Өлеңдер ✍️

  30.03.2021
  625


Автор: Ғабиден Қожахмет

Зейнеткер ұстаздарға арнау

Ғасыры жас, заманы асқақ өрендер,
Әр сат сайын жаңалыққа елеңдер.
Әже көрсең, немере бар жанында,
Кешегі ұстаз - осы, ізетпен сәлем бер.

Арман жолмен болашаққа қадам бас,
Сонда қоғам саған да мін таға алмас.
Кешегі ұстаз - салиқалы қарт көрсең,
Бұрыла кет, ілтипатпен амандас.

Болашаққа артып барлық сенімін,
Олар текке өткерген жоқ өмірін.
Мектебімен бірге жылдар жасасып,
Құрметін көрген талай елінің.

Жандар емес босқа уақыт өткерген,
Бар өмірі бала, шәкірт деп келген.
Олар кеше жасай алған ұлылық,
Білім беріп қара тақта, ақ бормен.

Олар сенің атаңды да оқытқан,
Олар сенің анаңды да оқытқан.
Қарайласаң солар жүрген өткенге,
Тәлім алған ағаң-дағы, әпкең де.
Солар айтар, жас көңілің сенбесе,
Саған да ұстаз - осы жандар, ендеше.

Олар да асқақ білім жолын ән қылған,
Тәлім алған талай-талай балдырған.
Жандар олар мағыналы өмірін
Мектебінде шежіре етіп қалдырған.

Бірге жасап өмір-жолда мектеппен,
Өткен талай сынақтардан, өтпектен.
Бүгін, міне, шәкірттері олардың
Өздері ата, өздері әже боп кеткен.

Болашаққа өткеніңмен қадам бас,
Көрінсе де өз заманың саған жас.
Кешегі ұстаз - осы, ізетпен сәлем бер,
Кешегі ұстаз - осы, ұрпақ, амандас.



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу