Өлеңдер ✍️

  29.03.2021
  307


Автор: Саят Әбенов

Біз еркектер

Кейде біздер түсінбейміз əйелді,
ƏЙЕЛ - ана тербететін əлемді.
Жұдырықтай жүрекпенен сүймесек,
Жұдырыққа болмас олар тəуелді.

Біз еркектер көп нәрсені қалаймыз,
Өзімізді ханнан артық санаймыз.
Үйімізді жарық қылып тұратын,
Күнімізге күңіміздей қараймыз.

Шайтан суды ішіп алсақ мына біз,
Аяқ асты батыр болып шығамыз.
Күштілерге күшімізді көрсетпей,
Күштері жоқ əйелдерді ұрамыз.

Қайтсін енді байғұс əйел шыдайды,
Таяқ жеген қай адамға ұнайды?
Үлкен күнə жан жарыңа қол жұмсау,
Ұмытпайық көріп тұрған Құдайды.

Сабайтындай соншалықты несі бар,
Кейбір еркек өз қатесін кеш ұғар.
Əйеліңе жұмсар кезде жұдырық,
Өз анаңды, өз əпкеңді есіңе ал.

Белімізді буатын да сол - əйел,
Киіміңді жуатын да сол - əйел.
Кеш келсекте асымызды жылытып,
Баламызды туатын да сол - əйел.

Қабағыңнан ұғатын да сол - əйел,
Күтіп алдан шығатын да сол - əйел.
Сағат түнгі он екіден асқан соң,
Хабарласып тұратын да сол - əйел.

Сүйіп қана көрсет оған шамаңды,
Тек махаббат көркейтеді адамды.
Əйел - ана, өз анаңдай қарасаң,
Ол да сенің құрметтейді анаңды.

Жазған жырым сәйкес келмес баршаға,
Отбасы бар жұрт қарайтын тамсана.
Бағасы жоқ еркек те бар өмірде,
Санасы жоқ əйелдер де қаншама.

Біз еркекпіз ар-намысты бір беткей,
Жүрейікші сол атауды кірлетпей.
Əйелдерді аялайық əрқашан,
Жанарларын жасқа малып мұңды етпей.

Жыламасын жүректегі мұң кетсін,
Көрсете біл сүйіп алсаң құрмет шын.
Араларың берік болып бастысы,
Отбасыңды өзге жандар үлгі етсін.

Ердің ісі - өз əйелін қарату,
Тамырына сезім нəрін тарату.
Сен еркексің, озып тұрған онсызда,
Əйеліңнен озам десең бала ту.

Тыңда мені, аға-іні, бауырым,
Алла артқан бізге жүктің ауырын.
Жүгімізді көтерісіп жүретін,
Ренжітпейік əйелдердің қауымын.

Оған деген жүрегіңді жылы ұста,
Көзбен ұқтыр ешқашанда ұрыспа.
Əйел деген қабырғаңнан жаралған,
Қабырғаны түзеймін деп тырыспа.
Сен еркексің өр кеуделі, еңселі,
Сол еңсеңді түсірместен тік ұста!
Дұрыс па?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу