Өлеңдер ✍️

  30.03.2021
  180


Автор: Ғабиден Қожахмет

Мұғалімдер

Мұғалімдер - ұстаз атты аңсар ән,
Жандар солар білім үшін жар салған,
Жандар солар қыркүйегінде көш түзеп,
Төл мейрамын қуанышпен қарсы алған!

Мұғалімдер, тәлім, таным сөздері,
Сол арқылы келешекті көздеді.
Мамандығы мәртебелі болса да,
Кішіктікпен өмір сүрген өздері.

Мұғалімдер - шәкірттегі отты арман,
Сонысымен кеуделерде жатталған.
Үздіктерін ұлы жолға шығарып,
Ал өздері қарапайым боп қалған.

Мұғалімдер білімге асқақ кенелген,
Шәкірт кеуде сол арқылы еленген.
Би билесе, ән салса олар - өнерпаз,
Тұлабойын кенде етпеген өнерден.

Мұғалімдер еңбекпен күн өткерген,
Сырлас жаны күзі, қысы, көктеммен.
Мына өмірде Ару деуге лайық -
Көпшілігі нәзік жандар боп келген.

Мұғалімдер дақ түсірмес сенімге,
Ұстаз болып қалар мәңгі көңілде.
Жандар олар шәкірті озық болсын деп,
Өз тірлігін ұмытатын өмірде.

Мұғалімдер, жас шыбыққа сенген шын,
Солар үшін мына өмірге келгенсің.
Сондықтан да жаңа ғасыр, Отанның
Тірегі де, тілегі де - сендерсің!



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу