Өлеңдер ✍️

  31.03.2021
  158


Автор: Шынияз Шанайұлы

Халінен баяндайтын заманымның

Жебесі шын болаттан садағымның,
Әдеті осылай ма еді қазағымның?!
Аңырап қайтіп қарап отырайын,
Алдына келгеннен соң адамымның.
Исатай - Махамбеттің заманында
Астына дұшпан түсті табанымның.
Әлеумет, құлақ салып тыңдасаңыз,
Халінен баяндайын заманымның.
Бастайын ертеде өткен Жәбір ханнан,
Не пайда білгенді айтпай тартынғаннан.
Ерлігі билігімен бірдей болып,
Еділге Орақ пенен Мамай қонған.
Мамай хан, Орақ батыр болған күнде
Шебінен жан жүрмепті қарайғаннан.
Кеткен соң Орақ, Мамай бұл қоныстан,
Қара ағаш қалмақ жайлап, ноғай қонған.
Ерлері қазағымның озғаннан соң,
Сыртынан патша жүрді көзін салған.
Хан болған онан кейін Әз Жәнібек
Ақ мешіт аштарханнан үй салдырған.
Бір көлге қырық атанме секер шашып,
Дулатып ертеңгі - кеш құсын салған.
Сөйлейін мұнан кейін Мұса ханнан,
Басым бос кете алмадым тұсағаннан.
Әлеумет, құлақ салып тыңдасаңыз,
Айтайын ертеде өткен үш анадан.
Арғы атаң Майқы менен Алаш еді,
Сақаба Әнес ата баласы еді.
Бірлік сөз осы күні қайдан болсын,
Бұрынғы төрт имам да талас еді.
Үлкені Алаш байдың Үйсін еді,
Жақсыға жұмла халық сүйсінеді.
Жер кетіп, ел күмәнді болған заман,
Мұны ойлап қара халық түйсінеді.
Ортанышы Алаш байдың Арғын еді,
Арғыннан батыр туған Тарғын еді.
Әкімге ашуланса, қол көтерген,
О дағы қазақ әдет бар күн еді.
Кенжесі Алаш байдың Алшын еді,
Нарынды баса қонған халқым еді.
Байұлы он екі ата бері ауғанда,
Жаппас пен Сырда қалған Алтын еді.
Болғанда атам Алшын, Кіші жүзбіз,
Сөйлесе, айтқан сөзге түсінерміз.
Нарындай мекен еткен қонысты алса,
Кенедей бірден - екі кішірерміз...
Сөйлейін онан кейін хан бабаңнан,
Төресі уағададан танбағаннан.
Ұлықтың айтқанына көне бердік,
Қайрылып етер қайрат болмағаннан.
Хан болған соң кейін Әбілқайыр,
Хабар бер алыс жерден, болсаң шайыр.
Тарлықта жігіт басы қалған заман,
Болса да біреуі нар, біреуі айыр.
Адамға кісі жері жер бола ма,
Қоныс еді атам қонған Қарабайыр.
Азды деп замананы ойламаймыз,
Туралық биден кетсе, байдан қайыр.
Хан болған одан кейін Нұралы еді,
Төренің Арқар деген ұраны бар.
Хан ауылын Сырым шауып тоздырғанда,
Ақылды Алдар биден сұрап еді.
Қараға хан баласы әкім болған
Ежелден келе жатқан мұраң еді.
Тұрғызып Тайсойғаннан Қорғаншаны,
Он жылдай мекен еткен тұрағы еді.
Алты жұрт Асанменен анық кетті,
Жетеу деп білмегендер жалғап еді.
Еділден қара табан қалмақ босып,
Қозғаған ноғай артын болар еді.
Қаздырып Қаратаудан Шерқаланы,
Ақмыштан айдап ішкен бұлақ еді.
Қауғасын шыңыраудан кесіп алып,
Сонан соң қонысынан қозғап еді.
Жер - жерге топырақ үйіп оба жасап,
Қарауыл қарап кеткен солар еді.
Бұрынғы қариялардың айтуынша,
Кешегі Шыңғыс ханның уағы еді.
Көп әскер Сарайшықтан аттанғанда,
Шеркүпті көктеме деп қарғап еді.
Еңселеп Ақтөбеден қонжар шауып,
Талаптың оңбайтынын аңдап еді.
Көзімнен мұның бәрін көргенім жоқ,
Қарттардан естіп қалған құлақ еді.
Жем, Сағыз Байұлының аңғары еді,
Жерінде құлан, киік аң бар еді.
Ат өлсе - сауыр мұра десетұғын
Қазақта сондай әдет, заң бар еді.
Заң қылып елді ұстап пайда еткен,
Ел сорған алтын тақта хан бар еді.
Ол күнде ақ бедерлі үй бар еді,
Ораулы үйге ұстаған ши бар еді.
Бір адам жасы жеткен тура келсе,
Бабам деп ақсалды сыйлар еді.
Жем, Сағыз, Ойыл, Қиыл, Қайнар еді,
Саланы алпыс екі жайлар еді.
Қоныстың шалқып жатқан мол күнінде,
Сол күнде жиын менен той бар еді.
Қараша тіккен үйге қаматұғын
Қолында жалшы - кедей бай бар еді.
Білмейді самаурын мен шәйнегіңді,
Жал - жая тамағына шайнар еді.
Тас аяқ салдырлаған ол күнде жоқ,
Ірімшік, құрт пен қарын май бар еді.
Исатай - Махамбеттің заманында
Дұшпанға сырттан келген айбар еді.
Жақсылар, құлақ салып тыңдасаңыз,
Біз білген түрлі осындай жай бар еді.
Сөйлейін арғы бетке ел өткеннен,
Енші алып бұл Нарынға бөлектенген.
Көз салып, көрінгенге зорлық еткен,
Ақыры уайым берді зар еткеннен.
Нарынға Бөкей бастап өтіп еді,
Қойы мыңға, жылқы жүзге жетіп еді.
Кешегі хан Жәңгірдің заманында
Рудан он екі би өтіп еді.
Жоқ еді мұндай әдет хан барында,
Ел болды жеті қысым бұл Нарында.
Жазылды өлі, тірі бір қағазға,
Осы бір жаңа штаттың салдарында.
Қосылған сағынысып інілерім,
Сөйлейін біразырақ алдарында.
Бөкей хан таңдап қонған Нарын еді,
Қонысқа мезгілінде жарып еді.
Нарынды үш жыл жайлап, үш жыл қыстап,
Ол сұрап патшасынан алып еді.
Қайғымен қара қазақ зар еңіреген,
Не болар сасық кеуде жан кеткен соң?
Шұбырып өңшең жігіт ауға жүрді,
Қолынан ауыр дәулет мал кеткен соң.
Нарыннан мал да кетті, шөп азайып,
Ер жігіт не боладыц серттен тайып?
Боларын бұл сұмдықтың білген екен
Бұрынғы ертеде өткен жеті ғайып...
Келінге бала менен қонақ болдық,
Жас кезде дәуірлеген ер қартайып.
Шалқарды шайқап көшкен қазақ едік,
Екі су - қорлық көрді Еділ - Жайық.
Осыны болжап кетті Асан Қайғы,
Ерге ақыл, ойламаса, табылмайды,
Әкімдер халыққа салды үлкен айып.
Сатусыз кім ішпейді ет пен шайды,
Біз бұрын көріп пе едік осындайды?
Ағалар, бізді іздеп келе қойсаң,
Сөйлейін біразырақ өткен жайды.
Салодырған Аштарханды Әз Жәнібек,
Нарынға ел қонған жоқ ноғайдан көп.
Қазтуған қарғабойлы тәуекелшіл,
Нарыннан талап етті кетемін деп.
Жеті жұрт бізден бұрын олар да өткен
Бұрынғы патшалардан уайым жеп.
Адамзат қалай өмір сүрер еді,
Қаһармен әлек болса жер менен көк?!
Сөйлей көр тіршілікте ал, қызыл тіл,
Әуелде бір жүріпті шайтан мен шын.
Сөзбенен мұны неғып түгендейін.
Қалады шешеннен - сөз, шеберден - мін.
Дүниенің өлім дейді арғы түрі,
Болады дінге берік ердің ері.
Нарыннан ұмтылсаң да кете алмайсың,
Әркімнің Мысыр дейді жүрген жері.
Біз келдік жұрт жиылып шақырғанға,
Дәреже бақыттан ба, ақылдан ба?!
Болғанда тәуір сиқұың - ел сыйлайды,
Кешегі ертеде өткен Бақырған да.
Бақырған ғалым екен ертеде өткен,
Жайларды бұрынғы өткен шерте кеткен.
Сөйлейін анық пәннен тыңдасаңыз,
Басыңды қате сөйлеп тентек етпен.
Басыңды тентек етпен қате сөйлеп,
Киерсің өлгеннен соң жеңсіз көйлек.
Адамзат бір күн туып, бір күн өлмек,
Бір күні сынбай қалмас алтын шөлмек.
Біз келдік жұрт жиналған хабарыңмен,
Талөпкі, шәрін сыйлап Самарыңмен.
Бұрынғы үлкендерден
қалған үлгі,
Жарасар кеңес құрсаң адамыңмен.
Бұл Нарын жаман болса, енді болды.
Мөр ұстап, қағаз жазған шенді болды.
Алдырып жеті жұртқа бізден бұрын,
Кейінгі қалдырғанға үлгі болды.
Соңғысы жеті жұрттың қалмақ екен,
Дүния, ойлап тұрсам, жалған екен.
Бұл жерден қалмақ кетті, ноғай өтіп,
Біздерде мұра болып қалған екен.
Өтіпті олар жетеу, бізбен сегіз,
Мекені біздің елдің шалқар теңіз.
Құрғырды, әлдеқашан тастаған сөз,
Айтпаса, жерде қалар алтын лебіз.
Үргеніш, Бұхара мен өрісті алып,
Ну тоғай жеті судай қонысты алып,
Қонысқа азғантай мал жарамайды,
Алғи су атам қонған алыс қалып.
Осындай ұлы дудың базарымын,
Тарихтың шежіресінің хабарымын.
Осындай ұлы думан айқарыста
Жұмланның көз тігетін назарымын.
Бұл патша қоныс алды Жемнен барып,
Жемдегі қоныс еткен елге барып.
Айтайын бес - алты ауыз кейінгі ұлға,
Тозар ма асқан сөзім жөнге барып?!
Таласты орыс, қазақ Сарыөзенге,
Ағын су, екі жағы жар өзенге.
Барды да қожа Салық қайрат етті,
Балығы, пішінімен бар өзенге.
Ақылды асқар таудай, аққан судай
Салықжан жұмла жұртқа оңды болды.
Берімді малға салмай, басқа салса,
Қазаққа ұлы қиқу енді болды.
Соны ойлап, көшпей қалды елдің көбі,
Әуелде болып еді жердің кеңі.
Бүгінде өздеріңе болмай қалды,
Абайдың қой қоздатқан Күйкен, Жемі.
Қызға мал - қырық бес байтал болушы еді,
Мал болды жалғыз қара - қыздың теңі.
Бұл Нарын тыныш болмады балаға көп,
Биліксіз шыға алмаймыз далаға көп.
Қорқамын бұл заманнан ішім тартып,
Келіссіз үлкен мизам бола ма деп.
Бола ма билер менен старшындық,
Жігіттер, ойлап қара, немен тындық?
Хан - қайқы, биі бүкір болған заман,
Шығады жылдан жылға түрлі сұмдық.
Алшаңдап арыз айтар халің бар ма,
Біз қазақ жетім ұлдай болған мұңдық.
Ер жігіт, дәулет ауса, болар пақыр,
Тұрмайды қартайғанда жиған ақыл.
Біз - адам топырақтан Хақ жаратқан,
Туса да біреу тентек, біреу мақұл.
Кешегі ертеде өткен Асанқайғы,
Бұл дүния опасы жоқ өтер қапыл.
Қарасам, көзім көриейді, жасым жетіп,
Барасың, дүния жалған, бізден де өтіп.
Боларын бұл қылықтың білген екен,
Кешегі ертеде өткен Әбди Сетік.
Отырмын штатпенен қарсы келіп,
Аяғым тайып кетсе, басым кетіп.
Аяғым, басым кетіп қалған күнде,
Елімді патша билеп алған күнде.
Қайсысын сұм дүниенің мен сөйлейін,
Елуге жасым жетіп толған күнде.
Сақалда нышан беррді елу маған,
Қиындау бір кеткен соң келу маған.
Кешегі дәл жиырманың бар күнінде,
Дүния, оңай еді- ау жөнің маған.
Елудің төртеуіне келген шағым,
Жақсыны жамангменен көрген шағым.
Құс алып, қиқу салсам, қайта келмес
Ту ұстап, тұлпар таңдап мінген шағым.
Үш бала екі әйелден көріп едім,
Бесеуін жер астына көмген шағым.
Бұл күнде билік кетті мал мен бастан,
Кісі көп билерменен араласқан.
Алыс жер Үргеніш пен Бұхарды алды,
Күн көріп жүруші еді мұнан қашқан
Туысқан, туғаныңды сағынарсың,
Бүлініп шетке кетсең қарындастан.
Әкімдер бірден - екі көндіреді- ау,
Өзінің туғанына қараспастан.
Қол салып, әкім тартып ала берді,
Еңбекпен дәулет еді жиған жастан.
Қаһар етсе, қараны қор еткендей,
Әкімнің күші қатты қара тастан.
Кәрінен ақ патшаның сақтаныңыз,
Малы еді бұл патшаның баққаныңыз.
Басыңа қара ағаштай салық салса,
Жетер ме алты ай жүріп тапқанымыз?
Асқар тау, жетер қоныс бар ма бізге,
Иә, Алла, өзің бер деп жатқанымыз.
Бұл күнде қоңыр болды жердің сұмы,
Жасқұстың азай тұрған қалың құмы.
Заманның заманы азбай, адамы азып,
Сұрасаң, табылмайды сөздің шыны.
Жиылып барлық билер барған күнде,
Айтылмай қала берді халық мұңы.
Қараша үй, көбіне жоқ екі сиыр,
Қарасам, келіспей тұр елдің сыны.
Тамақтан Нарын елі жүдегенде,
Үйшіктің қымбат болды қызыл ұны,
Жалданып ауға жүрді ұл мен қызы.
Адамын малыменен бірдей санап,
Замана жылдан - жылға ылдиланып,
Қайғы етіп білгенннен соң айттым мұны!... 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу