Өлеңдер ✍️

  29.03.2021
  260


Автор: Міржақып Дулатұлы

Қайда едің?

Кешегі қара күндерде,
Жұлдызсыз, айсыз түндерде,
Жол таба алмай сенделіп,
Адасып алаш жүргенде,
Бұл күнгі көп көсемдер,
Сұраймын, сонда қайда едің?
Ақыл таппай дағдарып,
Жан ашыр таппай сандалып,
Барарын қайда біле алмай,
Жүрген бір күнде сан ғарып -
Есепсіз көп шешендер,
Жөніңді айтшы қайда едің?
Сарыарқа сайран жерлерім,
Көк орай шалғын көлдерім,
Бәрін жауға алдырып,
Асқар тау - биік белдеірім.
Қысылып қазақ тұрғанда,
Данышпандар, қайда едің?
Атадан бала айрылып,
Қанаты сынып қайрылып,
Қасірет толып жүрекке,
Тұрған бір кезде қайғырып,
Толып жатқан қамқорлар,
Елде жоқ едің, қайда едің?
Құландай үркіп елдерің,
Қалдырып мекен жерлерін,
Жаяу, жалпы, жалаңаш,
Қатын, бала, ерлерің
Аштықтан кырғын тапқанда,
Сыпыра жомарт, қайда едің?
Кедейдің сорын қайнатып,
Майданға жасын айдатып,
Тіл жоқ, кез жоқ, басшы жоқ,
Өлімге басын байлатып -
Жіберерде, жаным-ау,
Жан ашыр, жақын, қайда едің?
Енді бүгін кім жаман?
Данышпан емас, кім надан?
Қамқор емес, кім жауыз?
Жомарт емес, кім сараң?
Көсем емес, кім жалтақ?
Шешен емес жоқ адам.
Бәрі білгіш, бәрі де ер,
Жеткіздің, алла тағалам.



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу