Өлеңдер ✍️

  30.03.2021
  302


Автор: Саят Әбенов

Ауыл

Өсіп-өндік ширап елден,
Байлық жидық қандай бүгін?
Маған Тəңір сыйға берген,
Ауылым ол - бар байлығым.

Аңсап құртын, қаймағын да,
Елеңдейміз "ауыл" десе.
Шіркін, сонау жайлауыңда,
Жарып қарбыз-қауын жесе.

Еңбек еттік ағалармен,
Ойын қудық біресе біз.
Шөп үстінде балалармен,
Белдесеміз, күресеміз.

Енді кіммен белдесемін,
Естиді ме жұрт үнімді?
Алтынға да бермес едім,
Ауылдағы бір күнімді.

Ұмытпаймын ешбірін де,
Өтті күндер күй шалқыған.
Ұйықтаушы ек пеш түбінде,
Бауырсақтың иісі аңқыған.

Жылап алдым... ая, Құдай,
Тұр қалқайып "үй" кешегі.
Көрінбейді баяғыдай,
Əжемнің ақ кимешегі.

Күткен де жоқ ешкім мені,
Ренжулі ме бəрі маған.
Анам дауысы естілмеді,
Үйім ғана қаңыраған.

Естелікке айналған ба,
Көршім қайда түстенетін?!
Қала кезген қайран жанға,
Ауыл осы күш беретін.

Қойды тағдыр тұсап қалай,
Бастан бір сəт асырмайды.
Туған жерді құшақтамай,
Сағынышым басылмайды.

Алып болсам Алатаудай,
Ауылымның арқасында.
Ол ауылым алақандай,
Жүрегімнің картасында!



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу