Өлеңдер ✍️

  30.03.2021
  2892


Автор: Саят Әбенов

Атылған оқ

( 31 мамыр - саяси қуғын-сүргіннің құрбандарын еске алу күні)

Мен керексіз қазақ болдым бұл күні,
Тақалғанда жауыздардың мылтығы.
Сонда мені аяп тұрған оқ қана,
Өзгелердің көрге тығу күңкілі.

Көз алдымда көлеңке жоқ, тас түнек,
Əлгі мылтық шүріппесін басты кеп.
Атылған оқ өн бойымды суытты ,
Қарт өмірмен қош айтысты жас жүрек.

Өлдім сөйтіп заман бəрін көріп тұр,
Айдалаға кетті бізді көміп құр.
Өкінбеймін, елім үшін өлдім Мен,
Ей, Құдайым, ұрпағыма соны ұқтыр.

Ұрпағымды жақсылыққа жолықтыр,
Сол заманның жүрегі əлі соғып тұр.
"Айтылған сөз - атылған оқ" деуші еді,
Атылған оқ - айтылмас сөз болып тұр...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу