Өлеңдер ✍️

  30.03.2021
  171


Автор: Ғабиден Қожахмет

Он жылдан соң...

Тал бесігіңнен таңғажайып сыр таба алдым,
Есіңнен әлі кете алмай жүр-ау балаң күн.
Он көктемнен соң ойларға толы өмірмен
Шәкірттік шаққа оралдың.

Есіңде әлі балалық сырда жүзгенің,
Естелік жібін он көктем бойы үзбедің.
Оралып қайта өзің қалдырған кешегі
Балалық күнді іздедің.

Сағыныш сезім жүректе алау жандырған,
Өткені рас осынау жылда сан думан.
Бойжеткен қыздың шәкірттік белгісі бір кезгі
Ақ бантик қайда қалдырған.

Өткен күндерді айттың ба бүгін ертек қып,
Қалайша мынау аз ғана сәтте ержеттік.
Шәкірттік шағын еске алған анау жігіттің
Кездері қайда тентектік.

Он көктем бойы өтіпті дәурен, тұрмапты,
Уақыт атты әмірші бүгін тіл қатты.
Сандаған жылдар сабырмен келіп бойыңнан
Балалық күнді ұрлапты.

Өткен бір шақпен жараса білсең, жаның ұқ,
Табиғатыңнан шын сезім жатса табылып.
Оралдың бүгін ойларға толы көңілмен
Кешегі күнді сағынып.

Қайғы қылышы торлапты-ау кейде аспанды,
Жабығып келіп жанардан бүгін жас тамды.
Іздедің қайта жүрегің мұңға малынып
Жоғалтып алған достарды.

Өткен бір күнге апарып қыз бен ұлыңды,
Уақыт-кеме өзіңе бүгін бұрылды.
Есейіп қанша кетсең де солай, достарға
Сезімің болсын бұрынғы.

Ұғынып соны жаныммен мен де жай табам,
Бойыңнан сенің сағыныш сазын байқағам.
Кешегі күнге шәкірттік доспен бір жүрген
Оралшы бүгін қайтадан.

Осылай ет те әсем бір әнге сал бүгін,
Оралып тұр ғой өйткені саған бал күнің.
Шаттықты күнде өздеріңе ғана арналған
Думанмен атсын таң бүгін!



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу