Өлеңдер ✍️

  30.03.2021
  208


Автор: Саят Әбенов

ӨЗ ЕЛІМНЕН АЙНАЛДЫМ!

Жеріміздің кіңдігі,
Құтты қала үлгілі,
Астанамнан айналдым!

Алатауы көк тірер,
Шыққан алып тектілер,
Алматымнан айналдым!

Күмбірлеген күй елі,
Жер жəннəті, киелі,
Жетісудан айналдым!

Өмірі бар қайнаған,
Көңілі бар жайнаған,
Жаркенттен айналдым!

Топырағы шұрайлы,
Табиғаты шырайлы,
Шымкенттен айналдым!

Құтты мекен мақпал бел,
Əулиелер жатқан жер,
Түркістаннан айналдым!

Өсер ұлы - ұлықты,
Өсер қызы - қылықты,
Жетісайдан айналдым!

"Теріскейім" шіркін-ай,
Асыл сөзге жұрты бай,
Созағымнан айналдым!

Тектілердің панасы,
Шабыт берер даласы,
Шардарамнан айналдым!

Бабам хандық құрған жер,
Балам тағзым қылған жер,
Таразымнан айналдым!

Кім бармаған Таласқа,
Аты мəлім Алашқа,
Қаратаудан айналдым!

Өзеніне ай қонған,
Өз атына сай болған,
Шу елінен айналдым!

Еліміздің жүрегі,
Қызылордам - жыр елі,
Сыр елінен айналдым!

Байқоңырым - ғазалым,
Шиелім мен Қазалым.
Аралымнан айналдым!

Текті, рухты халқы бар,
Өлең құмар, əнқұмар,
Атыраудан айналдым!

Асқақтаған даңқы бар,
Биіктерге талпынар,
Ақтауымнан айналдым!

Тұнып тұрған дарындар,
Адай менен Əлім бар,
Маңғыстаудан айналдым!

Шыққан талай нар ұлдар,
Топырағында тəлім бар,
Оралымнан айналдым!

Ата-дəстүр салты бар,
Қарапайым қалпы бар,
Ақтөбеден айналдым!

Мықтылардың мекені,
Айдан-анық екені,
Шалқарымнан айналдым!

Əлем білер бұл елді,
Əр тұрғыны жігерлі,
Жаңаөзеннен айналдым!

Көрмесем де көзбенен,
Естіп білгем өзгеден,
Құлсарымнан айналдым!

Туып өскен ұлы Абай,
Текті жер жоқ мынадай,
Семейімнен айналдым!

Мұқағали жырлаған,
Құтқа толы гүл далам,
Аягөзден айналдым!

Болу қайда олардай,
Бəрі-бəрі қонақжай,
Өскеменнен айналдым!

Арқасындай арқаның,
Қарағандым-қалқаным,
Құшағынан айналдым!

Мақтанатын айдыным,
Қарқаралым байлығым,
Бір өзінен айналдым!

Теміріңді балқытқан,
Еңбек иісін аңқытқан,
Теміртаудан айналдым!

Қалап жатқан бақ тасын,
Кім білмейді шахтасын,
Шахтинсктен айналдым!

Көркін көрген көз білер,
Жер асты бай жезді жер,
Жезқазғаннан айналдым!

Өзені бар тербелген,
Көрген жанға дем берген,
Балхашымнан айналдым!

Пейілдері қандай ақ,
Қымызы бар балдай-ақ,
Жаңарқадан айналдым!

Тəңірімнің сыйы осы,
Ұлылардың ұясы,
Ұлытаудан айналдым!

Əкім болған ақыны,
Ақын елдің жақыны,
Сəтбаевтан айналдым!

Сəкенменен сырласқан,
Сұлулығы жыр-дастан,
Көкшетаудан айналдым!

Айналаға нұр шашқан,
Туризмге үн қосқан,
Бурабайдан айналдым!

Көркіне жұрт тамсанған,
Көгінде құс əн салған,
Қызылжардан айналдым!

Мейман келсе жар салған,
Құшақ жайып қарсы алған,
Керекуден айналдым!

Айтпаса да жұрт білер,
Екібастұз құтты жер,
Тарихынан айналдым!

Жұрт көруге дәмелі,
Баянауыл əдемі,
Келбетінен айналдым!

Шексіз, шетсіз өлшемі,
Ерейментау еңселі,
Даласынан айналдым!

Мəриямдай қызы бар,
Тектілердің ізі бар,
Қорғалжыннан айналдым!

Тіршілігін бұзбайтын,
Су басса да сызбайтын,
Оразақтан айналдым!

Алтын дəнді өлкесі,
Кең даласы көрпесі,
Қостанайдан айналдым!

Абыройы жоғары,
Тоғыз жолдың торабы,
Есілімнен айналдым!

Дубайменде тең түсті,
Таза қала ең күшті,
Лисаковтан айналдым!

Кеңшілердің отаны,
Тəтті судың отауы,
Рудныйдан айналдым!

Тым ерекше тынысы,
Тасып жатқан ырысы,
Əулиекөлден айналдым!

Тасы сырлы жатқан əр,
Қорықпенен мақтанар,
Наурызымнан айналдым!

Ол мекенді кім көрген,
Əр жыл сайын гүлденген,
Атбасардан айналдым!

Елге төккен арайын,
Егін басқан маңайын,
Державиннен айналдым!

Бір бөлшегі жанымның,
Қызылқозым-қадірлім,
Арқалықтан айналдым!

Өтпейтін жер бір соқпай,
Төсі - алтын құрсақтай,
Фурмановтан айналдым!

Аманкелдім киелім,
Торғайымды сүйемін,
Туған жерден айналдым!

Айта берсем қаншама,
Шетел күшті болса да,
Өз елімнен айналдым!!

Мен осындай елімнің,
Əрбір құтты жерімнің,
Қасиетіне қайранмын!!



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу