31.03.2021
  205


Автор: Бауыржан Момышұлы

Олар менің есімде

Мен Ленинград финанс академиясының жанындағы мамандық жетілдіру курсын аяқтағаннан кейін, СССР өнеркәсіп банкінің Алматыдағы қазақ конторында экономист-консультант болып қызмет атқардым.


1935 жылдың ноябрінде Орта Азия Соғыс Округінің Ташкенттегі машықтандыру орталығына запастағы командирлер шақырылды. Соған келгендердің ішінде мен де болдым. Біздің топтың командирі орта бойлы, арықша келген, ойлы қоңыр көзді, сопақ бет полковник Павел Вахалов болды. Екі "Қызыл Ту" орденді, азамат соғысында эскадронның алғыр командирі болған кісі еді ол. Павел Вахалов сияқты қос орденді командирлер ол кездерде бүкіл Орта Азия мен Қазақстанда үшеу-ақ еді. Қалған екеуі полковник И.В.Панфилов пен қазақ азаматы Жармұхамедов қана болатын.


Біздің жиынның екінші тобына сабырлы, қарапайым, сұңғақ бойлы сары кісі — майор Степан Чистяков басшылық етті. Ол бұрын атқыштар батальонының командирі болған екен.


Азамат соғысынан алған ауыр жарақаттың салдарынан Павел Вахалов сылти басып жүретін. Ол — қызу қанды, жылдам кісі. Әдетте аяғының кемістігін ұмытып кетіп, бізге сап түзеудің жолдарын, қару ұстаудың тәсілдерін, гимнастикалық жабдықтарда жаттығудың әдістерін, кедергіні алу амалдарын өзі қызбалықпен құмарлана көрсетуші еді. Мүгедектің аты — мүгедек қой. Атты әскердің әдеттегі дәстүр сабаздығын сақтап, ол жаттығуларды қаншама ынтасымен көрсетсе де, кемістіктің аты — кемшілік екенін көрсетіп тұратын.


Соны көре тұрып, «Менің аяқ-қолым сау ғой, бұл кісіден мен жаспын ғой, не бетіммен мұның тілін алмаймын, үйреткенін үйренбеймін» деген ой жан тербетіп, қара терге салып бізді жұмсайтын...


Павел Васильевичті біз жолыққаннан-ақ аға тұттық. Ол мейірімді, кішіпейіл, өзінен үлкенге ізет етіп сыйлай білетін, өзінен кішіге қамқорлық жасап, керек болса, мәпелеп еркелете білетін, керек болса құжырта білетін совет командирі екеніне біз түсінуші едік. Қанша ашуланып, қанша ұрысып, екі аяғымызды бір етікке тығып қуырып алған кезде де, ол біздің арымызға, намысымызға тиіп, кеміте сөйлеу дегенді білмейтін.


Сен де адамсың, саған бағынып тұрған да адамдар, олардың ар-намысы бар, кемітпей, мұқатпай билегін,— деген сөзін Павел Васильевич бізге бірнеше рет қайталап айтып беретін.


Ол кісі бізге керекті сабақ бергенде еш нәрсені оқымайтын. Қалжың-әзілдерін араластырып, бізді күлдіріп сөйлейтін. Бірақ та қалжыңы да, әзілі де негізгі ой шеңберінен шықпайтын. Мен өзім егде тартқанда қазір есіме алып, қазір ойлап отырмын. Ол кісі табиғатынан ақын кісі еді. Оқырмандар ұстазын асыра мақтап жіберіпті деп ойламасын — ақындық алдымен мида, одан кейін ойда, жүректе. Ұйқасқа құл болғандар ақын емес. Ақын болу үшін алдымен терең ой керек, тебірентетін жүрек керек... Павел Васильевич өмірінде бір шумақ өлең жазған кісі емес. Мен ол кісіні ақын деп отырғаным, оның терең ойы, мейірімді елжіреген жүрегі, кейде қуанышты, кейде мұңды үні.


Бір жетіден соң ол біздің топты жиырма адамнан үш шағын топқа бөліп, әрқайсысына басшы тағайындады.


— Ұшқан құс, жүгірген аң, өсімдік, адамға да жаратқан бір-ақ өмір береді. Біз уақытты бағалай білмейміз, біздің үлкен қатеміз сонда. Кейбіреуіміз өкімет боп, көкірегімізді шірене жоғары көтеріп, басқалардың уақытын бағаламаймыз. Мылжыңдықпен солардың уақытын ұтамыз. Бұл ақылдылыққа жатпайды. Сендер менің қарамағыма келдіңдер, мен сендердің бастығыңмын. Бастықтығыма шіреніп, сендердің уақыттарыңды ұрлағым келмейді. Сендер де менің уақытымды ұрламаңдар. Маған да жан керек. Өкімет пен партияның тапсырмасын орындау — бізге азаматтық парыз! Бір-бірімізді дұрыс түсінейік. Отан алдындағы парызымызды ақылдасып отырып орындайық. Мен сендерге сенемін, сендер де маған сеніңдер... Келістік пе, жолдастар?— деп күлді. Біз де күлдік:


— Келістік!


Тұйық мінез, әдепті жауынгер түркпен жігіті інілік ретінде ақалтеке тұқымының әсем торы сәйгүлігін Вахаловтың алдына көлденең тартады, қолтығынан сүйеп аттандырады. Командир бізбен қоштасып, әзірліктерің сәтті болсын деп арғымағын тақымдап шаба жөнелетін. Егде тартса да ерден түспеген командиріміздің соңында екі көзіміз төрт боп біз қалушы едік...


Өз бетімізше даярлану кездерінде біз бес-алты адамнан топтанып ақылдасып, келесі күнгі сабақты әзірлейтінбіз. Арамызда бұрын взвод, рота командирлері болған, өмірдің ащы-тұщысын татқан, азамат соғысына белсене қатысқан, оның қиыншылығын мейлінше көрген, тәжірибелі егде тартқан кісілер де бар. Олардың көбінің жастары менен бір-екі мүшел үлкен еді... Ең кішісі мен болатынмын.


Бухгалтер Бусин тамаша гимнаст; колхоз бастығы Красноносов аса шебер саптың адамы, инженер Сорокин баллистика мен артиллерия ісін жақсы біледі; аудандық тұтынушылар одағының бастығы өзбек Ахметов уставының барлық тарауларын жатқа білетін (біз оны құранды жақсы білген «қаридай» «уставшы» деп атаушы едік); татар мұғалімі Шарапов қару-жарақты жіліктеп ажыратып, омыртқадай жік-жігін тауып қоса білетін еді, тергеуші Пашковский аяғын абайлап басып, әр сөзін тізгіндеп сөйлейтін кісі еді... Ол, әсіресе, тактикалық машықтарда терең ойланып, тұжырымды пікірін айта білуші еді. Завхоз Старостин болса, казармадағы, ауладағы, жауынгердің бұйымдары тұратын бөлмедегі, жаттығу алаңдарындағы байқалған бейберекеттікке жаны қас, ұқыптылықтың құлы еді... Жиылмаған төсек, абайсызда түсіп қалған шүберек, бәрі-бәрі ол кісінің назарынан тыс қалмайтын. Вахалов адам танитын кісі болғандықтан, Старостинді біздің топқа старшина етіп тағайындады. Ал, мені жасым да, шенім де кіші ретінде оның көмекшісі етіп қойды.


Машықтану оңай емес. Машықтандыру үшін қаражат керек, қайрат керек. Үйрену үшін қару керек, жарақ керек. Олар оңайға түспейді. Старостин солардың ауыртпалығын менің мойныма жүктеді. Ертеңгі біздің топтың машықтануының ауыртпалығы менің мойнымда болды. Шыр көбелек айналып жүгіріп жүрмін. Бір нәрсе бар болса, бір нәрсе жоқ. Маған сенгеннен кейін, жоқ нәрсені де табуға міндеттімін. Жетпегенді жеткіз деп Старостин мені қудалайды. Ол кезде жас кезім. Старостин не айтса, алдына қалт тұрып, оның тілін ала жүгіремін...


Біздің топ қалжың ретінде Старостинді біздің «генерал» деп атады, ал, мені болса «Офицер особого поручения генерала Энто» деп атады. («Генерал Старостин» сөзге олақ кісі еді. Маған бұйрық бергенде «Я поручаю вам — энто» деп сөйлейтін, оның «энтосы»—«это» деген сөзі еді...). Содан бастап қалжың-әзіл ретінде біздің топта екеуіміз де күлкі болдық.


Вахалов таң сәріде, біз оянбастан келуші еді. Таңертеңгі дене шынықтыру жаттығуын көзімен көріп, өзі басы-қасында болып, сонан соң арғымағына мініп, азанғы шайын ішу үшін үйіне қайтып кетуші еді. Содан машықтану алдында бес минут қалғанда ұқыпты қайтып келетін.


Әр топтың басшыларынан машықтануға дайындық жөнінде рапорт қабылдап, Старостиннен де әр машықтану орнының дайындығын сабырлы сұрайтын. Сонан соң Вахалов бүгінгі сабақты қайсымыз қандай тақырыпта өткізетінімізді хабарлайды да:


— Топтарды сабақ өтетін орындарына апарыңдар, — деп бұйрық беретін.


Өзі әр топтың арасында болып, машықтануымызды сынап жүретін. Ол кісі ешкімнің сөзін бөліп зіркілдеп ескертпе жасамайтын. Машықтану соңында «Бүгін біз не істедік, не таптық? Ертең не істеуіміз керек? Бүгін біз бірнеше оғаш қате жібердік. Оны мен де, сендер де сезіп отырсыңдар. Бүгінгі қаталығымызды ертең қайталау бізге жараспайды. Әр жөннің жігін таба білейік, жолдастар», — дейтін.


— Дұшпан сырын айтпайды. Бірақ та тамырын ұстап, сырын білу — командирдің негізгі міндеті. Шахмат ойнай білмейтін командир — командир емес... Шахматты ойнай білу үшін терең ой керек... Мен бүйтсем, бұл қайтер екен деп ойламаған ойыншы, ойыншы емес... Түбін ойлап ойнау керек шахматты. Шырақтарым, соғыс та шахматтың бір түрі... Ойламаған командир соғыста опырылады... Өз обалы өзіне, бірақ та соның қарамағындағылар қырылады... Командирдің бір оқыс ойы халқымызға қымбат түседі. Өмір жағынан қымбат түседі... Сол себепті біздің маңдайалды міндетіміз: ел десе еңіреген ерлерді қан майдан да орынды жеріне жұмсай білу... Сол себепті командирдің міндеті — ауыр міндет. Осыған түсінулеріңізді сұраймын...


— Мен де бала болғам бір кезде, мен де жасөспірім жігіт болғам бір кезде... Сендер де бала болғансыңдар бір кезде, сендер де жаңа өспірім жігіт болғансыңдар бір кезде... Ақ сүтін берген ана, адал күшін жұмсаған ата біздің қарамағымызға бөпелеген, мәпелеген ұлдарын солдат етіп беріп отыр... Сеніп беріп отыр. Отанның арын, бостандығын, тәуелсіздігін қорғасын деп беріп отыр... Солдатыңды аялай білгін. Бастықпын деп маңғазданба. Шеніңе құтырма... Ақылың болса, шенің мен шекпеніңнің қадірін біле біл...— Вахалов соңғы сөздерді қолын сермеп көтеріңкі дауыспен айтты.


Старостин мені өзінің «қолбаласындай» жүгіртіп, жыртық-кетіктің, жетіспей жатқан жердің бәріне жұмсай береді... Тәртіптің аты — тәртіп, орындауға тура келеді.


Біздің тобымызда ашық партия жиналысы болып өтті. Мұғалім Шарапов халықаралық жағдай жөнінде баяндама жасады... Вахалов та президиумда отырды. Старостин өзінің «осыны сізге тапсырамын» деуімен мені жүгіртіп қойып еді. Мен залға кешігіп кірдім. Баяндамашы ауғанның Аманулла ханының тақтан түскені жайлы, Бачи-сақау көтерілісі туралы айтып тұр екен. Басын естімеген баяндаманың аяғына түсіне алмай отыра бердім.


Баяндамадан кейін бірінші болып бухгалтер Бусин сөйледі. Ол өз сөзін тарихи және географиялық анықтамалармен айқындай отырып, Муссолинидің Абиссинияға (Эфиопия) жасаған агрессиясы жайлы шегемен қаққандай дәлелдеп сөйледі.


— Жабайы жатқан Эфиоп халқы Муссолинидің танктеріне таяқпен қарсы шықты... Муссолини қолданған у — иприт халыққа бүркілді... Ол у адамның денесіне тисе, қанын қайнатып өлтіретін у еді. Жан сақтау үшін эфиоптар у тамшысы тиген денесінің жерін у таратпау үшін өткір пышақпен кесіп тастауға мәжбүр болды. Өзі түгіл басқа адамға пышақ жұмсау оңай емес. Бірақ та эфиоптар соған мәжбүр болды. Сол хабарды оқып отырған кезімде адамның айуандығын мен бірінші рет түсіндім. Адам айуан емес, адамды айуан еткен империализм... — деп сөзін доғартты.


Мен мұғалім мен бухгалтердің сөздерінің оралымдылығы мен олардың жан-жақты біліміне балаша қызығып отырмын. Өзге шешендер де қызу, ұтымды сөйледі. (Маған ол кезде бәрі жаңалық еді.)


Инженер индустриямыздың өркендеуі мен советтік техниканың жетіле түскенін айтса, колхоз бастығы құлақтармен таптық бітіспес күресте жеңіп, колхоз құрылысының өркендегенін әңгімелейді. Аудандық тұтынушылар одағының бастығы НЭП дәуірінен советтің мемлекеттік және кооперативтік саудасына көшкенімізді, мұның артықшылығы мен алдағы болашағы жайлы айтты.


— Тағы да кім сөйлейді, жолдастар?


— Осымен сөзді жинақтасақ деген ұсыныс бар, — деді орнында отырып Пашковский.


— Қалайша? Мәселеміз өте маңызды. Мүмкіндігінше жолдастар көбірек талқылағаны дұрыс емес пе...


— Ал, кәне, кім сөйлейді... Бүгін бұл ашық партия жиналысы ғой. Арамызда партияда жоқ жиырма бес адам отыр. Солардан сөйлегені Бусин ғана. Меніңше, ол өте жақсы сөйледі... — деді жиналыс басқарушы Красноносов. Мен Бусинді партияда жоқ деп ойламаушы едім. Өзім болсам, ол кезде партияда жоқпын.


— Кәне, батылырақ, белсендірек болайық, жолдастар... Өзіміздің ісіміз жайлы толғауға да болады ғой, — деді жиналыс атасы.


Ұзақ үнсіздіктен кейін Старостин қол көтерді.


— Иә?.. Старостин жолдас па!?— деді жиналыс атасы, үміті үзілгендей сарыла күтіп отырып қармағына әлденені іліктірген балықшыдай қуанып...— Сөйлеңіз, сөйлеңіз.


— Шынымды айтайын, халықаралық мәселе жайын жете ұғып, жақсы біле бермеуші едім,— деп бастады сөзін Старостин. — Алайда, менің түсінуімше, Бачи-сақау дегеніміз мұсылмандардың нағыз баспашысы екен. Мен Ибрагимбектің баспашыларына қарсы күресіп едім. Керек болса — бұл баспашыларды да турап салармыз... Мен өз халқы үшін аянбай күресіп, тәнінен ет кессе де шыдап жүрген абиссиндықтар нағыз батыр ел ме деп қалдым... Ал, олардың Хайселасе Біріншісі бізге тап жауы болғанменен, жауынгерлерін бастап, өзі бастап дұшпанға атой салғанына мен өте риза болып отырмын. Муссолини, әрине, Италияның итаршысы, немістің — Гитлері, испанның — Франкосы, бәрі де сілімтіктер... Оның үстіне өздерінің самұрайларымен жапондар да қылышын қайрап құтырып отырғанын сездік.


Ал, енді өз ісімізге келейікші. Мен топтың старшинасымын. Мен тәртіп жағын бақылауым керек, ол — менің азаматтық міндетім. Ертеңгі машықтануға керекті құрал-жабдықтарды әзірлеу де менің міндетім. Оның үстіне тамақ жайын (ертеңгі, түскі, кешкі ас), көрпе-төсек жайын мен ойламасам болмайды. Кезінде киім-кешек ауыстыртып, топты моншаға апару тағы бар... Рас, менің көмекшім бар. Өзі партия мүшесі емес, алайда елгезек, тәртіпті жігіт. Әр тапсырмамды ыждаһатпен орындайды. Ол екеуіміз өз бетінше әзірлену жұмысына көбінесе қатыса алмаймыз. Момышұлын осындағы жолдастардың кейбіреулері «офицер особого поручения генерала Энто» деп оттайды. Өздеріңіз айтыңызшы, осы дұрыс па екен? («Энто» дегені — менмін.)


Қызыл Армияның жас командирін «офицер» деп, мені «генерал» атандырыпты... Бұл не деген бізді мазақтау? Момышұлы соғысты көрген жоқ. Ал, мен болсам, патша өкіметі мен ақтарға қарсы күрескеннің бірімін. Менің жасымды неге сыйламайсыңдар? Мен сендерден осыны күтіп пе едім, інілерім? Сонда қалай болғаны? Біз Момышұлы екеуіміз басшымыз айтқан бұйрықты бұлжытпай орындай береміз. Онсыз болмайды ғой, жолдастар-ау! Тәртіптің аты — тәртіп. Мен айтарымды айтып болдым, — деп Старостин ауыр күрсініп орындыққа сылқ етіп отырды.


Вахалов өз сөзінде бүгінгі баяндама мен шығып сөйлеушілердің орынды пікірлеріне, мазмұнды әңгімелеріне ризашылығын білдірді.


Соңғы жылдардағы соғыс оқиғалары алдағы бір сойқанның сұрқия хабаршысы сияқты көрінетінін айтты ол. Бірқатар буржуазиялық әскери теоретиктердің болжамдарын еске салды. Еліміздің қорғаныс әзірлігі жайлы aйтa келіп, әрбір запастағы командирлердің дайындығын, білімін арттырып шынығу, қажет болса әр бөлімшені нағыз командирлерше батыл басқарып кету жайын сөз етті. Сонан соң Вахалов машықтанудың алғашқы жартысының қорытындысын шығарып, екінші жартысын да жақсы өткізу жолындағы міндеттерді атап өтті. Жеңіл әзілмен қоштай отырып, Старостиннің ықыласы мен ынтасын құптады. Мен жайлы да жылы лебіз білдірді. Екеуімізден жолдастардың бізге қойған әзіл атын көңілімізге ауыр алмауды сұранды. Сөзінің соңында Вахалов толғанып тұрып, баршамызға ой тастай сөйледі.


— Халқымыз «Сақтықта қорлық жоқ» дейді. "Сақтансаң, сақтаймын" деген сөз бар. Сіздерден несін жасырайын, егер алдағы кезде соғыс бола қалса, біз соған барынша дайын болуымыз керек. Осы жиналыста Чистяковтың тобы бізді социалистік жарысқа шақырғанын хабарлады. Біз қабыл алдық.


"Соңғы түйенің жүгі ауыр" дегендей, машықтану аяқталар алдындағы екі аптаның ауыртпалығы бізге оңайға түскен жоқ. Вахалов әрқайсымызды көз алдынан таса етпей, қадағалап жүрді.


Ақырғы үш күн бойы округтің әскери дайындық жөніндегі басқармасының начальнигі комдив1 Брилев төрт командирмен қосылып біздің машықтану тәжірибеміздің қорытындысын тексерді. Оны әскер тілінде сынға салу — инспектирование дейді. Ол сұңғақ бойлы, бадырақ көк көзді, таңқы танау, байсалды, байыпты кісі болатын. Әскер тіліндс инструктирование деген сөз — нұсқау, ақыл айту деген мағынада. Инспектирование деген сөз — сыннан өткізіп, емтихан алу деген мағынада. Сыннан өтіп, емтихан беру алдында кім қобалжымайды. Соревнование деген сөз — бәйгеге қосу деген мағынада. Чистяков тобымен бұл сынауда біз бәйгеге қосылып отырмыз. Бәйгеде кімнің артта қалғысы келеді. Әркім шамасы келгенше намысқа тырысады. Ең үлкеніміз Вахаловтан бастап, ең кішісі маған дейін қобалжуымыздың себебі осы еді. Мен турникте айналудан сүріндім.


— Момышұлы, неге жаңылдың? Сізге не болды?—деп шыдамын жеңе алмай «сенгендегім сен болсаң...» деген көзқарасымен зекіді маған Вахалов.


— Бұлай болады деп өзім де ойлаған жоқ едім, — дедім мен ентігіп тұншыға жауап қатып.


— Қайтала!


— Павел Васильевич, асықтырмаңыз, өзі де ұялып қалды ғой. Кішкене дем алып, етек-жеңін жинап алсын. Содан кейін көрерміз,— деді комдив Брилев Вахаловтың сөзін бөліп.


Мен қызара бөртіп бір шетке ығысып барып, жерге төмен қарап отырып қалдым.


— Әй, саған не болды? Өзіңді-өзің ұстай білмейтін жігіт екенсің ғой. Сенің сасқалақтығыңның кесірі күллі біздің топтың намысына тиіп отыр, — деп зекіді Бусин. Мен үн қатпадым. Бусиннің зекігенін естіген комдив Брилев ала көзбен бір қарап:


— Сәтсіздікке әркім де душар болады, Бусин жолдас. Барлық қимыл өне бойы сәтті бола бермейді. «Иі қанбаған қамырды етке салма» деген мақал бар... Ініңізді мазаламаңыз. Ол жігітке әзір тыныштық керек. Кемітпей, кекетпей сөйлеңіз! — дегенде Бусин де қамығып, төмен қарап отырып қалды.


Қасыма тағы да екі кісі үнсіз келіп отырды.


— Сендер де «айып алаңына» жеттіңдер ме?— дедім мен Красноносовты кекете сөйлеп. Ол әлгінде ғана мен сүрінгенде маған түнере қарап, атарға оғы жоқ еді.


— Сүрінбейтін кісі болмайды деп комдив жаңа ғана айтты ғой. Сен жалғыз болмасын деп екеуіміз де сүрініп, қасыңа кеп отырмыз, — деді Пашковский күліп.


— Момышұлы! — деп шақырды Вахалов. Мен орнымнан ұшып тұрып жүгіріп бардым.


— К снаряду! — деп қатал бұйырды Вахалов.


Мен аяғымды нық-нық басып турниктің астына келдім... Құжырланып екі қолымды сермеп турниктің белдеуіне қолымды қапсыра жабыса кеттім де, барлық денемнің салмағын салып, аяғымды сермеп, шыр көбелек айналдым. Оны әскер тілінде айтқанда «крутил солнце» дейді. Дәрменімді біраз басып, турниктің белдеуінен қолымды босатып жерге ырғып түстім. Вахалов жымиып күліп, «дұрыс, балам» деген көзбен маған мейірлене қарап тұрды. Комдив Брилев:


— Дұрыс, қарағым. Сен спортсмен екенсің. Әрине, мына қимылыңа бес қойып, баға беруге болар еді. Бірақ та алдымен сүрініп те алдың ғой, жігітім. Сол себепті төрттен артық баға бере алмаймын.


— Комдив жолдас, — деп Вахалов жалынғандай сұпсұр болып кетті.


— Павел Васильевич, мен осылай шешімге келдім. Менімен таласпаңыз, — деп тастады комдив.


— Құп, комдив жолдас, — деп Вахалов қалт тұрды алдында.


— Мен инспектормын, Павел Васильевич. Мен қалыстығымды ғана айтам. Кешіріңіз.


— Әділеттігіңізге рақмет, комдив жолдас,— деп Вахалов қайтадан қалт тұрды.


Машықтану нысана атумен аяқталуы тиіс еді. Күн жарқыраған ашық болатын. Таңғы сағат онда екі топ та гарнизонның атыс алаңында сыналу үшін салтанатты сапқа тұрды. Әскер тілінде оны тир дейді.


Брилев Вахаловтан рапорт қабылдағаннан кейін, әр тобымызды өз орындарымызға апаруды бұйырды. Оның көмекшілері нысананың жайын, оқ-сайман қорамсағы мен қару-жарақтың атыс-тартысқа дайындығын тексеріп жүр. Кезектесіп нысанамызды атқылап жатырмыз. Көз алдымыздағы нысана — дөңгелек қара қағаз, қашықтығы жүз-ақ метр. Екі минут ішінде үш оқ атуымыз керек. Алтылық шеңберден оғыңды жібермей атып, 18 ұпай алсаң — қатардан қалмадың деген баға, 20 ұпай алсаң — әжептәуір атқыш екенсің деген бата, жиырмадан асып кетсе — ортаң қолдай мерген екенсің деген бата.


Мен атқанда 23 ұпай алдым. (Оқ нысананың жоғарғы оң бұрышына топтанып 7, 8, 8 шеңберіне тиіпті.)


Қасымызға ақсаңдап сылти басып Вахалов келді. Ол қорытынды шығарғанда, екі топтың да көрсеткіші барлық жағынан бірдей боп шыққанын хабарлады. Брилев бірінші орынды ешкімге қимай, екі топ та тепе-тең деп актіге жазбақшы екен. Оған майор Чистяков:


— Комдив жолдас, мен өз тобыммен полковник Павел Васильевичпен бәстесіп жүрген кісімін, не жеңіп беріңіз, не жеңілтіңіз, мына билігіңізге мен көне алмаймын,— депті.


— Мен де шыдадым, інім, арпалысып көрейік, — депті Вахалов. — Ұсынысыңды өзің айт. Мен көндім.


Чистяков:


— Екі топтан бір-бір үздік атқышты таңдап сайысқа салайық. Қайсысы жеңсе, жол соныкі, — депті.


— Мен сайысқа дайынмын... Таңдамаңды шығар майданға. Мен де құры қол емеспін. Чистяков өз тобынан Петровты таңдап шығарып отыр... Оның бүгінгі атыстағы көрсеткіші 23 ұпай...


Бізде Пашковский жолдастың 25 ұпайы бар. Әрине, ортаңқол көрсеткіш екеніне дау жоқ. Бірақ та Бауыржан Момышұлының оқ тобы маған зілдей ауыр түсіп отыр. Орысша айтқанда «Он стреляет не в бровь, а в ресницу». Сол себепті Пашковскийдің қадірін білсем де, мына қазаққа сеніп тұрмын. Ал, қарағым, сені айтыс-тартысқа салдым... Сеніп салып отырмын. Бар орныңа, — деп толқи аяқтады сөзін Вахалов.


Мен Вахаловпен бірге атыс шебіне бара жатқанымда, соңымнан жігіттер: «Сапарың сәтті болсын» деп шуылдасты.


Атыс шебіне Чистяков Петровты ертіп келді. Сөйтіп, өз тобымыз бен бақылаушылардан алыста, атыс шебінде төрт адам қалдық.


Менің мылтығым тазаланған еді. Пәкене бойлы, арық келген, қысық қара көзді Петров болса, сүмбісіне құрғақ шүберекті орап тұрып, «Менімен жағаласасың ба?» дегендей маған кекесін қарап күлді.


Тірексіз атқан оқ зая кетеді. Мен орныма жаттым да, жерден тірек іздедім. Екі шынтағымды әрі-бері тірек боласың ба деп сынадым. Қолымдағы кішкентай күрекшені алып, екі шынтағым үшін шұқыр қаздым. Шұқырға екі шынтағымды тіреп, мылтығымның дүмбісін иығыма тіреп, нысананы көздедім. Шынтақтарым, қолым орнында... «Е, атуға болады екен» деп ойладым орнымнан тұрып.


— Мен дайынмын, полковник жолдас, — деп баяндадым Вахаловқа. Ол үн қатпастан қолыма үш оқ ұстатты. Орныма жатып, саусақтарымды сампылдатып, нысананы көздеп, үш оғымды бірінің ізімен бірін жібердім.


Вахалов маған наразылы көзбен қарап: «Неге асықтың, заң бойынша екі минут ату керек еді. Сен отыз секунд ішінде ұшқалақтық істедің», — дегендей бұрылып кетті.


Алыста біздің топтан менің ұшқалақтығымды сезген біреу: «Әй, сен де асығып-аптыққан сабырсыз ит екенсің ғой» дегендей жұдырығын көрсетті. (Мен снайпер мектебін бітірген кісі едім. Оларға бұл сырымды бұрын білдірген жоқ едім. Сол себепті Вахалов та, менің жолдастарым да менің шапшаңдығыма түсінбепті.)


Енді Петров атыс шебіне орналасқанда, Чистяков оған оқ беріп тұрып:


— Жаттығудың шарты бойынша, үш оққа екі минут беріледі, асықпай атқын, — деді.


— Білем, майор жолдас, — деп жауап берді Петров мылтығын оқтап жатып.


Петров жалпайып жата қалды. Асықпастан, аптықпастан мейлінше сабырланып, бір оғынан кейін бір оғының арасын ажыратып атып жатыр.


Тура екі минутта атып үлгердіңіз, — деді Чистяков. Вахалов: «Осылай асықпай ату керек еді ғой» дегендей маған кінәлай ала көзімен қарады. Сынаушылар келді. Брилев топтарды нысанаға апаруға рұқсат берді.


Петров оң нысананы, мен сол жақтағы нысананы атып едік. Нысанаға он метрдей қалғанда сынаушылардан, Вахалов пен Чистяковтан және жарысқан екеуімізден басқалары тағатсыз күтіп тұрып қалды.


Петров 24 ұпай (7, 8, 9 шеңберге тиген) алыпты. Ортаң қолдай мергеннің ұпайын көргенде, Вахалов сасқалақтап түкірігін жұта беріп, маған ашулы көзбен қарады. Менің нысанама келгенде, бәріміз таңырқап қаппыз. Үш оқ та қатар қара моншақтай тізбектеліп бір сызықтың бойына топталыпты — 8, 9, 10-дық шеңберге тиіп 27 ұпай жинаппын. Егде тартқан полковниктің ашуы тарқап:


— Жарайсың, Момышұлы! — деп серпіліп кетті. Брилев менің нысанама қарап үн қатпай тұрды.


— Шынымды айтсам, комдив жолдас, бұлай болады деп ойлаған жоқ едім, — деді Чистяков Брилевқа қарап. Қолын сермеп алып, автоматтан атқандай-ақ тарылдатып еді, отыз секундтың ішінде үш оқты нысанаға тамаша тигізу дегенге таңырқап тұрмын. Комдив жолдас, Павел Васильевичтің шәкірті — мергенді құттықтауға рұқсат етіңізші, комдив жолдас, — деді.


— Сабыр етіңіз, кейін топ алдында айтарсыз сөзіңізді, майор жолдас, — деді де, — Бәсекенің аты — бәсеке деп қарқ-қарқ күлді Брилев.


— Мен жеңілдім ғой, комдив жолдас, — деді Чистяков.


— Ағаңнан жеңілгенге намыстанба, інім. Павел Васильевич ағаң болады, — деп Брилев тағы күлді.


— Құп, комдив жолдас. Жеңілгенімді мойындап тұрмын ғой, — дегенде Вахалов ақсақ аяғын сылти басып келіп:


— Мен сені әрқашан да азамат деп ойлаушы едім, қателеспеппін. Рақмет, інім, кешір, қарағым,— деп құшақтап Чистяковтың бетінен сүйді.


— "Күш атасын танымайды" демеуші ме еді халық, ағатай. Жеңілгеніме, сіздей атаға жеңілгеніме намыстанып тұрған жоқпын, мақтанып тұрмын. Осыған дұрыс түсініңіз, ағатай.


Брилев бәрімізді жинап, сап алдында сынаудың қорытындысы жайлы қысқаша талдау жасады:


— Жолдастар, біз сіздерді оқытқанымыз жоқ, біз сіздерді машықтандырған жоқпыз. Сіздерге сабақ берген, сіздерді машықтандырған менің қасымда тұрған полковник Павел Васильевич Вахалов пен майор Чистяков. Біз сіздерді тексергелі, біз сіздерді сынағалы келген кісілерміз. Сыннан өттіңіздер. Жарыстыңыздар... Мен сыншылардың бастығы ретінде алдымен сіздердің командиріңіз — ұстаздарыңыз Павел Васильевич пен майор Чистяковқа рақмет айтам. Әскер қызметі оңай қызмет емес. Оған сіздер түсінесіздер. Таң атпастан тұрып, түн ортасында бастарың жастыққа тиіп, сіздер өздеріңіздің азаматтық міндеттеріңізді Отан алдында ақтағандарыңызға көзім жетті бүгін. Сіздер сияқты інілерімнің барына мен мақтанам. Сол себепті сіздердің адал ниеттеріңізге шын көңіліммен рақмет айтам... (қол шапалақтау). Әрқайсымыздың бала-шағамыз бар, өмірлік жолдас жұбайларымыз бар. Менің жасым сіздердің барлығыңыздан үлкенге ұқсайды. Менің ақниетті тілегім — сіздерден жұбайларыңызға, балаларыңызға біздің сынаушы тобының атынан сәлем айтуларыңызды тілеймін (қол шапалақтау). Ертең өздеріңіздің ауыл, қазан-ошақтың басына қайтасыздар. Сәтті сапар, жолдарыңыз болсын, жолдастар (қол шапалақтау), — деп сөзін бітірді комдив...


Нысана сызығынан қайтарда сап түзеген жоқпыз. Топтанып жүріп келеміз. Кімнің ойы екенін білмеймін, біздің топтың қуанышы қойнына сыймастан, күтпеген жерден мені бастарына көтеріп, нысананың алдынан мен жатып атқан жерге дейін көтеріп келді...


Мен биыл елу сегіздемін. Сол өмірімнің 25 жылын әскер қатарында өткізген кісілердің біреуімін. Комдив Брилев айтқандай, әскер өмірі оңай өмір емес. Әр өмірдің азабы да аз емес. Түсіне білген кісіге рақаты да көп... Әскер қатарында жүріп менің бірінші көрген рақатым осы еді.


* * *


Арада бес ай өтті. Ол кезде мен Қазақстандағы промбанктің аға консультант-экономисі кезім еді. Күтпеген жерден мені Казвоенкомат шақырды. Ұзын бойлы, ат жақты қара торы жігіт:


— Сізді Ташкентке шақырып жатыр. Билетіңіз мынау, қағазыңыз мынау. Ақшаңызды бухгалтериядан барып алыңыз, — деп бұйырды.


«Не боп қалды?» деп мен шошына кеңсеме қайттым.


* * *


Ташкентте округтің штаб үйінде алдымен кездескенім Вахалов болды. Ол мені ағалық ретінде қуана қарсы алды. Мен онымен ренжіп сәлемдестім.


— А, Момышұлы, келіп қалдың ба? — дейді қол алып амандасып. — Сіздің бұл жерге келуіңіздің себепкері мен едім.


— Ойланбай істегенсіз, ағатай, — деп мен қабағымды түйдім.


— Жоқ, мен ойланып істедім. Қазір штабта жиналыс өтіп жатыр. Сені ешкім қабылдамайды. Жүріңіз асханаға, бірге дәмдес болайық. Сізге арналған анау-мынау жаңалықтарым да бар. Соны тыңдай біліңіз, — деп Вахалов мені қолтықтай жөнелді.


Тәшкеннің күні күйіп тұр. Асханада мен ашуым тарқамастан, пенжагіме сыймай, шешініп отырдым. Вахалов маған таңырқай қарады.


Көбігі көпіршіген бір саптыаяқ салқын сыраны сіміріп салғанымда, сабырлы отырған Вахалов өз сырасын бір шетке ысырып қойып, маған сұрақ бере бастады.


— Демек, әскери қызметке шақыртқанымызға ренжисіз бе?


— Иә, қатты ренжіп отырмын. Сізден мен мұны күтпеп едім.


— Неге?


— Павел Васильевич, сізге мен өте наразымын. Сіз менің жағдайымды білместен сыртымнан билепсіз. Сол себепті наразымын... Бес қыздан кейін әкем мені елу үшінде көрген екен... Менің жасым биыл жиырма алтыда. Елу үш пен жиырма алтыны қоссаңыз қанша болады?


— Ойбай, әкең жетпіс тоғызға келіп қалып па еді? — деп таңданды Вахалов.


— Иә, менің әкемнің жасы сексенге кетті. Кейінгі шешемнен туған бір інім бар. Оның жасы бестен алтыға ғана кетті... Мен осы уақытқа дейін бойдақпын... Сіз осы жағдайлармен санаспастан сыртымнан билепсіз. Сол себептен мен сізге өкпелімін... Қарт әкемді, жас інімді қор етпеймін деген ниетте едім. Осы ниетімді сіз бүлдіріп отырсыз. Сол себептен, ашығын айтсам, мен сізге қатты өкпелеп отырмын. Менен басқа жігіттер құрып қалды ма? Қартайған шалдың жалғыз баласын, жалғыз тірегін қайда жұмсап отырғаныңызды сіз түсінесіз бе, түсінбейсіз бе? — деп қатты сөйлеппін.


— Кешір, қарағым, шынында мен бұл жағдайларды білмеппін. Бұрын неге айтпадың... Болар іс болды. Оны қайтаруға рұқсат жоқ... Ал, енді бір-бірімізге түсінейік... Мұндағы отырған ел бізге қарап отыр... Ақырмай, сабырлы сөйлегін,— деп сырасын алып ішті.


— Ал, өзіңіз жауынгерлік міндетіңізді қай жерде өтеп едіңіз?


— Термезде, Коваленконың қарамағында.


— Дмитрий Коваленконың ба?


— Ия, сол кісінің қарамағында мен қатардағы жауынгерлік тәрбие алып едім.


— Міне, сол кісі Шыршықта полк жасақтап жатыр. Округтің оқу орталығының бастығы ретінде менен ол кісі машықтануға қатысқан запастағы офицерлердің қайсысы әскери қызметтің әжетіне жарайды деп сұрап еді. Оның үстіне болашағы бар жастарды сұрады. Өзің ойлашы, жасы қырықты алқымдап қалған Красноносов пен Бусинді қалай ұсынбақпын? Взвод, ротаны басқару — аяқ-қолы жылдам жастардың ғана міндеті. Мен сияқты егде тартқан кісілер взвод, ротаның командирлігіне жарамайды. Оған түсін, жастың аты — жас. Қаншама көнбеймін десең де, егде тартқанның аты — егде тартқан... Бағынуға тура келеді. Лаж жоқ.


— Олардың тәжірибесі мол ғой.


— Тәжірибе деген — өмірден алған сабақтың жинағы. Сен әлі жассың. Сенің өмірің алда, қапаланба, қарағым... Екі-үш жыл басқарғаннан кейін, академияға барасың. Сөйтіп, бес-алты жылдың ішінде әрі тәжірибелі, әрі білімді командир боласың да шығасың деп мен сенемін. Жаман айтпай, жақсы жоқ... Егер де соғыс бола қалса, бөрік кигеннің барлығы аттанады. Жаппай әскер қатарына шақырыласыңдар.


— Ондай жағдай бола қалса, сөз басқа ғой...


— Армиядағы жаңа жасақтаулар — соғысқа қарсы сақтықтың белгісі деген сөз. Біз жасы отыздардағы рота, эскадрон, батарея командирлерін, отыз бес-қырықтардағы тәжірибелі батальон және полк командирлерін саптап, машықтандырып алуымыз керек. Ол сақтыққа жатады. "Ел басына күн туса, ел деп еңіреген ерлер толарсақтан қан кешуге дайын" деген сөзді мен шығарған жоқпын, халық шығарған... Мен сені соған түсінеді деп ойлаушы едім.


Қаталасқаныма қапаланып отырмын... Артық айтсам, айып етпе, шырағым...


— Сіз, Павел Васильевич, пайғамбар емессіз ғой... Тіптен соғыс болатынына қандай дәлеліңіз бар?


— Мен пайғамбар емеспін... Мен күнәкар пенделердің біреуі ғанамын. Бірақ құдай маған ой берген, сезім берген... Мен Отанымның ұлдарының біреуімін... Мен жауынгермін... Отан үшін қобалжу — ол менің правом. Ойлану да — менің правом... Сол праволарыма қол сұқпағын... Болашақ шайқаста негізгі мәселені, тап күресінің тартысын білектің күші, найзаның ұшы ғана шешеді... Соған мен ақылым жеткенше түсінгім келеді... Жанымды арым үшін құрбан еткім келеді... Осыған сен неге түсінбейсің?... Сен маған неге өкпелейсің?... Бураның шудасындай қаптап келе жатқан қара бұлтты сен неге сезбейсің?!


— Кешіріңіз, Павел Васильевич, ойланып, сізге түсінуге тырысайын... қазірінше маған жеткен жоқ айтқан сөзіңіз.


— "Игіліктің ерте-кеші жоқ" деп халық бекер айтқан емес... Кейін түсінсең де, мен саған ризамын. Ал, шырағым, мен Отан жауларымен соғысқан кісілердің біреуімін... Отан — менікі, Отан — сенікі. Әрқайсымыз жағдайға байланысты, жасқа байланысты орынды кезінде Отанды қорғауға парыздармыз...


— Кешіріңіз, Павел Васильевич... Енді ғана сізге түсіндім.


— Ал, доғарайын сөзімді. Сен Дмитрий Коваленконың полкында взвод командирі болып тағайындалған бұйрықты мен өз көзіммен оқыдым. Оны қайтаруға болмайды. Жолың болсын, шырағым. Ағалық ретінде ақ батамды бердім.


* * *


Қолыма жолдама қағазды алып, Вахаловпен қоштастым да, жолшыбай машинаның біреуіне мініп, Шыршыққа жол тарттым. Полк штабы жазғы лагерьдің шетіндегі жеке үйге орналасқан екен. Осы үйге жақындағанда, оның алдына жеңіл машина келіп тоқтады да, бір полковник пен оның адъютанты — ұзын бойлы аға лейтенант түсті. Мен батылсызданып тұрып қалдым.


— Сіз маған келдіңіз бе, жолдас? — деп сұрады полковник. Қоңыр дауысты, орта бойлы, қызылшырайлы полковниктің Дмитрий Коваленко екенін танып, мен өзімді запастағы взвод командирі екенімді білдірдім. Коваленко жайдары күліп, қол алды да:


— Ішке кіріңіз, Момышұлы жолдас, — деді. Өзі алға түсіп жүрді. Күзетші документтерімді тексермей-ақ мені де ішке жіберді. Шамасы, полковниктің сөзін естіген болуы керек. Оның кеңсесі әлі жабдықталып болмаған екен.


— Мына орындыққа отырыңыз, — деді де, өзі аласа столдың қасындағы қатқыл креслоға жайғасты. Бір құты «Казбек» темекісін алып маған ұсынды. Өзі шылымын тұтатып болып әңгімесін жалғады. — Басқару құрамының тізімін қарап отырсам, сіздің де фамилияңыз жүр екен. Демек, тағы да бірге қызмет етеміз.


— Ия, солай, полковник жолдас.


— Мен де Тәшкеннен жаңа шықтым. Вахалов маған екеуіңіздің араңызда болған әңгіменің бәрін айтып берді. Сондықтан сіздің көңіл-күйіңіз маған біршама белгілі. Бұл ретте мен сізге ешқандай көмек бере алмаспын. Бұйрық берілген. Енді сіз Қызыл Армияның қызметіндегі командирсіз. Сіз Термезде жаман жауынгер болған жоқ едіңіз, енді мұнда да жаман командир болмассыз деп сенемін. Сөйтіп, енді бірге қызмет етеміз, бір-бірімізге көмектесетін боламыз.


— Менен қандай көмекші шығар дейсіз, полковник жолдас.


— Мен жалғыз өзім бүкіл полктің қай жағына жетем, — деп күлді Коваленко, — ал, сіз сияқты жас командирлер өз міндетін өте жақсы атқаратын болса, онда менің де қызметім жеңілдемек... Бүгін тынығыңыз, киіміңізді әскери формаға ауыстырыңыз. Ал, ертең сағат он екіде маған келерсіз.


— Полковник жаңа келген командирді қоймада бар ең жақсы киім-кешекпен жабдықтасын деп бұйырды, — деді адъютант полк интендантына мені ертіп келіп.


— Қолда бардың тәуірін ертең берерміз.


— Ертең бұл жолдасты полковниктің өзі қабылдайды. Ол кісіге не деп айтып баруды бұйырасыз?


— Солай ма, несі бар. Бұйрық болса, бұл жолдасқа бәрін бүгін-ақ береміз.


— Тігіншілер өлшеп-пішіп көрсін, барлық әбзел-шендерін, түймелерін, жаға астарын тігіп берсін. Бұл жолдас азаматтық қызметтен алыстан келді ғой.


Кешкі асқа мен су жаңа лейтенант формасымен келдім. Бәрі үйренбегендіктен бе, құрым етік аяғымды қысып барады, жаңа портупея сықырлайды, қабындағы наган, офицер сөмкесі әр қадамымды тұсаулағандай болады. Кездескен жанға ебедейсіз қырланып, мен асханаға келдім.


— Міне, мәселе енді мүлде өзгеше, — деді Коваленко менің қолымды алып қуанып. Бірақ қысылып тұрғанымды сезіп: — Мына киімге біраз үйренген соң, өзіңді еркін ұстайтын боласың, — деді.


Бұдан соң полковник менің хал-жағдайымды, жай-күйімді тәптіштеп сұрап, ден қойып тыңдады.


— Көріп отырсыз ғой. Полк деген әзірше жоқ. Бірақ көп ұзамай болады. Полк жасақталған соң, біз бұл жерден орын ауыстырамыз. Қайда баратынымызды әзірге өзім де білмеймін. Ал, енді мына киімді сіз жуық арада шеше қоймассыз. Сіз бүгіннен бастап әскери адамсыз. Жаңа орныңызбен құттықтаймын... Сіз тәжірибелі жауынгерсіз, бірақ командир ретінде тәжірибеңіз аз. Жас командир әркімнің-ақ жанарынан тыс қалмайды. Оны бүкіл құрам бақылап, іштерінен «Сенен қандай командир шығарын көрерміз» деп ойлайды. Адамның бәрі бірдей емес қой: біреуімен тіл тауып сөйлессең, екіншісімен қатал сөйлесу керек. Өз қарамағыңдағыларды әскери тәртіптің ережесінен шығармай ұстаған жөн. «Баланы — жастан» дегендей, әуел бастан берік болыңыз. Командирдің алғашқы қадамының өзі талай істің тағдырын аңғартпақ. Бір-екі ойланбай істеген ағаттық, кейбір мүлт кеткен әрекет, сәл ғана салақтықтың өзі командирдің беделіне көп уақыт нұқсан келтіреді... Тап қазір өз басыңызда қобалжу бар, өзіңіздің азаматтық борышыңыз бен тұрақты армия қатарында қызмет атқарғыңыз келмеген іштей бір сезіміңіздің қарсылығы бар. Әсіресе, осындай сәтте босаңсып кетіп, тірлігіңізді болбыратып алмаңыз.


Сіз ауылыңызға барып, қызмет орныңызбен біржола есептесіңіз. Коллективіңізбен қоштасып, семьяңызға жағдай жасап қайтыңыз. Қаржыңыздың көбін жинап үйіңізге қалдырыңыз. Біз, байқауымша, барлығы дайын дала жағдайында тұратын болармыз. Сондықтан қаладағыдай ақша шашып жүретін жағдай да болмас. — Осыдан кейін полковник орнынан тұрып, маған қолын ұсынды. Жайдары жымиып:


— Жайшылықтағы киіміңізді қобалжуыңызбен бірге үйіңізде қалдырыңыз. Тура бір аптадан кейін полкке ораларсыз, — деді.


Шынымды айтайын, мен Коваленкодан мұндай қабылдауды күткен жоқ едім. Бірден «армияның арбасына» жегеді ғой деп ойлап едім. Мен қуана-қуана ауылға аттандым.


Біздің меңгерушіміз Борис Бархан көз нұры кеміген қарт кісі еді. Менімен әңгімелескеннен кейін лезде шағын жиналысты ашып та үлгерді. Мен жайлы, менің абыройлы қызметкер болғанымды жылы лебізбен айтты:


— Міне, жолдастар, өз ортамыздан ең таңдаулы қызметкерлеріміздің біреуін сүйікті армиямыздың қатарына аттандырғалы отырмыз. Қымбатты Бауыржан, абыройлы болғайсың. Отан даңқын, Отан салтын, Отан шебін қырағы күзете біл. Өз қарауыңдағылардың кемістігіне төзбес бол. Біздің айтар өсиетіміз — осы. Қызыл Армияның қатарында қызмет ету — Совет азаматы үшін ең бір елеулі құрмет. Осы құрмет біздің ортамыздан сенің еншіңе тиіпті...


Осы жиын үстінде Бархан маған екі айлық демалыс қаражаты мен айлық жалақы мөлшерінде сыйлық та берді.


Коллективімнің осыншама жылы лебізін есітіп, мейірбан сөздерінен нәр алып, кешкі поезбен Алматыдан ауылға жүріп кеттім.


Ауыл менің армияға шақырылғанымнан бейхабар екен. Кәрі әкемді кемсеңдетпейін деп хат жазған жоқ едім. Командашымыз өтінішімді ескеріп ауылға босатар деген үмітпен жүргенмін.


Мен поезда вагон-ресторанға кіріп, оның директорынан тәттінің әр түрінен екі қорап толтырып, менің купеме жібертуін өтіндім.


— Тойға барасыз-ау, командир жолдас? — деп ақтарыла күлді дөңгеленген төртбақ грузин.


— Ауылдың қарттары мен балаларына сізден базарлық ала кетпекпін. Мен Әулиеатаның ар жағындағы Бурное станциясынан түсемін, — дедім.


— Жақсы, командир жолдас. Қарттарды сыйлап, жастарды сүйген жақсы ғой. Өзім таңдап, тәттілерді іріктеп, буып-түйіп, жайыңызға апарып берермін, — деп директор жайдарыланып кетті.


Мен кетіп бара жатқанда, директор соңымнан айқайлады:


— Командир жолдас! Шарап! Шарап алдыруды ұмытып барасыз ғой.


— Өзім ішпеуші едім. Ауылда да оны ауызға алар адам жоқ, — дедім мен.


Қолтығымда қос түйіншек, қолымда қолсандық, иығыма шекпенімді көтеріп станция баспалдағымен көтерілгенімде, поезд да орнынан қозғалып еді. Ұзын бойлы, арнаулы киімді, қызыл күнқағары бар мұртты кісі станция кезекшісі екен. Ол да поезды жөнелтіп қайтып келе жатыр.


— Сәлематсыз ба, Сашко ағай! — деп тоқтаттым оны.


— Сәлемат бол, әскери жолдас! — деп әрі таңырқай, әрі абыржып қарап қапты ол.


— Сіз мені танымадыңыз ба?


— Е-е, есіме түспей тұрғаны.


— Мен Бауыржанмын ғой.


— Тьфу! Сайтан алғыр! Момыштың баласымысың!?


— Ия, мен соның өзімін.


— Тьфу! Сайтан алсын!.. Кел, кәне жүгіңді жеңілдетейін. Жүр менің кезекші бөлмеме.


Сашко ағай қолсандығымды көтере-мөтере жүгіре жөнелді.


Мен кезекші бөлмеге келгенімде, ол телефонмен айқайлап жатыр екен: «Абаил ма? Мен Бурныймын ғой. 87-ші бес минут кешігіп келді. Уақытында жөнелттім. Неме? Тьфу! Сайтан алсын! Өй, сен құртымтай шыдашы. Мен Шақпаққа хабарлайын...


Шақпақ! Мен Бурный ғой. Құлақ тос, 87-ші менен уақытында кетті. Неме?.. Мен өйте алмаймын... Құртымтай шыдашы... Өйте алмаймын. Абаилдан жүк поезы шығады. Мен қабылдай алмаймын»... деп жатыр.


Бұдан кейін де Сашко ағай телефонның тұтқасын бұрап, әлденені айтып, тьфулеп, жо-жоқ деп, дамылсыз тірлігін атқара берді. Мен мұнда жалғыз тұра бермей, базар алаңына бет алдым. Станциядан базарға дейін кездескен жұрттың бәрі маған, маған емес-ау әртүрлі әбзелі бар менің әскери киіміме таңырқай қараумен болды. Мен оларға басынан бақайшағына дейін қаруланған атамандай көрінсем керек. Өйткені, үстімде жаңа ғана тәртіпке енген әскери киімдер еді. Жұрттың бәрі орағытып өтіп, ойқастай қарап, жол береді. Ал, мен болсам, ауылға бірге барар таныс біреуді кездестірем бе деп жүрмін ғой.


Уақыттың өзі де «той тарқарға» жақындап қалған екен. Базардағы жұрт сиреп қалыпты. Ауыл адамдарынан ешкімді көре алмадым. Сата алмаған торайын шыңғыртып, қаздарын қаңқылдатып, қызып алып базардан әлі қайтпай қисаңдап жүрген кейбір адамдардың арасымен келемін. Екі жирен ат жегілген сатылы арбаға жоңышқа нықа тиеліпті. Аттар алдындағы жоңышқаны күрт-күрт шайнап бас шұлғып тұр. Қасында гармонылы жігіт екі езуі құлағына жетіп құйқылжыта ойнайды. Топырлаған көңілді қыз-жігіттер қиқулап, дуылдасып, қызулатып таңдайын тақылдатып, табанын тарсылдатып, алақанын соғып билеп жүр. Мені олар көздеріне де ілер емес. Мен өз жерлестерімнің қарапайым халық өнеріне сүйсіне қарап қаппын.


— Жігіттер мен қыздар! Бүгінгі базарға осы да жетер. Аттарыңды жегіп, ауылдарыңа тараңдар енді, — деді гармоньшы жігіт. Мен оны шырамыттым. Жасы отыз бестерге келіп қалған, ауыл советтің хатшысы, ұста Алексей Кононенко екен...


Әлгі сөзден кейін у-шу болған жастар жинала бастады. Қатты сөйлеп, қарқ-қарқ күліп барады... Мен аяңдап теміржол көпіріне қарай беттеп келем. Бірінде қызып алған, енді бірінде жайбарақат отырған адамдар толы көліктер өтіп жатыр.


— Др-др-р!


Байқасам, сатысынан асыра сықита тиелген жоңышқалы арба сықырлап келіп тоқтаған екен.


— Мына су толған шұқанақты амалдап айналып өтпесе болмас. Мә, сен тізгінді ұстай тұр. Мен қарап көрейін, — деп жүре сөйлеп, ұзын бойлы тарамыс сары жігіт арбадан секіріп түсті. Жылтырақ күнқағары бар жаңа картуз киіп алыпты. Маған көңіл аудармай, жайылып жатқан жайпақ лайсаңның айналасын бағдарлай бастады.


— Василь, — деп айқайлап жіберіппін.


Василий Гончаров менің құрдасым еді, әкемнің тамыры қырылдақ шал Кузьма Гончаровтың кенже ұлы болатын. Балалық кезде бақташы боп жүріп табысқан досым еді. Ол да мені бірден танып:


— Бауыржан! — деп дауыстап жіберді... — Жерден шықтың ба, көктен түстің бе. Қайдан келдің өзің? А?


— Мен сені күтіп отырғаныма көп болды, Василь. Жүктерім Сашко ағайда қалды. Сен енді үйге жеткізіп саларсың.


— Ол оңай ғой. Маня, мұнда Бауыржан келіп тұр! Арбаны оңға бұр да, күте тұр. Біз жүктерді әкелейік...


— Тьфу! Сайтан алғыр! Мен тіміскіленіп жүрмін, тіміскіленіп жүрмін... Қайда кетті деп іздеймін кеп, — деп бұрқылдап жүр Сашко ағай жүктерді бізге беріп жатып.


Ауылға дейінгі жол кедір-бұдырлы, адырлы-атызды, ой-шұңқырлы, сай-салалы, көп жылғалы еді. Мен осынша жасқа келгенше Азияның, Европаның, Американың талай-талай тақтайдай түзу, айнадай жылтыр, теп-тегіс жолдарымен де жүріп өттім. Бірақ сол тоқылдақ арбамен ауылға, әкеме, мейірбан құшаққа апарған Маня, Василий үшеуіміздің жолымыздан ыстық соқпақ бар ма екен, сірә? Үшеуіміз де жас едік, үшеуіміз де көңілді едік, үшеуіміз де қуанышты едік.


Арбамыз үйдің қасына келіп тоқтағанда, Василь секіріп түсіп, әкемді шақырды:


— Ата! Біз келіп қалдық!


Әкем шекпенін желбегей жамылып сыртқа шықты. Қуана сөйлеп қалбалақтап жүр:


— Оу, сенбісің, Уәсілжан? Әкелгенің шөп пе, жоңышқа ма? Малдарымыз ашығып тұр еді. Жақсы болды ғой. Көзма-тамыр жіберді-ау? Рақмет, балам...


— Ата! Мен Бауыржанды да ала келдім.


— Не дейсің, балам? Кәне, кәне?


— Мен мұндамын! — деп арбадан секіріп түстім.


Қарт әкем өзіне-өзі сенбеді ме, әлде көзіне сенбеді ме, жеңімен жасаураған жанарын сүртіп, біресе Василийге, біресе маған қарайды. Сонан соң тәңіріне жалбарынғандай күбірледі.


— Өңім бе, мынау түсім бе, Аллам-ау!?


— Әке! Бұл мен ғой!


— Даусыңды танып, түріңді ажырата алмай тұрмын ғой.


— Ата, Бауыржан енді командир емес пе! Қараңызшы, мықынында наганы да бар...— дейді Василий алып ұшып...


Мен әкемнің қажып, қартайып, көзінен нұр тая бастағанына қынжылып тұрмын. Осы екі арада ауылдың адамдары тұс-тұстан андыздап келіп те қалған еді. Жапырласып, шұрқырасып мені ортаға алып жатыр. Әкем бір шетте қуанғанынан не істерін білмей қалшиып тұрып қапты. Кенет өзіне-өзі енді келгендей:


— Шырағым-ау, үйге кірсеңші. Тап бүгін келер деп ойлаппын ба? Қуанышым қойныма сыймай кетті ғой. Сендер де жүріңдер, айналайындар, — деп ауыл адамдарын ішке қоса шақырды. Өзі қалбалақтап бастай берді...


Әкем үйге кірген соң да айналып, үйіріліп, қайта-қайта қарай береді. Ел адамдарының көңілді шуына да қуанып жүр. Кіші шешемді, ағай мен жеңгемді оңаша шақырып алып, әлденені сыбырлайды. Шамасы қонақ жайын ойластырып жүр-ау. Аналар да үнсіз құптап бас шұлғиды да, шығып кетеді...


Үнемі асығып-аптығып жүретін, қуақы да адал Василий қазақша сөйлеп, үйдегілердің бәрінен де асып түсіп отыр. Сәлден соң ауыл ортасына келгенін енді еске алғандай ізет сақтап тұтығып қала берді. Ақыры шешеме тіл қатты.


— Апа! Дастарқанды мол жайсаңызшы. Сараң боп кеткенсіз бе?


— Сабыр етші, шырағым! Қазір самауыр қойып, қой алдырамыз, қуырдақ жасап, бауырсақ пісіреміз... сонан соң шай ішіп, ет жейсіңдер. Ақымағым-ау, қайда асығасың? Атаң солай ретімен жасауды тапсырмады ма.


— Мұның бәрі дұрыс қой, апа. Алайда жолаушының қоржынын сөгіп, базарлығынан дәм таттырмаушы ма едіңіз?


— Хэ-хэ! — деп кеңкілдеп күлді әкем. — Уәсіл дұрыс айтады. Дастарқаныңды кең жай.


Шешем үй орнындай үлкен дастарқанды ортаға жайды. Жиналғандар жағалай қоршап отыр.


Василь түйіншектің біреуін ашып, ішіндегісін ортаға төкті. Қызыл-жасыл жылтыр қағазды тәттілер көздің жауын алып құлпырады. Ауыл адамдары тұс-тұстан қол созып, жапа-тармағай ұмтылып еді, Василь тыйып тастады:


— Тоқтаңдар! Қолдарыңды тартып отырыңдар деймін ғой сендерге! Тағы бір түйіншек бар... Онан да соны қоса ашайық.


— Әкел, әкел, Василь, — деп отырғандар шу ете түсті.


Василь екінші түйіншектегіні төккенде, конфет ортада төбе боп үйіліп еді. Үлкендер әдеп сақтап, әзер шыдап отыр. Ал, балалар тағатсызданып қыңқылдап, тіптен кейбіреуі жылап та жіберді.


— Кім қыңқылдап, кім жыласа, тәтті түгіл тас та жоқ! — деп қорқытады Василь. Әкем өзінің арық аяғын салбыратып биік төсегінде отыр. Бұл төсекті бұдан ширек ғасыр бұрын өзі шауып жасаған екен.


Қазақша білмейтін арамызда жалғыз Маня екен. Ол істің мән-жайына, байыбына түсінбей, орысша-украинша сөздерді араластырып Василь екеуімізге ұрысып қояды. «Бұларың не?», «Бұлай болмайды ғой», «Балалардың қолын қақпайламасаңшы», «Жұртқа неге айқайлайсың», «Ұят емес пе, Василь?», «Командир, сіз бірдеме десеңізші», «Алсын да» деген сөздерді жағы тынбай айтады. Васильдің тізесінен түрткілеп, мазалайды. Оны тыңдар Василь жоқ. «Жайыңа отыр» деп жалғыз сөзбен Маняны қағып тастады да, өз ісін жалғастыра берді. Мен мән-жайды Маняға сыбырлап түсіндіріп отырдым. Төрағасы мен ауыл адамдарының әзіл-оспағын, жарасымды қалжыңдарын аударып жеткізген боламын.


— Ал, енді бас-басыңа екі тәттіден алыңдар, — деді Василий жұртқа. — Қалғаны апамның несібесі.


— Қой, үш-үштен алсын! — деді шешем.


— Жоқ! Жоқ! Екі-екіден, — деп болмайды Василь.— Дәрігерлер тәттіні көп жесең, тісің ауырады дейді ғой, — деп қалжыңдайды ол.


Ауыл адамдары шұрқырасып үйді-үйіне тарап жатыр. Әкем үнсіз тұнжырап отыр.


— Апа, мынаны жинап алыңыз. Үйіңізден бүгін-ертең қонақ үзілмейді ғой. Есігіңізден мереке енбеді ме, — дейді Василь.


— Айналайыным-ау, мен алжыған неме, мына даң-дұңның ішінде есімді де жинай алмай қалыппын ғой, — дейді шешем.


Әкем жөткірініп, мұртын сипап, салалы бурыл сақалын тарап қойды. Кебісін қоңылтаяқ сұғынып:


— Қап, сорлы малдарды ұмытып кетіппін-ау. Соларды суарып, жайғастырайын. Алдарына бір шөкім шөп шашайын. Көкке аузы тигенше қалтылдай тұрмаса болмас, — деді.


— Ата! Мен сізге көмектесейін. Мен де аттарымды суарып, жемдеп алайын,— деді Василь.


— Отыра бер, балам. Сен біздің қонағымыз емессің бе. Адамдар бар ғой, сенің де аттарыңды жайғастырамыз...


— Жоқ, ата, мен қонақ емеспін. Сіздің қонағыңыз Бауыржан мен есігіңізді алғаш көрген Маня ғой.


— Иә, иә. Мұндай қонақтарға қалай қуанбассың. Ал, онда жүре ғой, шырағым. Қараңғы түскенше жайғастырып алайық.


Василий әкемнен бұрын үйге қайтып оралды.


— Арбаны түсірдік, жоңышқаны қора төбесіне жинап та үлгердік. Ата қуанып жатыр, — деді Василий.


— Ал, пұлы қайда? — деп қалды Маня. Мен қатты абыржыдым.


— Иә, базарға сатамыз ба деп алып шығып едік. Бес сомға да алмады ғой. Бес сом деген тегін бергенмен тең ғой. Мейлі енді...


— Менде ақша бар, — дедім мен.


— Жо-жоқ. Атам жаңа шарбақтан шөптей немесе жоңышқа күйінде қайтарамын, — деді.


— Сендер мұны қаржы қажет боп сатуға шығардыңдар ғой.


— Иә, солай. Енді шыдай тұрамыз да.


— Қанбазардың бағасы қанша еді?


— Өткен базарда он сомға да алып кетіп еді. Мен он сомды суырып алып, Васяға ұсындым.


— Жә, жә, мұның не. Өз адамдарымызға сатқанға, оның үстіне қымбатына бергенге бетім шыдамайды, — деп қарсыласты Вася.


Осы кезде әкем де үйге еніп еді. Істің мәнін айтпай-ақ түсініп, әкем мені қолдады. Вася көнетін емес. Болмаған соң әкем бір ұсыныс жасады.


— Мейлі, айтқаның-ақ болсын, Уәсіл. Сен бізге жоңышқаңды қарызға бер, біз ақшаны қарызға берейік! Әжетке жарап, бір-бірімізге қол ұшын бергеніміз болсын. Келістік пе?


— Онда сөз басқа, ата, — деп келісті Вася. Сөйтіп, менің қолымнан ақшаны алды.


Кешкі ас үстінде мен жиналғандарға өзімнің әскер қатарына шақырылғанымды айттым. Жұрт әскер жайын білгісі кеп сұрақтарын алдыма тосады. Мен сауалдарына жауап бердім.


Астан кейін қонақтарымыз Василий мен Маняны ауылына шығарып салдық. Өзіміз қалып шүйіркелесіп отырмыз.


— Алғашында мен сені орыс келін әкелген екен деп қалып ем. — Әкем жымиып езу тартты. — Ал, енді мән-жайыңды айтшы, шаруаңа қанықтыршы. Не болды, қайда бет алдың?


Мен әкеме бар жайды бастан-аяқ баяндадым. Ол ұйып тыңдап отыр. Мен сөмкемнен бір бума ақша алып, өзіме жүз сомын қалдырдым да, өзгесін әкемнің қолына ұсындым. Ол асықпай санады.


— Мынауың бір жарым мың ғой. Солай ма еді?


— Иә, солай болуы керек.


— Мұның бәрін бізге неге беріп жатырсың?


— Полковник солай ет деген.


— Ол сенің ақшаңа да билік ете ме?


— Жоқ, әншейін аталық ақылын айтқаны ғой. Бәлкім, алысырақ барып қызмет етерміз деген болатын.


— Біз осындамыз. Ағайындардың ортасындамыз ғой. Сен болсаң, алыста жалғыз өзің ақшасыз жүрмекпісің. Өзің қалтаңа сала кет онан да.


— Жоқ, әке. Мен жүз он сом жалақы аламын ғой. Оның үстіне тегін киім, тегін тамақ.


Әкем ақшаны бір шаршыға мықтап түйді де, сандықтың түбіне тастады:


— Мәйлі, аса қысылып бара жатпасақ, бұл ақшаңа қол тигізбеспіз. Өзіңе керек бола қалса, аялдамай, алаңдамай хабарлас.


— Жо-жоқ. Қайта, өзім қаржы сап тұрармын.


— Демек, әскерге ұзақ уақыт кетеді екенсің ғой, шырағым, — деді әкем. — Сөз саптауыңа қарағанда, сенің басшыларың өзіңе де, бізге де қамқор біреу ғой деп шамалап отырмын. Сондай жанашыр адамның қарамағында қызмет ететініңді жанымызға медеу тұтамыз да. Солар айтып, сол екі бастығың да ақыл-кеңес берсе, біз туралы толғанса, өзіңді де іштартқаны ғой.


Құлақ сал, балам. Есіңде жүрер бір жай болсын. Ертеде бір бишара кемпір өлер алдында жақындарымен арыздасып-қоштасып жатады. Осы сәтте ардың-гүрдің, әумесер ұлы сырттан кіріп келіп көзіне жас алып, анасының тізесін құша құлапты. Кешірім сұрай жылапты. Сонда ашулы ана былай деген екен: — Найза алып жауға бармадың, қамшы алып дауға бармадың, қос айдап егін екпедің, құрық ұстап малға кетпедің, қан сасып бір көрден шығып ең, мен сенің неңе мақтанбақпын, мен сенің неңді кешірмекпін? — деген екен. Әз ана соңғы демі біткенше, баласының ынжық боп, қор боп қалып бара жатқанына күйініп айтқаны ғой.


— Өзің үлкен сапарға шығарда, мен саған бар үмітімді арнадым, ұлым. Жаман атың шыққан жоқ еді. Сол жақсылығыңнан танба. Ақ жүрек болып жолдасың, адалдық сені қолдасын. Жақсылық үшін тірессең, жаныңды арың қорғасын. Арынды болсын шабысың, алымды болсын табысың, найзадай болсын намысың. Ер жігітке бәрі сын. Қиындық көрсең, мұқалма, ауырлық көрсең, жұқарма, қамқоршы бол кішіге, үлкенді үлгі тұт алға.


Әкем осылайша бар тілеуін алдыма үйіп-төгіп, бауырына басып, маңдайымнан сүйіп қоштасты.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу