30.03.2021
  261


Автор: Ғабиден Қожахмет

Ақыл

Ескенге жұрттың бәрі ақыл айтқыш еді. Ескеннің бір мінезі зияны жоқ қой деп айтқан ақылды тыңдай беретін. Бірақ сол ақыл айтқан жұрт Ескенді осы бала қалай-қалай өзі деп сыртынан қыжыртып та кететіні бар еді.

Бір күні Ескен бір іс бастамақ болды. Әлгі бастағысы келген ісі өзіне қызық көрінгені соншалық, ұйқысы қашып, сол туралы ойлады. Ойша жоспар-жобасын сызды. Енді осы ойға алған ісін бастап кетпес бұрын біреуден ақыл-кеңес сұрағысы келген еді. Ескеннің бұл жағынан алғанда жолы болған жігіт еді. Өзіне ақыл беретіндер көп. Солардан барып ақыл-кеңес сұрап ала қоймақ.

Ескен осы оймен өзіне ақыл айтатын жандардың біріне жолықты. Ойын айта бастағаны сол еді, әлгі адам "бір минут та уақытым жоқ" дегені. Ескен әуелде таңырқап қалды. Әшейінде осы кісі ақыл айтқанда Ескеннің жанында сағаттап отырып айтпаушы ма еді?

Дегенмен Ескеннің бұған бола тауы шағыла қоймады. Өйткені ақыл беретіндер әлі де көп еді. Ескеннің енді келесі жолыққан кісісі Ескенге "қайдан білейін, өзің білесің ғой, өзің білесің-дағы" дей берді.

Ескеннің осылай жолыққан адамдарының барлығы бірі "уақытым жоқ" десе, енді бірі "өзің білесің" деп Ескеннің тауын қайтарумен болды.
Ескен енді ойлаған ісін өзінің ақылымен қолға алмақшы болып шешті. Бастап та кетті. Тіпті бастаған ісін аяқтауға да жақын қалғаны сол еді, бір күні Ескеннің ауласына өзіне ақыл айтатын жандар дүмеп кіріп келгені. Ескен әуелде оларды бастаған ісіне береке тілегелі келген екен деп ойлап еді, әлгілер Ескенді салған жерден кінәлап қоя берді. Айтуынша, осы күні Ескен сияқтылар бір істі бастаса, адамнан ақыл-кеңес сұрау дегенді білмейді, өз бетінше кетеді.

Ескен бұл сөзге аузы аңқиып тұрып қалды. Осыны айтып тұрған алғаш жолыққан кезде "уақытым жоқ" деп тұра жөнелетін кісісі еді.

Ескеннің бір мінезі кісіге шамырқанғанда аузына сөз түспей қалатын. Бұл жолы да сөйтті. Әлгілер Ескенді кінәлап-кінәлап ауладан шығып жүре берді.

Ескеннің енді еш нәрсеге зауқы соқпай қалды. Үйіне кіріп сәл қисайып жатқысы келіп еді, мазасы болмады. Сонаң соң түрегеліп үстел жанында тұрған орындыққа келіп отырды.

Үстел үстінде кітап жатыр еді. Ескеннің ештеңеге ықыласы болмаса да, әлгі кітаптың парақтарын аударды, аударды да мына жазуларды оқыды:

Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап,
Әуре етеді ішіне қулық сақтап.
Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,
Еңбегің, ақылың мен екі жақтап.

"Қайран қара шалым-ай, - деді Ескен жазудың үстіндегі суретке қарап, - баяғыдан бері ақылды сенен сұрасамшы".



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу