Өлеңдер ✍️

  30.03.2021
  230


Автор: Ғабиден Қожахмет

Әйел-Ана

Болмысың, бар тілегің елің үшін,
Әйел-жар, отбасының сенімісің!
Тәлімін Ару-ғұмыр күннен алған
Сен бүгін бір әулеттің келінісің.

Шыдаумен өмір-жолда сынақтарға,
Тырыстың отау жүгін құлатпауға.
Жалғадың өз ұлтыңның ұрпақтарын,
Пәниде бұдан асқақ мұрат бар ма?!

Перзентке арнадың да танымыңды,
Болмаса дедің соның әні мұңды.
Жұртыңның бойға сіңген қасиетімен
Ұрпаққа бердің текті тәліміңді.

Көрсетіп ар жолының дұрыстығын,
Дегендей осы жолмен ұғыс, күнім!
Дарытып бесігінен жақсылықты,
Күзеттің сол бесіктің тыныштығын.

Бөбекке текке кетпей ұқтырғаның,
Жандырдың сол арқылы құттың бағын.
Адалдық әні айтылып әлдиіңмен,
Сіңірдің уызынан ұлттың нәрін.

Жүрегің перзентке ортақ төгед нұрын,
Санамай біреуінен ерек бірін.
Үйреттің ұл-қызыңа үлгі етіп
Өмірде әке сыйлау керектігін.

Әрдайым берсін дейсің елге тыным,
Заманның құбылса да келбеті мың.
Тараған ұрпағыңнан ұрпақты ойлап,
Тілейсің татулығын әулетіңнің.

Анамен шаңырақта болар-ды бақ,
Перзент те ол бар жерде табар мұрат.
Есейіп кетсе-дағы ұл мен қызың,
Бәрібір Ана-жүрек алаң бірақ.

Өмірден өссе бөбек алар гүлін,
Шықса да, мейлі, шыңға олар бүгін.
Әлі де еркелейді баяғыдай,
Тәңірден тілеп Ана амандығын.

Жанына ұл-қызыңның үңілесің,
Бәйек боп, болса нала, жүгіресің.
Әр жанның жүрегінде Ана деген -
Жазылып қалған мәңгі ұлы есім!



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу