Өлеңдер ✍️

  30.03.2021
  229


Автор: Ғабиден Қожахмет

Қыз ұзатқан ата-анаға тілек (балаларының тілегі)

Осылай өмір сыйын ұсынғаны,
Парыз ғой қызды ұядан ұшырмағы.
Мінеки, ата-анамыз балапанын
Ниет қылды ұясынан ұшырғалы.

Сіңіп еді бізге ардақты сөздеріңіз,
Сіздерден тәлім жолын сезгеніміз.
Аяулы, асыл жандар ретінде
Әр шақта тек жақсылық көздедіңіз.

Жылдарға жүгін артқан көшті ұғыңыз,
Өсіп еді аялаумен бес қызыңыз.
Екеу боп екі жақтан сол шаттыққа
Тағы да қос қуаныш қосты ұлыңыз.

Бес қыздың бірі ұзап барады енді,
Өз орнын жаңа өмірден табады енді.
Осынау тойдың үлкен қуанышы
Сіздерге бір толқыныс ала келді.

Біздерге ардақты еді сеніміңіз,
Бақытты болсын мәңгі елігіңіз.
Қыз өсірген ата-ана шын ардақты,
Әрдайым сауапты іске жолығыңыз.

Ұзады бақыт жолға тағы бір із,
Бойында сіздер берген тәліміңіз.
Әрдайым құдалардың арасында
Ұл мен қыз арқылы артсын қадіріңіз.

Өмірде орындалып ойларыңыз,
Мәңгілік тарқамасын тойларыңыз.
Үмітін ата-ананың ақтайтұғын
Бақытты болсын ұл мен қыздарыңыз!



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу