қуанышы басылар емес. Көңілімізді тапқанына Сержанға іштей рахметімді айтудамын. Аздан соң аптығымыз басылып, әңгіме арнасы жоғалған қалқанға ауысты.


— Бижанбай бабамыз батыр болған дедіңдер ме? — деп сұрады Сержан.


— Не, әке-шешең бабамыз жайында айтпады ма? — Телефонын біресе қалтасына салып, біресе қолына алған Жүніс таңдана қарады.


— Бір-жар рет естігенмін. Бірақ қандай батыр болғанын білмейді екенмін.


— Онда тыңда, — деп бізді ілестірген күйі қоршау іргесіндегі дөңбекке жайғасқан Жүніс әңгіме бастады. — Бижанбай бабамыз сонау жоңғар шапқыншылығы кезінде Қабанбай, Баян батырлармен бірге ерекше ерлік көрсетіпті. Найза мен қылышты, шоқпар мен айбалтаны бірдей сермейтін үш жүз сарбазымен бірге жаудың үрейін ұшырады екен.


— Үш жүз деймісің? Онда ол қолбасшы емес, кәдімгі батырлардың бірі ғана болғаны ма? — Сержанның аузынан осы сөздің шығуы мұң, құшақтасып дос болғанын ұмытқандай орнынан атып тұрған Жүніс көздері ежірейіп үстіне төне берді.


— Қой, Жүніс! — дедім мен даусымды қаттырақ шығарып. — Бабамыздың мыңбасы, түменбасы болмағанымен, есесіне ұрымтал тұста дұшпанды қырып салатын арнайы жасақты басқарғанын Сержан қайдан білсін? Ежіреймей, жайымен түсіндірсеңші.


Сабасына түсіп, орнына жайғасқан Жүніс Бижанбай бабамыздың ерліктерін, жоңғар батырларын жекпе-жекте қалай жер жастандырғанын, өздерінен бес-он есе көп жау әскерінің құтын қашыра шабуыл жасағанын, Қабанбай батырдың сенімді серігі болғанын өзі де солардың ішінде жүргендей-ақ жұлқына отырып әңгімелей бастады. Жүніс шынында да әңгіме айтуға шебер-ақ. Әр сөзін қимыл-әрекеттерімен әсірелей баяндағанда қарап отырған балалар қопаңдай көтеріліп, даурығысып-ақ қалатын.


— Бижанбай бабамыз тұтқиылдан шабуыл жасайды екен де, бейқам жатқан жоңғарларды қойға тиген қасқырдай қырып салады екен. Кім көрінгенді жасағына қабылдамайтын көрінеді. Өзі ғана сынақтан өткеріп, бес қаруын бірдей қолдана алатын, тақымы мықты, екі-үш тәулік ат үстінен түспей жортуға төзімді жігіттерді ғана таңдап алған ол қарамағындағы жасақ санын үш жүзден асырмапты. Бикен апамыз айтқандай, сап-сары жезден көз орнатқан қалқанын күнге шағылыстыра төбе басына шыға келсе болғаны, шабуылдап келе жатқан жоңғарлар «ойбай, Бижанбай батыр келіп қалыпты» деп тым-тырақай қаша жөнеледі екен. «Қалқанында қасиет бар» деп қарсы келген дұшпан қоян-қолтық шайқасуға батпайтын болыпты.


— Енді білдің ғой Бижанбай бабамыздың кім болғанын? — дедім Сержанға қарап. Ол басын изеді. — Сол қалқанды қайтсек те табуымыз керек. Жүніс, сен бабамыздың жоңғарларды қалай жаяу қалдырып, алға сала айдап келгенін әңгімелеп берсеңші, — дедім Жүніске.


— Ха! — Екі иығын қомдап, атқа мінгендей қопаңдаған Жүнісім Сержанға төне түсіп әңгімесін жалғастырды. — Сен Бижанбай бабамыздың ұрпағы емес секілдісің-ау. Солай ма?


— Неге? Атамнан біз Бижанбай тұқымынанбыз дегенді естігенмін.


— Онда «подумаеш» деп мұрныңды неге шүйіресің? Егер ұрпағы болсаң, тыңда. Бірде Барақ сұлтан үш мың жоңғар сарбаздарының Итішпес көлінен бері өтіп, Арқаға бет түзегенін естиді де, бейбіт жатқан жұртты жау табанында қалдырмас үшін үш жүз жасағымен Бижанбай батырды жұмсайды. Дұшпандарды алыстан аңдып, оңтайлы сәтін күткен бабамыз өзінше бір амал қолдануды ойлайды. Үш мың адамға үш жүз сарбазбен қарсы шапса, жеңе алмайтынын түсінеді де, тірідей бірнеше қасқыр ұстап әкелуге он адамын жұмсайды.


Әңгіменің әсер еткені бірден байқалды. Басында немкетті, селқос қана тыңдаған Сержан елегізіп, елеңдей бастады.


— Бірнеше күн бойғы суыт жүрістен аттарының болдыра бастағанын байқаған жоңғар қонтайшысы жауынгерлерін ереуілге тоқтатыпты, — деді Жүніс одан әрі. — Бабамызға да керегі осы екен. Жіберген сарбаздары сол күні көз байлана бергенде төрт қасқырды тірідей ұстап әкеліпті.


— Қасқырды не жасамақшы? — Сержанның үнінен таңданыс байқалды.


— Тыңдасаңшы! Батыр бабамыздың тапқырлығы да, міне, осы қасқырларға байланысты. Қалмақтарша киінген елу сарбазды білдірмей дұшпанның ішіне жібереді де, қалған әскерімен он-оннан матап тастаған мініс аттарының ту сыртына шығады. Әлгі елу сарбаз жылқы күзеткен қалмақтармен араласып кетеді де, матаулы мініс аттарын босата бастайды. Барлық жылқыны босатып болған соң батыр бабамызға қасқыр болып ұлып белгі береді екен. Осыдан соң өздері таңдап жүріп елу тұлпарға мінеді де, қалған әскерге қосылады. Матаудан босаған жылқылар жайыла бастағанда бағанағы төрт қасқырды босатып, қиқулаған күйі жылқыларға қарай қуалай бастайды. Әбден машықтанған сарбаздар қасқырша арпылдап, жан-жақтан ұли жөнеледі. Мұндайды күтпеген жылқылар бет алған жаққа безіп жоғалады. Сарбаздардың бір бөлігі үдере жосыған жылқыларды қуалаған күйі жау әскерінен қашықтау жаққа айдап әкетеді де, қалғандары жаяу-жалпы сенделген қалмақтарға атойлап шабады. Аттарына жүгіріп, бірде-бір жылқының жоқ екенін көрген олар қараңғыда кімнің дұшпан, кімнің дос екенін айыра алмай, бір-бірімен кескілесе бастайды. Құйғытқан беттерінде жаяу қалған қалмақтарды қынадай қыра берген біздің сарбаздар таң ағара ұрысты тоқтатса, Барақ сұлтанның көмекке жіберген қалың қолы тірі қалған дұшпандарды қоршап алған екен, — деп әңгімесін аяқтады Жүніс.


Бойында бағанағы тәкаппарлықтың ізі де қалмаған Сержан одан әрі не болғанын сұрап еді, жалыққан болуы керек, «қалғанын кейін естисің» деген Жүніс әңгіме арнасын басқа жаққа бұрып әкетті.


— Қалқанды қайтсек те табуымыз керек, — деді Жүніс. — Мелиса нағашымның айтқанына қарасам, бұл бір адамның емес, ұйымдасқан қылмыскерлердің, қылмыскер болғанда да өрмекшінің торындай бір-бірімен байланысқан арнайы топтың әрекеті көрінеді. «Ұрыны ауылдан емес, алыстан іздеу керек» деген нағашымның айтқанында әлдебір гәп бар секілді.


— Ол да мүмкін, — деді Сержан. — Өзі аса құнды, сирек кездесетін дүние болса, ұрылардың шетел асырып жіберуі де ықтимал. Онда таба алмаймыз.


— Құнды екенінде дау жоқ. Бірақ сирек кездесетін, бағалы зат деуге де келіңкіремейді. Себебі, қалқанның бетіне сап-сары жез көздер орнатылғанымен, ешқандай алтын-күміс, асыл тастар қондырылмаған ғой, — дедім мен де өз жорамалымды білдіріп.


Әрқайсысымыз өз ойымызбен біраз үнсіз отырдық.


— Былай жасайық, — деді Сержан сәлден соң. — Алдымен қалқанды қалай, қай бағытта, қандай тәсілдермен іздейтініміздің жоспарын жасап алайық. Әйтпесе, кімнің үйін барып тінтеміз.


— Дұрыс, — дестік Жүніс екеуміз.


— Онда, Жүніс, сен мелиса нағашыңның іздеу жұмысын қалай жүргізе бастағанын біліп ал. Ал, Өкен, сен Бикен апамыздың немересі Асқарды қасыңа алып, қалқанның ең соңғы рет қай жерде тұрғанын, үйлеріне кімдердің келіп-кеткенін анықта. Ертең осылардың бәрін саралаймыз да, қалқанды қалай іздейтінімізді ақылдасамыз. — Сержанның айтқандары көкейімізге қонғандай болды.


Ешкімге есе жібергісі келмейтін Жүніс аз-кем үнсіз отырды да, келіскен сыңаймен басын изеді.


— Сен өзің нағыз мелиса секілді ойлайды екенсің, — деді бар болғаны.


— Атақты тыңшы Шерлок Холмс туралы кітапты оқып па едіңдер? — деп сұрады Сержан. Жүніс маған қарады.


— Оқығанмын, — дедім мен. — Доктор Ватсон, миссис Хатсон...


— Мен өмірі кітап оқымаймын, — деді Жүніс. — Ылғи өтірік жазады. Жезтырнақ, мыстан кемпір, шайтан дегендерді адамдар ойдан шығарған. Бар болса, біреуіміз соларды көрмес пе едік. Тоғайды да араладым, қамысқа да кірдім, молаға да барып көрдім. Бос сөз. Кітаптар бізді қорқыту үшін өтірік жаза береді. Шерлік Қолмысың кім?


— Ол атақты тыңшы. Талай құпия-сырларды қиналмай ашып, ұрлықтың мәнін бұлжытпай болжайды, — деді Сержан.


— Жарайды, ол Шерлігіңнің біздің қалқанға қатысы қанша? Немене, сен оны қаладан шақырайын деп пе едің? — Жүніс сұраулы жүзбен Сержанға қарады. Мырс-мырс күлген Сержан бүлдіріп алмасам жарар еді дегендей, қабағының астынан Жүніске барлай қарап, әңгімесін жалғады.


— Шерлок Холмс, ол баяғыда өмір сүрген адам. Мен кітапта жазылғандарын ғана оқығанмын. Бірақ керемет тыңшы болыпты, — деді ол.


— Жарайды. Сен-ақ Шерлік Қолмыс бола ғой. Тағы кім дедің?


— Доктор Ватсон.


— Мына Өкен доктор Ватсон болсын. Өзі де докторға ұқсайды. Тағы кім бар?


— Миссис Хатсон, — деді Сержан.


— Месис Қатсоныңның аты жақсы екен, — деді әлдене ойлағандай төбе жаққа көз салған Жүніс. — Месис Қатсон. Қатып тұр. Месисіңді «Мүйізді» деп өзгертсек, онда мен-ақ Мүйізді Қатсон болайын.


Басқаны күтсек те Жүністен мұндайды күтпеген едік. Сержан екеуміз бір-бірімізге қарадық. Әлдене айтпақ болған қалалық досымды ымдап тоқтаттым да, көмейге кептелген күлкіні әрең тежеп, сөзге араластым.


— Мисис Хатсон боламын деймісің?


— Месис емес, Мүйізді Қатсонмын. Айтпақшы Қатсондарың да тыңшы ма? — деді Жүніс екеуміздің күле алмай қыстығып отырғанымызды байқап қалғандай. Миссис Хатсонның еркек емес, үй иесі әйел екенін айтсақ, бәлеге қалатынымызды ұқтым да, өзімді-өзім сабырға шақырып Сержанның алдын орап кеттім.


— Ашатын қылмыстарының кімнен келгенін үйде отырып болжайды екен де, Шерлок Холмсқа жөн-жобасын көрсететін көрінеді. Ватсон екеуі Хатсонның айтқаны бойынша қылмыскердің ізіне түсіп, қолға түсіреді екен, — деп соғып жібердім.


— Ха! Тура мен ғой, — деді Жүніс көңілі жайланғандай. — Сен екеуің қалқанды ұрлаған адамның ізіне түсесіңдер, ал мен сендерге не істеу керектігін айтып отырамын. Болды. Келістік. Сен Сержан ертеңге дейін қылмысты ашудың жобасын қағазға түсір. Сағат онда бас қосамыз да, талқылаймыз. Одан әрі не істеу керектігін екеуіңе түсіндіремін.


Осыған уағдаласқан үшеуміз үйді-үйімізге тарастық. Ауылдың малы да өрістен қайта бастаған еді.


 ***


 Әкеміз шауып әкелген бір арба жас шөпті күн көзіне жайып жатыр едім, қалта телефоным шырылдай жөнелді.


— Мен Мүйізді Қатсонмын, — деген қатқылдау дауыс естілді. Қарқылдай күліп жібере жаздап, өзімді-өзім әрең тежедім.


— Тыңдап тұрған доктор Ватсон, — деймін мен де.


— Сен қасыңа Асқарды ертіп, нағашымдікіне кел. Жаңалық бар, — деді Жүніс-Хатсон.


Шөпті жаймалап болдым да, Асқарды ертіп, уағдаласқан жерге жеттім. Сержан мен Жүніс қораның көлеңкесінде әлдебір қағазды шұқшия оқып отыр екен.


— Сәлем!


— Сәлем, — деді Жүніс-Хатсон қолын ұсынып. — Біз бірнеше жоспар жасадық. Бірақ мына Шерлік Қолмысың айтқанынан қайтар емес.


— Сонда не дейді?


— Ал тыңдаңдар. Қалқан қолды болған күннен бері маскүнем Хасен де ұшты-күйлі жоғалыпты. Нағашым ертеңгісін үйіне барған екен, әйелі зар жылап, ештеңе түсіндіре алмапты. Нағашымның айтқанына қарағанда, маскүнем Хасен бірнеше бөлке нан, бір баклашка айран мен піскен ет алып, таң атпастан бір жаққа кетіпті. Қайда бара жатқанын әйеліне де, балаларына да айтпапты. Бір қапты арқалаған қалпы ел тұрмай жатып батысқа қарай кетіпті де, содан бері үйіне қайтпапты. Тағы да ішіп жүрген шығар деп жорамалдаған әйелі көрші-қолаң, ағайын-туыстардан сұрастырса, ешкім көрмепті. Арақты бірге ішетін достары да білмейді.


— Мұның бізге қандай қатысы бар? — деп сұрап қалды Асқар.


— Ха! Болғанда қандай! Осыны естіген соң нағашым «Міне, ізіне енді түстім. Қалқанды ұрлаған — Хасен. Қалайы, мыс, түрлі-түсті темір-терсектерді қапқа салып алған ол қалаға алып барып өткізеді де, сылқия арақ ішеді. Қалқанның өзі темірден соғылған, бетіне сары жезден көздер жапсырылған» деген еді. Тұп-тура солай. Айдың-күннің аманында айдаладағы біздің ауылға асыл дүниені ұрлайтын ұры қайдан келе қалып еді?! Ұрласа, ықылым заманнан бері Бикен апамыздың қолында қасиетті қалқанның бар екенін естіген ұрылар үптеп кетпес пе еді?!


Жүністің айтқаны көңілімізге қона кетті. Рас-ау, Бижанбай бабамыздың қалқанын білмейтін, тіпті көрмеген адам жоқ. Ауылға келіп-кеткен жұрт құран оқытып, қалқанның бетін сипап, дұға жасайтын.


— Бұл да дұрыс, — деді Сержан. — Бірақ біз басқа варианттарын да естен шығармайық.


— Қайдағы уариант, сен де көкиді екенсің. Бос сөздің қажеті жоқ. Ұрлаған басқа емес, Хасен маскүнем екені тайға таңба басқандай. Оған арақ керек, ал арақ ішу үшін ақша қажет. Тек Хасен ғана емес, осы ауылдағы өзге ересектердің де арбалап ескі-құсқы темір-терсекті қалаға апарып өткізгені рас қой. Қазір ауылдан ғана емес, маңайдан да бір бұрау темір таба алмайсың. Бәрін қытайларға өткізіп тастадық. Маскүнем Хасен қолына іліккен қалқанды да осы мақсатпен ала кеткен, — деп Жүніс көнер емес.


Сержанның әлдебір күдіктен арыла алмай отырғаны, бірақ Жүніс-Хатсонға батып сөз айтуға шамасының жетпегені қолындағы қағазды біресе бүктеп, біресе жазғанынан анық аңғарылғандай.


— Ал, Холмс, сенің екінші вариантың қандай? — деп Сержанға бұрылдым.


— Қалқан жай ғана темір-терсек емес. Ол — исторический реликт. Темір-терсек қабылдайтын адамдар да көне дүниелерді кім көрінгеннен қабылдай бермейді. Өздері істі болмау үшін полицияға хабарлауға міндетті. Бәрін жылы жауып қоя салмай, сенің нағашыңның оралуын күтейік. Егер ұрлаған маскүнем Хасен болса, онда қалқанды Бикен апамызға, әрине, қайтарады. Күтейік, — деді Сержан.


Түс қайта ауданға кеткен учасковый да оралды. Нағашысына жолығып келген Жүністің бағанағы екпіні де, сенімі де басылған.


— Темір-терсек қабылдайтын жерге қалқан өткізілмепті, — деді ол. — Хасен де жоқ. Нағашым қаладағы тамыр-таныстарына кіріп шыққан екен, ешқайсысы көрмепті. Арақ сататын дүкендегілер де Хасеннің келмегенін айтыпты.


Ал керек болса! Қалқаннан айрылған ауыл жұрты енді атпалдай азаматын жоғалтып дал болды. Асқарды үйіне қайтарып, үш тыңшы оңаша қалдық.


— Не істейміз? — деді Жүніс-Хатсон амалы таусылғандай Сержан екеумізге қарап.


— Маскүнем Хасен мен қалқанның арасында бір байланыс болуы керек, — деді Сержан.


— Қайдағы байланыс? — Жүніс-Хатсон қолын бір сілтеді. Хасеннің қалаға бармағанын, қалқанды өткізбегенін естідіңдер ғой. Хасен ауқатын арқалап, үйінен кәсіп іздеп кеткен болуы керек. Әйелінің топшылауы солай. Араққа ағайындары қашанғы ақша бере берсін? Ал қалқанның жоғалуы шындығында да ақылға қонбайды.


— Былай істейік, — деді Сержан-Холмс есіне әлдене түскендей. — Мен интернетті ақтарып, көне жәдігерлерді кімдердің қай жерде қабылдайтынын анықтайын. Солардың ішінде ертедегі батырлардың сауыт-саймандарына, қару-жарақтарына қызығатындардың кімдер екенін білуімізге болады. Осылайша барлау жасап көрелік. Ал сен, Өкен, Асқардың үйіне барып ең соңғы рет қалқанның қай жерде тұрғанын, кімдердің келіп-кеткенін анықта. Мүйізді Қатсон нағашысының қасында болсын. Полицияға бәлкім әлдебір деректер, ақпараттар түсіп қалар. Қалай?


Айтқанымен келіспеуге болмады. Жүніс екеуміз де бұдан былай не істерімізді білмей тұрғанбыз.


Асқардың ауласына кіруін кіргеніммен, маңайды тіміски тінтуге батылым жетпеді. Дауыстап Асқарды шақырдым.


— Апаң үйде ме? — деп сұрадым қасыма келген Асқардан.


— Ауырып қалды. Қабырғадағы кілеміне қарап, аһілеп-уһілей береді. Доктор келіп кетіпті. Давлениесі көтерілген секілді. Қалқан табылмаса... — момындығына қоса қатты сөздің өзін көтере алмайтын Асқарды аяп кеттім. Ботадай жәудіреген жанарларына үйірілген жас сорғалай жөнелердей көрінді.


— Босаңсыма! Табылады. Табамыз, — дедім білегінен қыса ұстап.


— Табылса болар еді.


— Қалқанды қай жерге қойып едіңдер? — дедім.


Алдыма түсіп, аласа есікке беттеген Асқар үлкенді-кішілі қораптар жиналған бұрышты нұсқады.


— Мына жерге сүйеп қойғанбыз.


— Қалқанның осы жерде тұрғанын өздеріңнен басқа кім көріп еді?


— Бөтен адам болған жоқ. Бәрін далаға шығарып болған соң көмектескен Хасен ағамыз тамаққа да қарамай, тіпті мамам берген бір жарты арақты да алмай кетіп қалған.


— Маскүнем Хасен көрген екен ғой, — дедім мен. — Кешеден бері соны неге айтпағансың?


— Ол бізге жақын ағайын ғой. Апам да «Басқасы басқа. Хасен қарағымның қараулығы, қолының сұғанақтығы жоқ. Арағы болмаса, адалынан жаратылған қарғам ғой» деп отырады. Хасен ағамыз біреудің ала жібін аттамайтын адам.


— Айтады екенсің. Оның өзі де, қалқан да табылмай тұрған жоқ па? Мұны қалай түсінеміз?


Асқар иығын қозғады да қойды. Босқа тұрмай, бұрыш-бұрышты қарап шықтым. «Менің орнымда доктор Ватсон болса, не істер еді?» деген оймен оқығандарымды еске түсіруге тырыстым. Ілік болар ештеме таба алмаған соң, әрбір қимылыма таңдана қарап тұрған Асқарға қош айттым да сыртқа беттедім.


 ***


Бижанбай бабамыздың қасиетті қалқанына қоса маскүнем Хасеннің із-түзсіз жоғалуы бүкіл ауылды әбігерге салды. Аттылысы-жаяуы бар біраз жұрт жақын маңайды сүзіп шықты. Сержан-Холмс, Жүніс-Хатсон үшеуміз үш шақырым жердегі ескі қыстауға да барып қайттық. Ендігі іздегеніміз қалқан емес, Хасен болды. Сержан да екі-үш сағат интернетті ақтарған екен, ешқандай дерекке табан тірей алмапты. Қаладан келген тергеушілер де ауылдас ағайындармен әңгімелескенімен, нақты байлам жасай алмай қайтып жатты. Хасен мен қалқанды іздеудің жаңа жоспарын жасадық. Адамның ойына келмейтін тәсілді ұсынған тағы да Сержан-Холмс болды.


— Қалқанды аса құнды дүние дейсіңдер ғой, солай ма? — Біз құптап басымызды изейміз. — Музейден келген адамдар қыруар ақша ұсынғанымен Бикен апамыздың көнбегені де рас қой? Міне, ақшаға сатып ала алмаған соң соған қызыққан адамдар не істейді? Өздері келсе, біреу-міреудің көзіне түсіп, ұрлықтары әшкереленеді.


— Әй, сен, орағыта бермей, әлгі уариантыңды көрсеткеңші, — деп зірк ете қалды Жүніс-Хатсон.


— Соны айтып келемін ғой. Осыдан соң олар арақ ішіп жүрген Хасенді жолықтырады да, қалқанды ұрлауды соған тапсырады. Маскүнемге көп ақшаның қажеті жоқ, бірнеше күн арақ ішуіне жететін сомаға келісе кетеді.


— Сонда қалқанды Бикен апамыздан сатып ала алмаған музей қызметкерлері осындай амалға барды деп ойлайсың ба? — дедім мен Сержанның не айтпағын түсіне қойып.


— Дәл солай. «Апамыздың үйіндегі заттарды далаға тасып жинастыруға көмектескен Хасен екен» дегенді Асқардың аузынан естіген жоқпысың. Бұл — бірінші күдік.


— Ха! Мынауың ақылға қонады-ей, — деді Жүніс-Хатсон.


— Ары қарай ойласақ, маскүнем Хасен үйіне қайтқан болады да, көзге түспей қалқанды қымқырып кетеді. Музей қызметкерлерімен алдын-ала келіскен болуы да мүмкін. — Сержанның жорамалы көкейімізге қонғандай еді.


— Сонда ол бір жерге жасырынып жатыр ма? Ауыл адамдары жақын маңайдың бәрін тінтіп шықты ғой, — деп қалды Жүніс.


— Ешқайда кетпей, үйінде жасырынып жатуы мүмкін. Әйелі өтірік байбалам салып, елді дүрліктіріп жүрген шығар. У-шу басылған соң қалқанды музей адамдарына тапсырып, ақша аламыз десе, оған әйелі қалай көнбесін?! — дедім мен де білімпаздығымды танытып.


— Ха! Осы айтқаныңның жаны бар. Ауыл маңындағы қалтарыстардың біріне жасырынса, баяғыда-ақ тауып алар едік, — деді байыз тауып отыра алмаған Жүніс-Хатсон.


— Былай істейік, — Сержанның тапқырлығына разы болған екеуміз жақындай түстік. — Бүгін түнде кезекпе-кезек Хасеннің үйін аңдимыз. Келіскен адамдар көзге түспеу үшін түнде ғана келуі керек.


Табылған ақыл! Үшеуміз келісіп, біздің үйдің жанындағы арба үстіне тігілген масаханаға қонып шығуды ұйғардық. Осы уәде бойынша ата-аналарынан рұқсат сұрау үшін екеуі үйлеріне қайтты да, мен керекті көрпе-жастықты арбаға таси бастадым. «Мұны не істегелі жүрсің?» деген шешеме бүгін түнде Сержан, Жүніс үшеуміздің әңгімелесіп, арба үстінде ұйықтауға келіскенімізді айттым.


Күзетке екі сағаттан кезектесіп шығатын болдық. Екі сағат бойы масаға талану да оңай емес. Бір бума көк миямен тынымсыз сабаланбасаң, бұлттай қаптаған маса байыз таптырмайды.


Таңғы тауық шақырғанша Хасеннің үйін күзетіп шықтық. Қыбыр еткен жан болмады. Ең соңғы күзетке кеткен Сержанның оралуын күтуге мұршамыз келмеген Жүніс екеуміз оның арбаға қалай шыққанын да сезбеппіз.


 ***


 Дабыр-дұбыр, айғай-сүреңнен ояна кетсек, шақырайған күн дәл төбемізге көтеріліпті. Басымызды жастықтан көтеріп, ұйқы басқан көздерімізді уқалай сала дауыс шыққан жаққа қарасақ, Хасеннің ауласына қарақұрым халық жиналып қалыпты. Ештеңені ұға алмай бір-бірімізге қарадық та, жан-жағы қымталған масахананы түріп тастап, арбадан секіріп-секіріп түстік. Алғаш көзіме түскені — таяғына сүйенген Бикен апам мен шүйкедей кейуананы бауырына қыса жылап тұрған маскүнем Хасен болды.


— Ха! — деді Жүніс. — Мынау Хасен ғой. Түнімен аңдығанымыз бекер болыпте-е. Мынауың ұрлықшыға ұқсамайды ғой.


Жұрт жиналған аулаға жүгіріп біз де жеттік. Күлгені, жылағаны белгісіз, екі иығы селкілдеген Хасеніміз Бикен апамызды иығынан қаусыра құшақтаған күйі ыржалақтап жиналғандарға қарай береді.


— Солай болды енді, солай болды! Қасиетіңнен айналайын Бижанбай бабам көзімді ашып, көкірегіме нұр құйды ғой. Қалқанды рұқсатсыз алдым деп айтуға болмады. Қасиетіңнен айналайын бабамыздың өзі ешкімге тіс жарма дегесін қайтейін енді, — деп әркімнің бетіне күле қараған болады. Бетін айғыздай жас жуып кеткен. — Аш жүрсем де, бір үзім бұрауды тегін алмас едім, бабамның әмірімен, аянымен ұрлағандай болдым...


Басында ештеңе түсінбегенімізбен, сүт пісірім уақыттан соң оқиғаға қаныға бастадық. Хасеннің сөзіне сенсек, төрт-бес күн бұрын сылқия тойып келіп ұйықтап қалса, түсіне аппақ шапан киген Бижанбай бабасы кіріпті. Қолындағы найзасын жүрек тұсына тақап тұрып: «Ұрпағым азбасын деп, мекенім тозбасын деп мына найзамен талай торғауытты аттан түсіріп едім. Сен секілді ездердің кесірінен босағаға сүйеп кеткен найзам қақ бөлініпті. Болат семсерім мен айбалтам тат басып күресінде қалыпты. Киелі қалқанымды келініме аманат етіп едім, тілеуіңді бергір, көргенді жерден шыққанын дәлелдеп өзінен кейінгі өнегелі келініне тапсырып отырыпты. Міне, үш ғасырдан бері ұлдардан болмаған қайырды келіндерім жалғастыруда — төрден түсірмепті. Ез болмасаң, есіңді жи. Ешкімге білдірмей сол қалқанды менің кесенеме алып кел де, басыңа жастанып үш түн түне. Жолыңды ашайын, бойыңды жайлаған жын-періден тазартайын» депті де, найзасының ұшындағы бір тұтам ат қылын қалдырып, көзден таса болыпты. Осының алдында да бірнеше рет аян берген екен. Бірақ арақтың бойды жайлағаны соншалық, тұра сала басын жазуды ойлап, баба аманатын ұмыта беріпті. Ояна кетсе, жүрек тұсы шаншып, тер басып жатыр екен. Кеудесін сипаласа, қолына домбыра ішегімен буылған бір тұтас қыл ілігіпті. Содан ұйқысы келмей аунақшып таңды атырады да, бабаларының қалқанын көзінің қарашығындай сақтаған Бикен апамыздың үйіне келеді. Үйлерін әктеуге кіріскен олар заттарды тысқа тасып жатыр екен. «Іздегенге — сұраған» дегендей, Хасен де бірнеше күн өткен соң қалқанды қолына түсіреді де, үш күнге жетерлік азық дайындап алып, ауылдан жарты күншілік жердегі Бижанбай атасының кесенесіне тартады да кетеді. Ел біткен әбігерге түсіп жүргенде бұл батыр бабасының басына түнеп, қасиетті қалқанды жастанып жатқан екен. Бабасы түсінде айтқандай үш түн біткен соң ертелете жолға шығыпты да, үйге қайтыпты.


— Ең құрымаса әйеліңе айтып кетпеймісің? — деп ренжіген көршісіне күлімсірей қараған Хасен:


— Оған айтты дегенше бүкіл ауылға жар салғаным дұрыс емес пе! — деп екі бүйірін таянып тұрған әйеліне қарады.


Бикен апамызды машинасына мінгізіп, қалқанын алдына өңгерткен учасковыйдың ауладан шыққаны мұң, жиналған қауым да жан-жаққа тарай бастады. Хасеннің үйінде ағайын-туыстары, бір-жар көршілері қалды. Қызықтың қалай басталғанын, Хасен келген кезде әйелінің, бала-шағасының оны қалай қарсы алғанын көре алмағандықтан, біздер — үш тыңшы біразға дейін айналсоқтап шыға алмадық.


— Әй, Хасен, — деді көршісі Әсім ағамыз. — Бабамыздың басына түнеп келдің. Түр-түсін көрдің, сөздерін естідің. Бізді де есіне алып, «Әсімге мынаны айта бар» деп ештеме табыстамады ма?


Ішіп жүрсе де, қиянатқа бармайтын маскүнем Хасеннің зілсіз қағытпасы, орнымен айтатын әзіл-қалжыңы барын бұрыннан білетінбіз.


— Айтпақшы, соны ұмытып барады екенмін ғой. «Әсім балама айта бар, өзімдікі деп бауырына баса бермей, ана қорасындағы жүз қаралы қойының бірін сойып, Хасеннің арақты қоюы құрметіне ағайын-туысты, көрші-қолаңды шақырып той жасасын» деп бабамыз табыстап жіберді. Айтпасам маған аманат, орындамасаң, күнәсін көтересің, — дегені сол, Хасенді бір тұқыртып алмақ болған көршісі ыршып түсті.


— Бұдан жөн сұрасаң, өстіп қырын тартады да отырады, — деп орнынан көтеріле беріп еді, мына жақтан Тоқан киіп әкетті.


— Әй, Әсім, бабамыз айтты ма, айтпады ма, әйтеуір Хасеннің аузына құдай салған шығар. Ажалы келсе өліп қалатын бір тұяқ емес пе?! Бір малыңды сой да, Бижанбай бабамызға арнап құран оқыт, — деді. Мұны ауыл ақсақалы Дәурен шал да қостады. Әсімнің келісуден басқа амалы қалмады.


— Хасен, сен шынымен арақты қойдың ба? — деді ащы суға әуестігі бар тағы бір құрдасы.


— Қойдым. Енді татып алсам, көр де тұр, — деді Хасен.


Ересектердің қағытпа қалжыңдарын одан әрі тыңдап тұруға шыдамымыз жетпей, біз де ауладан шықтық. Шынында да Хасен көкеміздің маскүнем аты ұмытылып, бес-алты ай өткен соң құран оқып, дұға жасайтын дәрежеге жетті. Күреңітіп, қобырап тұратын жүзі бозарып, иегіне дөңгелете шоқша сақал қойды.


***


 Бижанбай баба қалқаны мен маскүнем Хасеннің жоғалуына қатысты оқиға ұмытыла бастады. Ересектерге қолқабыс тигізуден арқа-басымыз босай қалса, ойынның түбін түсіреміз. Әлдебір тосын жағдайға ұшырасақ, бүкіл ауыл балалары Шерлок Холмысты, доктор Ватсон мен мисис Хатсонды іздейтін болды. Өзіміздің қалқан жоғалған тұста қалай із кескенімізді Жүніс елдің бәріне жайып жіберген болатын.


Атама болысып, қораның жыртығын бүтіндеп жатыр едік, қалтамдағы ұялы телефон безілдей жөнелді. Сержан екен.


— Өкен, — деді аптыға сөйлеп. — Өкен, сен қайдасың?


— Үйдемін.


— Үйіңнен шықпа. Қазір саған Мүйізді Хатсон барады.


— Е-е, келсін.


— Шықпа деймін үйіңнен, ол мелиса нағашысына біздің қалқанды қалай іздегенімізді, өзінің бұдан былайғы жерде Хатсон деген атқа ие болғанын айтқан екен, нағашысы күлкіден жарыла жаздап: «Ой, миссис Хатсон дегенің қатын ғой. Шерлок Холмс пен доктор Ватсон екеуіне ас әзірлеп беретін кәрі әйел ол» деп ішек-сілесе қата күліпті де, «Желке ас болмайды, жиен ел болмайды» деген осы» деп одан сайын намысына тиіпті.


— Сені сабағаннан сау ма? — деймін Сержанға.


— Құдай сақтап, атам қайыс тіліп отырғанда былғарыны ұстап қасында болып едім. Ымдап сыртқа шақырғанда көзіне қарасам, ашудан жарыла жаздап түтігіп тұр екен. Бір жамандықты сездім де, бармадым. Жұдырығын көрсетіп, тепсініп кете барды, — деді Сержан.


— Түсіндім, — дедім де телефонды өшіріп тастадым. Айтқандай-ақ, әне-міне дегенше қашамыз сықырлай ашылып, Жүністің төбесі көрінді. Менің де атамның қасында жүргенім — жанжалдан аман сақтады.


— Бір шаруа бар. Шығып кетші, — деді құрық тастам жерге келіп тоқтаған Жүніс атама сәлем беріп болған соң.


— Қазір бара алмаймын, — дедім де атама қарап: — Ата, қораны жамап болған соң ойнап келуге бола ма? — деп сұрағандай болдым.


— Болады, ботам, болады, — деді атам да.


Амалы құрыған Жүніс алдауына түсіре алмағанына өкінгендей ала көзімен ата бір қарады да, қарасын батырды. Жүрегім аузыма тығылып, мазам кетті. Төбелесе қалсақ, екеуміздің де аянбайтынымыз белгілі. Одан соң дос болу былай тұрсын, бірге ойнаудың өзі мұңға айналар еді. Біраз ойланып алдым да, телефон шалдым.


— Жүніс, бұл мен ғой, — дедім сабырлы сөйлеуге тырысып.


— Қашан келесің? — деді ол зілденгендей.


— Жүніс, сен ашуланбай тыңдап ал. Сержан екеуміз сені Шерлок Холмс жасамақ едік, бірақ тыңшылар тобын құрғанымызда «Мүйізді Қатысон мен боламын» деген өзіңсің. Дауласа кетсек, тағы да шатақ шығара ма деп үндемегенбіз. Сондықтан бостан-бос ашуланбай, бәрін ұмытайық, — дедім. Үн-түнсіз тыңдаған Жүністің аздан соң ашуды ақылға жеңдіргенін тыныс алуынан аңғарғандай болдым. Қиқар, бірбеткей, қайсар да батыл болғанымен, артында зілі жоқ ақкөңіл бала екенін бұрыннан білетінмін. Ешкімге өз бетінше соқтықпайды, бірақ есесін де жібермейді.


— Түсіндім, — деді ол. — Мүйізді Хатсон болам деген өзім екен ғой. Сендер де миссис Хатсонның қазақшалағанда «Хатсон ханым» екенін түсіндірсеңдер болатын еді. Жә-ә! Қолмысың да, Батсоның да, Хатсоның да аулақ жүрсін...


Көңіліміз орнына түсіп үш ай жазғы демалыста талай қызықтарды бастан өткердік. Бикен апамыз ауруханаға жатып шықты. Хасен ағамыз алшаңдай басып, көшеде ұялмай жүретін болды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу