31.03.2021
  219


Автор: Ғабиден Қожахмет

Мектептің ұстаздары

Фольклорлық материалдар жинап, тәжірибеден өтіп жүрген бір топ студент Жанділда ағайдың үйіне таңертең ертелетіп келгенінде, ұстаз сонда таңғы шайын ішіп дастарқан басында отыр еді. Жанділда ағай студенттерді Нұғыман ағайға бастап ертіп бармақ болатын. Өйткені студенттер ардагер ұстаз Нұғыман ағайдан әңгіме сұрамақ. Ал Жанділда ағайдың өзі бұл кезде мектепте әлі сабақ беріп жүрген кезі еді.


Ғылымның жаратылыстану бағытындағы биолог деген мамандар бақа-шаян, жәндік атаулыға үйір келетін көрінеді. Қыбыр-қыбыр етіп жатқан жәндікті көрсе, жанынан айналсоқтап, үйіріліп шықпай соның тыныс-тіршілігін үлкейткіш шынымен күнұзақ бақылап отыруға бар дейді. Ал филологтардың мақсаты басқа, филологтың діттегені – сөз. Қай жерде есті сөз бар, қай жерде ескі сөз бар, ат-көліксіз, жаяулатып, жалпылатып жетсе де, барып жазып ала қоймақ. Есті сөз жерде қалмасын дейді ғой. Биолог пен филологтың бірінің жәндік атаулыға үйір келетін мінезіне қарай, бірінің сөз іздеп, сөзге үйір келетін мінезіне қарай өзге факультеттің студенттері оларға «естфак – бақа-шаян, филфак – өсек-аяң» деп қалжыңдайды екен. Мына осындай мақсаттағы фольклорлық материалдар жинап жүрген Қызылорда пединституты студенттерінің бір тобы Қожабақы ауылына келіп түскен еді. Филология факультетінде оқитын студенттер 1-курс бітіргеннен кейін фольклорлық тәжірибеден өтетін, ал 2-курс бітіргеннен кейін диалект сөздер жинау тәжірибесінен өтеді. 3-курс бітіргеннен кейін өзге педагог мамандықтары секілді лагерьлерде баламен жұмыс істеу тәжірибесінен өтеді, ал 4, 5-курстарында қаланың мектептеріне барып оқушыға сабақ беріп көру тәжірибесінен өтетін.


Нұғыман Әбдіразақов – Қожабақы ауылындағы №25 мектепте ұзақ жылдар бастауыш сынып балаларына сабақ берген ұстаз. Бұл кезде зейнет демалысына шығып кеткен ардагер ұстаз еді. Ақын ұстаздың жазған өлеңдері бір кезде аудандық «Ленин туы» газетіне (кейін «Қазыналы Қазалы», бүгінгі «Қазалы» газеті) басылып шығатын. Нұғыман ағайдың өзі де балаларының бәріне ақын-жазушылардың есімін қоя берген кісі. Тіпті бір ұлына есімін қоюға рұқсат сұрап Алматыдағы Сәбит Мұқановқа хат жазған екен. 60-жылдардың басында Алматыдағы атақты жазушыдан ауыл ұстазына хат келуі талай көңілдерге әсерін берген оқиға болған. Нұғыман ағайдың студенттермен кездесіп әңгімелесейін деуінің өзінде де ұстазға тән зиялылық мінез жатыр еді. Өйткені Нұғыман ағайдың бұл кезде қатты науқастанып жатқан кезі еді. Кейін ол кісі дүниеден өтіп кетті. Сонда студент қыздар үстел үстіне дәптерлерін жайып тастап Нұғыман ағайдың аузынан шыққан сөзді жазып алып жатқанда, ұстаз екі иінінен әзер демалып сөйлеп отырды.


Жанділда ағай студенттерді жадыраңқы қабақпен қарсы алды. «Келіңдер, балалар, «Таңғы асты тастама...» деген бар ғой», – деді Жанділда ағай.


Ұстаз Жанділда Сүндетовтің өзі де бір кезде осы студенттер секілді Қызылорда пединститутының қазақ тілі мен әдебиеті мамандығында оқыған кісі ғой. Ұзақ жылдар №25 мектепте осы пәннен сабақ беріп, зейнет демалысына 1994 жылы шықты. 1994 жылы қазан айында, Мұғалімдер күні мерекесінде ұстаз Жанділда Сүндетовті және №25 мектепте ұзақ жылдар директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болған ұстаз, физика маманы Сәбит Жалғасбаевты құрметті демалысқа шығарып салу рәсімі өткен еді. Оған Қазалы аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары келіп қатысып, құттықтау тілегін айтты. Жанділда ағай содан кейін де мектепте екі тоқсан сабақ беріп зейнет демалысына шықты.


Дастарқан басында ұстаз фольклорлық тәжірибенің мақсатыменен үйлерінен жырақ жүрген топтағы студент қыз-жігіттерді бір серпілтіп алғысы келді ме, бір әңгімені бастай берді:


– Осы күні дінге деген сұраныс оянып жатыр ғой. Бір күні бір ауылдың клубына аңғал елге дін үйретем деп бір дүмше лектор келеді. Дінге сусап отырған халық клубқа лықа толады. Лектор мінберге көтеріліп алып халыққа:


– Ассалаумағалайкүм деген сөздің не мағына беретінін білесіңдер ме? – дейді.


Халық бір-біріне қарайды.


– Әй, соны білмейді екенбіз. Өзіңіз айтпасаңыз...


– Ендеше біліп қойыңдар, – дейді лектор алдындағы судан бір ұрттап қойып. – Ассалаумағалайкүм деген сөздің беретін мағынасы – «мені танисың ба?» деген сөз.


Халық аң-таң. «Әй, бұл білімсіздік дегенді қойсайшы. Діни сауатымыз енді ашылды-ау».


– Ал уағалайкүмассалам сөзінің не мағына беретінін білесіңдер ме? – дейді лектор тағы да халыққа.


– Ассалаумағалайкүмнің не мағына беретінін білмей отырғанда, уағалайкүмассаламның не мағына беретінін қайдан білейік? Өзіңіз айтыңыз, ғұламам.


– Онда білмесеңдер, біліп қойыңдар, – дейді лектор тағы да алдындағы судан бір ұрттап қойып. – Уағалайкүмассалам сөзінің беретін мағынасы – «жоқ, танымаймын» деген сөз.


Халық қыран-топан. «Әй, бұл білместік дегенді қойсайшы. Болмаса осы сөздерді ауылда бір-бірімізге күнде айтып жүрген жоқпыз ба?»


Студенттер де лектор айтты деген сөзге күліп жатыр. Жанділда ағай жастарды осылай бір серпілтіп алып:


– Ал, балалар, тұрайық, Нөкең үйінде күтіп отырған шығар, – деп ас қайыру үшін алақанын жая берді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу