Өлеңдер ✍️

  30.03.2021
  315


Автор: Ғабиден Қожахмет

Тыңдап тұра бердім сенің даусыңды

(қыз айтқан сыр)

Сен мен үшін таусылмайтын көктем ең,
Мейлі, қойшы...
Уақытымды да шектеп ең.
Сонда-дағы, сонда-дағы бәрінен
Сен жақын боп кеткен ең!

Сен жайлы жұрт не айтпады,
Сөзбен бәрін түгендер
Бар ғой небір пенделер де
Бәрін өзі білем дер.
Сен жайлы жұрт не демеді,
Тыңдай берсең егер де,
"Жүрегіңе жақын етпе" деді-ау тіпті біреулер.

Ал біреудің сөзі мүлде салғандай еді түнекке,
Не айтқанын білесің бе?
"Төсегіңде түнетпе!"
Сол сөзден-ақ содан кейін сұры қашып көңілдің,
Әй, сол күні егілдім!

Бейне күзге боялғандай болып мына атырап,
Дедім іштей:
"Мен туралы не ойлаған?.. Ақымақ!.."
Айтар сөзі көрінетін найзағайдай, жасындай
Неге адамдар, неге адамдар осындай?!

Сезімімнің сонан соң да шағылмастан тауы бір,
Саған деген махаббатым кеміген жоқ бәрібір.
Көрсетсем де мен өзіңе сен төзбейтін сан қылық,
Талай мәрте қойдың мені таң қылып.
Адам үшін көктемі де екен бірақ өтпелі,
Бақыт деген емес екен мәңгілік.

"Неге өзіңе сонша мені қараттың,
Қайдан ғана сені өзіме жолаттым?.."
Деп еркелеп жүрген күннің бірінде
Сені көзден жоғалттым.

Сол сәтінде-ақ мұң торлады жанымды,
Жүрек, шіркін, сені бірден сағынды.
Аяулым-ау,
Сенсіз өткен бір минут
Жылдармен тең,
сұрамашы халімді!

Сағынышым ақша бұлт боп жүзеді,
Неге тағдыр бақыт жібін үзеді?!
Сенсіз өткен қараңғы еді күндізім,
Сенсіз менің көктемім де күз еді.

Жаулап алып ой-санамды сан сұрақ,
"Қайда?!" деймін,"Қайда?!" деймін сансырап.
"Қоңырау шал!.."
Сол ой мен де үміт болып оянды,
Бейне алдан жанғандай боп шамшырақ.

Серпитінсің жан дүниеме келсе мұң,
Қуантатын сәттерімді сеніменен өлшедім.
Басқа амалым қалмады да, ақыры
Нөміріңді теріп тұрдым мен сенің.

Сен екенсің - байлығым да, бағалым!
Әп-сәтте бір қалдырдың ғой нала, мұң.
"Өзің қоңырау шалмақсың ба?.."
Дейді менің ішкі ойым,
Қайтем енді, жоқ қой басқа амалым.

"Соғу керек қоңырау!.."
Осы ойдан ес кірді,
Ойламадым тіпті басқа ешкімді.
Гудок кетті,
Көңілде бар қобалжу,
О, Тәңірім!
Сенің даусың сол сәтінде-ақ естілді!!!

Жасырмаймын ешкімге де жан сырды,
Сені іздеумен ғазиз жүрек жаншылды.
Көзімде жас, көңілімде болып қуаныш,
Тыңдап тұра бердім сенің даусыңды.

Сүйкімді еді неткен сенің дауысың!
Неге өмірде адам үшін бәрі сын?!
Тыңдап тұрдым,
Құлағыма кеп тұрды
Маған ғана, маған ғана таныс үн...

Кеудемде бір жүріп өтті күй ағын,
Сені қалай басқа жанға қиямын.
Іздеп жүрсем... Іздеп жүрсем...
Сен төсектің астына
Түсіп кеткен екенсің ғой, ұялым!

Сен арқылы жер жаһанды таныдым,
Байланыссыз - мына өмірде бәрі мұң.
Жігітсіз де таң атып, күн шығар-ау,
Телефоның жоғалмасын, бауырым!



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу