31.03.2021
  245


Автор: Ғабиден Қожахмет

Мұғалімнің талабы

Сыныпқа орта бойлы, дембелше денелі, сәнді киінген қара торы жігіт кіріп келгенде, оқушылар "бұл кім еді?" дегендей, бір-біріне таңданысып қарап қалды. Жігітті сонан соң барып шырамытты. Бұл келіп тұрған мынау сабағын бастағалы тұрған жас мұғалима ұстаздың жұбайы еді. Жігіт жолдасының жанына барып тұрды да: "Қайсысы, қане, тыныш отырмай жүрген?!" - деді. Балалар бір-біріне қарап жымың-жымың етісті. Мәселе түсінікті еді. Бұлар - ерлі-зайыпты жас, тату отбасылар. Екеуі де - жоғары білімді маман. Демек, сыныпқа сабақ беретін жас апай жолдасына сыныптың өзіне қиындық келтіріп жүргендігі туралы аз-маз бірдеңе айтқан болу керек. Ал жұбайын сыйлайтын жігіт оларды ертең барып тәртіпке шақырып бергісі келсе керек. Бірақ балалар бұл жігіттен ығысқан жоқ. Себебі олар сыныпқа ешуақытта да үшінші бір адамның кіріп, араласуға болмайтындығын жақсы біледі. Сыныпта тек мұғалім және оқушылар болады. Мұғалімнің жұмысына ешкім келіп сырттан араласпайды. Мысалы, мына жұбайдың жолдасы осы жерде мұғалім болған жағдайда да.


Рас, кейде өз мұғалімінің мүддесін қорғап, сыныпқа завуч немесе директордың кіретіні бар. Балалар мұның өзінің де артық екендігін іштей сезіп отырады.


Себебі сыныпта басты тұлға - тек мұғалімнің өзі.


- Қойсаңдаршы! - дейді мұндайда қыздар. - Жетті ғой қылжақтарың! Қазір тағы да директор келеді енді.


Сыныпқа директор келе жатады.


- Қайсысы, қане, отырмай отырған?! Еділбаев па?! Бұл класта бірдеңені бастайтын Еділбаев қой?!


- Бәрі, - дейді мұғалима орамалын көзіне апарып. - Ер балалардың бәрі.


- Мынау да ма?! - Директор саусағымен бірінші сыныптың баласындай болып, партадан бойы асар-аспас боп отырған баланы көрсетеді.


- Әй, саған дейін де басынайын дедің бе бізді?! Бұл сыныптың ер балдарын түгелдей колонияға жіберу керек қой. Сонда біледі бұлар мұғалімнің талабына бағынбау дегеннің не екенін! Мектебін сағынып жылайтын болады әлі! Өмір сені бағындырады! Өмір деген саған мектеп пен мұғалім емес, басыңнан сипап отыратын. Сабағыңызды өткізе беріңіз, - дейді директор сонан соң мұғалимаға. - Бұлармен жеке-жеке сөйлесу керек.


Сынып сол күні тыныш отырады. Келесі сабақта да солай. Ал одан кейінгі сабақта баяғы әуенін бастайды.


Мұғалімнің талабына бағынбаған бір бала кейін өзі жігіт болып, әке атанғанда: "Сол кездегінің бәрі ақымақшылық екен. Мұғалімнің талабына бағыну керек екен. Мектепте он жыл оқисың ба, он бір жыл оқисың ба, сол өзің оқыған мектеп өзің жайлы бір ауыз жылы сөз айтпаса, сол уақытың босқа кеткенмен бірдей", - депті. Өзі оқыған мектебінің өзі жайлы бір ауыз сыртынан айтқан жылы сөзіне қуаныпты.


Әлгі жас мұғалима кейін басқа мектепке ауысып кетсе керек. Оның орнына келген дәл өзіндей жас мұғалима сыныпты шырқ үйіріп алып кетіпті.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу