Өлеңдер ✍️

  30.03.2021
  194


Автор: Ғабиден Қожахмет

Болмысы асқақ бабалар

Өтсе де ғасыр бір күннен асып бір күнің,
Басталған екен елдігің сонау жыл бұрын.
Ордаңды тіктеп, шаңырақ көтерген кезіңді
Санада сақтап, айшықтап жазған күн бүгін.

Есіңе салып өткеннің жолын енді күн,
Мақтан боп сосын оянды бүгін елде ұғым.
Кереге керіп, уығың берік шаншылып,
Жаңғырған екен сонда бір ұлыс, елдігің.

Ғасырмен жасап, еркін ел бүгін болсақ та,
Бүгін мен кеше: қос ұғым кетпес алшаққа.
Шаңырақ құрып өткеніңде де тұрыпсың
Бұла күш болып, бұлықсып сыртқа сол шақта.

Іргелі ел боп, халқың да сол кез көшке ерді,
Күй кешіп текті, алдыңнан самал ескен-ді.
Мың-мыңдап қолмен оғыландарың тұрғанда,
Суырылса қылыш, сұсыңнан жауың сескенді.

Басыңнан сосын өткізіп талай майданды,
Ұлдарың түгіл, аруда намыс қайралды.
"Жағадан жауың... тартқанда бөрі етектен",
Ұрысың салған жеңіске талай айналды.

Әруағың жебеп, ғаламат бойға күш кірді,
Дұшпаның көрді жанардан намыс-ұшқынды.
Елім деп туған еңкеймей өткен ерлерің
Жауына талай атының жалын құштырды.

Майданда ұлға Әкелер ерлік ұқтырып,
Тілеуін Ана тілеген көзде шық тұнып.
Тарихтың кейде ащысын татқан кезде де,
Қалып ең әр кез рухың сынбай тік тұрып.

Хандарың айла ұстанып сыртқа сан қырлы,
Санада ерлік сан рет қайта жаңғырды.
Отанды олар өмірімен қорғап, сонан соң
Ұрпаққа бәрін аманат етіп қалдырды...

Өткенің болып - бабадан текті туған ең,
Бүгінің болып - Еркіндік күнді жырлап ең.
Еліңе заман оздырған сайын уақыт,
Ұлтыңды танып, мойындай берсін күллі Әлем!



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу