Өлеңдер ✍️

  30.03.2021
  577


Автор: Саят Әбенов

Балалы үй - базар

Бала деген - отбасының шырағы,
Бала деген - ата-ананың шуағы.
Бұл өмірдің ең бақытты сəттері,
Балалардың көптігінен тұрады.

Бала деген - еркетотай бұзығың,
Бала деген - таусылмайтын қызығың.
Бұл өмірде жиған барлық байлығың,
Бала кезден бағып қаққан қыз-ұлың.

Бала деген - тарқамайтын базарың,
Бала деген - тарих қылып жазарың.
Сол баланың балдай тəтті күлкісі,
Он сегіз мың ғаламдағы ғажап үн.

Бала деген - лүпілдеген жүрегің,
Бала деген - ең бірінші тілегің.
Еш пенденің жылатуға хақы жоқ,
Əлемдегі балалардың біреуін.

Таусылмайтын əңгіме көп ол жайлы,
Балаларсыз өмір қызық болмайды.
Біз оларды аялайық, қорғайық,
Ел ертеңін сол батырлар қорғайды!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу