31.03.2021
  284


Автор: Ғабиден Қожахмет

Мамандық

Үй иесі әйел қонақтарының көзінше қолындағы телефонымен тағы да сөйлесе бастады.
Қонақтар бұл үйге түс әлетінде жиналған еді. Әйел содан бері телефонымен қонақтарының көзінше бірнеше мәрте әлдекімдерге өзі қоңырау шалып сөйлесті. Қонақтар мұндайда еріксіз тәртіпті баладай бола қалатын. Әйел үйде бейне бір жалғыз жүргендей-ақ, телефонымен емін-еркін, әрлі-берлі жүріп саңқылдай сөйлеседі. Кейде сол күйімен ана бөлмеге өтіп кетіп, қайтадан қонақтары отырған бөлмеге кіреді. Әйелдің қызылшырайланған жүзі телефонмен сөйлескен сайын күлімсірей түсіп, көздерінің қиығын отырған қонақтарына күлімдеген күйі аудара кетуді де ұмытпайды. Әйел әр сөйлескен сайын өзінің жеке шаруасына байланысты өтініштерін телефонның аржағындағы әлдекімдерге өзімсінген үнмен қадай тапсырып жатады. Әйелдің сөйлескен дауыс ырғағына қарап-ақ, бұл өтініштердің қапысыз орындалатындығына қонақтарының өзі де күмәнсіз сенгендей еді. Ол әр сөйлесуін аяқтап болғаннан кейін қонақтарына тұтқаның аржағындағы жанның кім екендігін, қандай мамандық иесі екендігін байыппен түсіндіре бастайтын. Сонан соң үй иесіне тән әдетпен жағалай отырған қонақтарына бәйек болғансып, астан алып отыруын өтінеді.


- Мына телефонның ішінде, - дейді әйел осындай кезекті бір сөйлесуін аяқтап болысымен қонақтарына қолындағы телефонды көрсетіп. - барлық мамандық иелерінің тізімдері енгізілген. Бәрі де шаруаға керекті адамдар. Тіпті дүкенші қыздың да есімі бар. Тек бір ғана мамандық иесі енгізілген жоқ.


Қонақтар "бұл кісіге қадірі кем боп тұрған ол қандай мамандық иесі болды екен?" дегендей бір-біріне қарасты.


- Қанеки, ас алыңыздар, - деді әйел жайдарылана күліп. - Астан алып отырыңыздар.
Кенет әйелге дастарқан басында отырған сәнді киінген бір ер адам сұрақ қойды:


- Кешіріңіз, - деді ол әйелге қарап отырып. - Әлгіндегі сіз айтқан мамандық иесі қандай мамандық болды екен деп ойланып отырғаным.


Әйел қонағының сөзіне сыңғырлай күліп алды.


- Мына телефонның ішінде, - деді сонан соң әйел қолындағы телефонды сілкілей ұстап. - шаруа тапсыруға жарарлық керекті мамандықтардың бәрі де енгізілген, тек мұғалім ғана жоқ.


Әйелдің мына сөзінен кейін отырған қонақтар тағы да бір-біріне қарасты.


- Мұғалімге, - деді әйел сосын тағы да бір сыңғырлай күліп алып, - тәйірі, қандай шаруа тапсыра қоймақсыз?


Бірақ сұрақ беруші қонақ әйелмен бірге қосыла күлген жоқ және былай деді:


- Онда сіз қоғамдағы ең маңызды шаруамен айналысып отырған мамандық иелерін ұмыт қалдырған екенсіз.


Әйелдің жүзіндегі әлгіндегі көңілді күлкісі лезде жойылып, қонағына аңтарылған күйінде қарап қалды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу