Өлеңдер ✍️

  30.03.2021
  187


Автор: Саят Әбенов

Əкемнің қайрауы

Қарайлама артыңа, ұлым, алға,
Көктен түсе салған жоқ ұлылар да.
Мен - Əкеңмін, ал сенің жазғаныңда,
Əкесінің біреудің құны бар ма?

Көтер басты түсірме құр өзіңді,
Сені көріп жүрегім шын езілді.
Мінезімді көрсетем кімге барып,
Мін астында қалдырсаң мінезіңді.

Жұрттың ойы жағаңды жырту болса,
Жыртса жыртсын тіліңді қырқығанша.
Тумағанның бастары ауырмайды,
Туғанының басына күн туғанша.

Жаз. Жаза түс. Бұл өмір мың сынайды,
Мың сынаққа тек мықты ұл шыдайды.
Баласының жүрегі тыншығанша,
Əкенің де жүрегі тыншымайды.

Өзің шыққан суықтау сезілді ортаң,
Сол себепті болсыншы төзім қалқан.
Бала күннен шимайлап жазатынсың,
Жаза берші жазасын өзім тартам!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу