Өлеңдер ✍️

  30.03.2021
  175


Автор: Ғабиден Қожахмет

Жығылмасын махаббаттың жалауы

(жігіт сөзі)

Сезім сәттің айтсақ та оңай ұранын,
Өмір бір күн тоса қояр сұрағын -
Дедің-дағы, сол сезімнің Сен бірде
Биігі мен тауы не деп сұрадың.

Жанарларда қандай сыр бар бүгілмек,
Меңзедің бе сол жаныма үңіл деп.
Сенім дедің сосын тауы сезімнің,
Қос жүректе қатар тұрып білінбек.

Сол биікті қанша-дағы аңсарсың,
Сеніміңе бірақ та өзге тамсансын.
Сезіміміз жүректерден өріліп,
Таудан ағар өзен болып ән салсын.

Әрқашанда сол сенімнің күшін ұқ,
Алу үшін махаббатты түсініп.
Шын сезімнің тауы асқақ болады,
Сол биіктен алма дедің түсіріп.

Көңіл шығын таң шапағы жұбатып,
Арман жолдың адалдығын ұнатып,
Махаббатты өмір жолда сынатып
Содан бері жылжып өтті уақыт.

Талай мәрте ұшырасып сынаққа,
Ортақ арман салса да әнін жырақта.
Серт семсері сынбады да, биіктен
Сенім жүгін түсірмедік бірақ та.

Демесек те үлкен сынға бара қал,
Айтпасақ та мүлде өзгеше бола қал.
Асқақтаттық сенім шыңын, бұл күнде
Желбірейді көгінде қыз орамал.

Бірде түлеп, бірде арманда торықтым,
Сен де арманды қайта таптың, жолықтың.
Желбіреген қыз орамал биіктен
Махаббаттың туы екен, соны ұқтым.

Сезім сыры бүгін бізге бағалы,
Ортақ арман күліп әнін салады.
Асқақ көктен қол бұлғасын сенімдер,
Жығылмасын махаббаттың жалауы!



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу