Өлеңдер ✍️

  29.03.2021
  492


Автор: Мұқағали Мақатаев

Шекарада

Міне,
Мен Отанымның шетіндемін.
Тыныштық.
Өтуде түн, өтуде күн.
Қасиетті жерімді қарауылдап,
Қайыспай күзетуге бекінгемін.
Мен,
Міне, Отанымның шетіндемін.
Маған жер жоқ, Отан жоқ әрі қарай,
Әрі қарай мекен жоқ жаныма жәй.
Осы жерден шығады күнім менің,
Осы жерден атады таңым арай.
Осы жерден Отаным басталады,
Бақытымның осында тас қамалы.
Әрі қарай басқа өмір, басқа тірлік,
Әрі қарай мен үшін тас қараңғы.
Әрі қарай басқа өмір, басқа тірлік,
(Қайтейін оның үшін бас қатырып).
Осы менің Отаным, бақытым да,
Табаныма жүрсем де тас батырып.
Керек емес басқа өмір, басқа тірлік!
Менің жаным жаралған шұғыладан,
Шұғылаға шомылып, тыным алам.
Ұжмағының басқаның керегі жоқ,
Ұлы Отанның жетеді нұры маған.
От ойнатып, ойран сап бұзып қамал,
Басқаның байлығына қызықпағам.
Міне, алдымда бақытқа бастар жолым –
Шекара деп аталған сызық маған.
...Міне,
Мен Отанымның шетіндемін.
Тыныштық
Өтуде күн, өтуде түн.
Қашанда Отанымның кақпасы ашық,
Жіберсеңдер достықтың өкілдерін.

1. Қасиетті шыршаның қасындағы ой
"Здесь 5 августа 1929 г. был бой
с бандой. Здесь 5 августа 1929г.
был пограничник Саша Соловьев".
(Шыршадағы жазу).
Қасиетті қарағай!
Қасиетті қарағай
Қасиетті Анадай.
Өңірінде жазу тұр
Қасиетті жарадай.
Құдіретті алыбым, құдіретті таудағы,
Қалай сақтап келгесің қасиетті таңбаны?!
Қандай жанның мөрі бұл,
қандай жанның арманы?
Не білесің, асқар тау, асау өзен аңғары?
Нені көрдің, ну орман?
Кәрі шырша, не білдің?
Қабығыңнан қан ағып, неге сонша егілдің?
Куәсіндей кешегі аласапыран өмірдің,
Ақтарсаңшы сырыңды, нені көрдің, не білдің?
...Көзімді алып таңбадан, көтеріп ем еңсемді,
Буындары сытырлап, кәрі шырша теңселді.
Соловьев басқа бір, барып басқа шыршаға,
Жазып жатыр есімін қолына ұстап семсерді...
Айта алмайды ешкім де ерлік жоқ деп осы күн,
Отсыз, оқсыз ерліктер бола берсе, несі мін?!
Ерлік деген — еліңнің ұлы болып өсуің.
Қалдыра бер таңбаңды, қалсын солдат есімің.
Бірақ
Сақ бол!
Жауыңа жасай көрме кешірім!
Тыныштықты күзет сен,
Тыныштыққа алданба!
Жау жоқ деме іргемде, жау жоқ деме жалғанда.
Алданбағай әзірге тынши атқан таңдарға,
Тыныш ұйықтар түндерде ауылыңа барғанда,
Сен қашанда солдатсың!
Алданбағай, алданба!
...Көз алмаймын қайтадан шыршадағы таңбадан,
Тіл қатпайды ну орман, тіл қатпайды тау маған.
Тентек өзен өзінің арнасында аунаған
Тілсіз мынау есімнің тағдырына таңданам,
Тірі ғой деп алданам...
Тірі ғой деп алданам...
Үңілемін жазуға, телміремін шыршаға,
Неге асығыс қып-қысқа қалдырды екен мұншама?!
Әлде мынау ну орман жатыр ма екен тұмшалап?!
Осы өлкеде мәңгілік қалды ма екен бишара?!
Әлде мына өмірде біздерменен бір жүрсің,
Әлде кеше майданда мерт болдың ба, кім білсін?!
Әлде сенің және бір қолтаңбаң мен ерлігің,
Жазулы ма, кім білсін, іргесінде Берлиннің?!
Құрымаса мына орман, құрымайды есімің,
Қиыр шеті Отанның — қимас сенің бесігің.
Қатардағы жауынгер Соловьев, бері кел!
Әкеңді атқан жауыңа жасай көрме кешірім!
Шекарашы жауынгер Соловьев, ұмытпа!
Мына өлкеге жат жердің қарғасын да жуытпа.
Қалғаныңда аптапта, тоңғаныңда суықта,
Әкелердің ерлігін жалғай бергін, суытпа!
Жас шыршада, жауынгер, тұрсын солай есімің,
Туған жерде есімің қалса, оның несі мін.
Ерлік жоқ деп ешкім де айта алмайды осы күн,
Ерлік — сенің несібің,
Ерлік — менің несібім.
Несібіме ешкімнің маңытпаймын кесірін!
...Қия алмадық,
Көп тұрдық қалқасында шыршаның,
Ну ормаңды, шыршаны желпіп өтіп жүр сағым.
Асау өзен бұза алмай алып таудың құрсауын,
Баяғы сол мұң сарын, баяғы сол бір сарын.
Басқа тірлік, басқа өмір ар жағында өзеннің,
Бер жағында өзеннің — өз Отаным, өз елім.
Шекарада тыныштық.
Қауіп те бар, сеземін...
Сеземін де, ширығам, ширығам да, төземін!..

2. Дабыл
Соғылды дабыл,
Дабырда-дүбір жан-жағым,
Соғылды дабыл,
Жарамас менің қалғаным.
Жорықтың затын өзімше мен де қамдадым,
Солдаттар кеткен алаңға қарай зауладым.
Соғылды дабыл!
Тасырда-тұсыр айналам,
Тып-тыныш түнді мотордың үні жайлаған.
Аттар тұр әне ауыздықтарын шайнаған,
Жарқылдап қару ай сәулесімен ойнаған.
Соғылды дабыл!
Сапта тұр бүкіл застава.
Байырғы солдат,
Биылғы келген жас бала.
Жорықтан қалу — масқара!
— Жолдас командир,
Жорыққа барам, тастама!
Сеніңіз маған, сезіңіз мен де жауынгер,
Жорыққа барам,
Жорыққа барам, қару бер!
Қару бер маған!
Қару бер дағы, әлім көр.
Қайсар ұлдарға қашаннан біздің зәру жер!
Қару бер маған, қару бер!
Жатқызбас тыныш жауынгер үні дабылдың,
Қасында болам жауынгер мына қауымның.
Күнелту — күнә үстімен жүзіп ауырдың,
Тозағын көріп, азабын тартпау дауылдың.
Қару бер маған! Қадірін білем қарудың.
Есімде менің,
Сұрапыл болып жатқанда,
Байтақ еліме Отаным дабыл қаққанда,
Дауылдың үні жадымда менің сақталған,
Сол үнмен мен де аттанғам болашақтарға.
Сол дабыл менің бақытымменен ұласқан,
Сол дабылменен тазарып еді мына аспан.
Дабылдан кейін,
Бауырлар жатқан молада,
Қызғалдақ едім жаңадан ғана гүл ашқан...
Жолдас командир,
Қабылда мені қауымға?
Құлағым үйір, құлқым да үйір дабылға.
...Жүрегім менің...
Жүрегім менің, ауырма,
Жүрегім менің, дабылдан кейін дамылда...

3. Босқындар
Босқындар келді ар жақтан,
Бозарып, өңі сазарып.
Боз сағым тұрды тау жақтан,
Болымсыз күйге аза ғып.
Бойларын тігіп өлімге,
Байғұстар қалай жетті екен?!
Мансұқ қып елін, жерін де,
Не тағдыр айдап өтті екен?!
Әкелген айдап жыраққа,
Өмір де, шіркін, құйын-ау...
Не десең о де, бірақта
Отанды тастау — қиын-ау!..
Дейміз ғой,
Дейміз... Алайда,
Қорлыққа адам шыдай ма?!
Құл болуды адам қалай ма,
Қаһарын төккен "құдайға".
Тәлкек қып адам тағдырын,
Жерлесе арын, намысын,
Елі мен жерін қалдырып,
Қайтеді боспай жан үшін?!
Ар жақтан, анау аулақтан,
Жан үшін, үзім нан үшін,
Босқындар келді ар жақтан,
Беліне түйіп намысын...
Тұра алмай туған жерінде,
Қасірет шеккен байғұстар.
Қалдырды сызат көңілде,
Ғасырда мына айға ұшқан...
Табына-табына "көсемге"
Үміттің оты сөнген бе?!
Жаралы жандар дос елге,
Жақсылық іздеп келген бе?!
Намысын түйіп беліне,
Босқындар үнсіз тосуда.
"Қайтара ма әлде еліне,
Қалдыра ма әлде осында?!"
Босатып бір сәт көңілін,
Босқындар шертті зар-мұңын.
...Белгісіз маған өмірің,
Белгісіз маған тағдырың.
Босқындар келді шет елден,
Ойында қарғыс, алғысы.
Отанға — мансұқ мекенге,
Келетін емес барғысы...
Еңсеңді иіп, жаныштай,
Кім екен сені қор қылған ?!
Тап жауыңменен алыспай,
Тапжылдың неге орныңнан?
Көзіңнен ғайып болған ба,
Қаныңмен жеңген Бостандық?
Бостандығыңды қорғауға,
Келмей ме халің, дос халық?..
Жалау ғып ұстап жарлығын,
Салған ба қайта құрығын?
Белгісіз маған тағдырың,
Белгісіз маған ғұмырың...

4. Солдаттар сабантойда
Сап-сары боп,
Тал-қайыңдар,
Тал-қайыңдар көңілсіз.
Шаршаған ба комбайндар?
Комбайндар неге үнсіз?
Салбыраған балағынан,
Сапырылып дән ұшпай.
Жатыр жадау дала мына
Комбайндар жарыспай.
Қар түсіпті асқарларға,
Аңызақта қаңбақ жүр.
Сабантойды бастаңдар да,
Алтын күзді таңдандыр.
Қызыл қырман,
Қызықтырған.
Қайтадан бір жандансын.
Сағымдайын жүзіп қырда,
Сағындырған ән қалсын.
Солдаттардың,
Салған әні,
Сардаланы тербетсін.
Сәбилерім жалғап әрі,
Солдат болып ер жетсін.
— Шақырыңдар кәрілерді,
Шақырыңдар жастарды!
— Бәрі келді, бәрі келді,
— Ал сабантой басталды!
— Соловьев бар ма мұнда?
Саша!
Саша!
Қайдасың?
Баян сыңсып бармағында,
Бастасын сол той басын.
Жаңа дәннен алып қалаш,
Кидіріңдер солдатқа.
Маршқа бас,
Маршқа бас!
Баяныңды зарлатпа.
Маздатыңдар,
Маздатыңдар,
Жастық шақтың алауын!
Жадыраған жаз да тынар,
Сарғыш тартып жалауы.
Тек өмірден жеріп кетпе,
Жеріп кетпе!
Танып қал.
Береріңді беріп кет те,
Аларыңды алып қал!
Тербелуде,
ырғалуда,
ырғалуда қыздарым.
Бала солдат,
Тұрғаның ба?!
Бері келгін, мұздадың...
(Жарқын шығып дауыстары,
Қыздар күліп қарасын.)
— Көңілсіз ғой алыстағы,
Мамасының баласы...
Тосырқама, бала солдат,
Өмір бәрін үйретпек.
Бір қызды ұста бара сал да,
Бара сал да, билеп кет.
Қызық қырман,
Қызыл қырман,
Қызып жатыр сабантой.
Қызып тұрған,
Қызықтырған
Қызық біздің заман ғой!
Жанның бәрі үйлеріне,
Ойлар емес қайтуды.
Бидің бәрі биленді де,
Әннің бәрі айтылды...

5. Саша Соловьев
Здесь 5 августа 1972 г. был
пограничник Саша Соловьев".
(Шыршадағы жазу).
Баяғы орман.
Баяғы таудың балағы.
Баяғы өзен баяғынша ағады.
Баяғы жазу, баяғы кәрі шыршаға,
Байыппен Саша телміріп ұзақ қарады.
Қарады дағы, күрсініп қойды білдірмей,
Сезем ғой бәрін...
Білдірмесе де, білдім мен.
Шекарада өткен осынау бір ай ішінде,—
Барлығын да айтқан,
Бәрін де естіп үлгіргем.
Анығын айтқан,
Әкесін Саша білмейді.
Көзінде мұң бар, көлгірсіп босқа күлмейді.
Айтады жалғыз, аяйды жалғыз Анасын,
Алыс бір жаққа мұғалім болып жүр дейді.
— Міндетің бітті, қайтасың, Саша, Анаңа,
Жүрген жерінді ақырғы рет арала,—
Деген ем оған келе жатқанда манада,
Ләм-мим демей көз тіккен мұнар жағаға.
Естідім, Саша,
Естідім, Саша,
Күрсіндің.
Күрсінбе, Саша, күрсінгеніңді білсін кім.
Адамға емес, Анаңа ғана аян-ды,
Барлық дыбысы жүрегіндегі дүрсілдің...
Білмеймін сенің жаныңда қандай мұң барын,
Белгісіз маған қай жерде, қалай туғаның.
Ой салды, жаным, кәрі шыршаның қасында,
Ойланып ұзақ тұрғаның.
Сеземін, Саша,
Сеземін, сенің бар мұңың...
Белгісіз жанды күтумен өткен бар жылың.
Шыршадағы есім шырақтай саған боп тұр-ау,
Әкесіз өскен ақылды менің зарлығым.
Мазалап қайтем,
Ойлансын жас жан, толғансын.
Байламға келер ойланып әбден болғансын.
Асау өмірдің асау атының тізгінін,
Естияр жігіт ойланып барып қолға алсын.
— Ал енді, Саша, атыңа отыр, аяулым,
Кетеміз ертең, қоштасар шақ та таянды.
Міндетің бітті, барасың енді Анаңа,
Қуанбайсың ба, көңілің неге қаяулы?!
— Білесің бе, аға?
Бұл жақтан енді кете алман!
Кете алмаспын деп, келген бойдан-ақ бет алғам.
— Қайтесің, Саша, қалдырасың ба Анаңды?!
— Келеді шешем, беріп те қойғам хабарды.
Совхозға кірем, осында қалам біржола!
— Жылы жүзімен жымиып күліп тұр бала.
... Құшақтастық та, екеуміз ұзақ қарадық,
Жылы мекенге қоныс аударған тырнаға...

1973.



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу