Өлеңдер ✍️

  28.03.2021
  196


Автор: Мұқағали Мақатаев

Аппассионата

Бірінші бөлім
Увертюра
Қаланың еңсесін басты да,
Қалғытты боз тұман астына.
Кешең күз. Пешкова пәтері,
Кешең күз. Октябрь. Москва.
Кешқұрым. Қалт еткен тыным бір,
Әзірге бөлме іші бұлыңғыр.
Ал, қане, Алексей Максимыч,
Әзілмен Ильичті жылындыр.
Көңілсіз отыр ғой әзірге,
Кенелтші Ильичті әзілге.
Көзінің о шетін, бұ шетін
Қарашы, торлаған әжімге.
Өтті ме дарыған оқ мезі?
Бір түрлі самарқау бопты өзі.
Жабыңқы тәрізді, қарашы,
Жалтылдап тұратын от көзі...
Ильичтей сезімтал жан қайда?!
Қамырық емес-ті ол сарғайма.
He жатыр екен, ә, бұл сәтте
Осынау сократ - маңдайда?..
(Бір түрлі самарқау секілді)
Тағы да қандай ой бекінді?!
Япыр-ау, сырқаты Ильичтің
Тағы да мазасын кетірді?!
Өзінен, өзіңнен сыр жиып,
Жаныңа жіберер нұр құйып.
Жадырап қалатын әп-сәтге,
Жанары неліктен тұңғиық?
Күш-қайрат бойынан тайды ма
He болды Ильичке, қайғы ма?!
Әлде оған қатыгез кәрілік
Сіңірлі саусағын жайды ма?!
Әлде оны сырқаты меңдеді?!
(Берілгін, ырқыма көн! -деді)
Әлде оны қажытты, шаршатты,
Әзіргі ауыр хал елдегі?!
Сырқатқа Ильичтің көнгені -
Өмірдің шырағы сөнгені!
Қиындық Ильичті жеңгені -
Бүкіл бір болашақ өлгені!
...He керек сандырақ, сенбеңдер,
Қауесет-өсекке ермеңдер!
Әрқайсың Ильичті емдеңдер,
Ильичке денсаулық бер деңдер!
...Қалай деп қараймыз бұл іске,
Әлдебір кездейсоқ күйініш пе?!
Heгe Ильич жабырқау, жүдеулі,
Япыр-ау, не болды Ильичке?!
Өртеніп Антанта өзегі,
Опат боп қираған кезеңі.
От-дауыл шарпыған Отанның
Тыныс ап тұрған бір кезі еді.
Отанды шарпыған от-дауыл,
Саябыр тартқан кез тәп-тәуір.
Сибирьде, Кавказда, Шығыста,
Салтанат құрған шақ Октябрь.
Әлемге даңқыңды таныттың,
Октябрь тудырған жарық күн!
Сан жылғы шайқастан дамылдап,
Уһ деген кезі еді халықтың.
Қаланың еңсесін басты да,
Қалғытты боз тұман астына.
Көшең күз. Пешкова пәтері.
Кешкұрым. Октябрь. Москва.
Кешқұрым, қалт еткен тыным бір.
Көп жан жоқ. Белме іші бұлыңғыр.
Ал, қане, Алексей Максимыч,
Ильичті әзілмен жылындыр.
Осынау ойшыл жан, дана адам,
Неліктен өзінді қалаған?
Бәлкім ол ақжарқын өзіңді,
Өзінен биікке балаған?!
Өмірді жаңартқан, жасаған,
Өзіңе неге үйір осы Адам?
Өзіңнен өтерлік шынайы,
Өмірде жоқ па екен дос оған?!
Ильичке мәңгілік қосылар,
Ильичтің миллион досы бар.
Жазушы, дихан мен жұмысшы,
Тағысын-тағылар - осылар!
Жә, қойдық, соқпалы әр неге
(Бос сөзді, оқушым сән деме!)
Сол кеште Алексей Максимыч
Ильичке айтты екен әлдене?!
Кім білсін, қос ұлы Волганың,
Сөз етті орыстың орманын,
Әлде олар қуаныш етті ме,
Шайқаста сәл толас болғанын?!
Ерітіп ескі өмір тоңдарын
Өртеп бір өткенді зор жалын.
Кім білсін, қос ұлы Волганың,
Құттықтап қысысты қолдарын?!
- Россия ауыр сын өткерді.
- Антанта жойылды, өрт сөнді!
Кім білсін, қос ұлы Волганың
Осылай әңгіме шерткен-ді? !
Әлде олар бұл дархан өмірде
Мәңгілік жасауға серт берді?!
Белгісіз, білмейміз ол жағын,
Әйтеуір біздерге сол мәлім -
Азамат соғысы жылдары,
Ақтара жүрісіп сырларын,
Сырласқан қос ұлы Волганың.
Әйтеуір біздерге сол мәлім
Қосылып қос ұлы Волганың,
Русьтің есімін ардақтап,
Адамзат өмірін қорғады!
Өртенген дүние күлінен
Ертеңгі қауымды болжады!
Сөз болған жәйттар сол-дағы.
Тұлпардай тықыршып кермеде,
Керемет үн-саз тұр бөлмеде.
Бірде ол жүйкеңе нұр құйса,
Бірде ол мұң салар зердеңе.
Жаныңды жетелеп жарыққа,
Бірде ол ұмтылар шабытқа.
Біресе көңіліңді құлатып,
Әкете жаздайды тамұққа.
Біресе өтініш жалынған,
Біресе кек-ыза қабынған.
Ал кейде өрт пайда болғандай,
Ондағы лаулаған жалыннан.
Бұл не өзі, найзағай, дауыл ма?
Болмаса, нөсерлі жауын ба?!
Болмаса, күреске шақырған,
Ашу ма, ұран ба, дабыл ма?!
Болмаса қарғыс па айтылған,
Қатыгез, тоғышар ңауымға?!
Мына бір баяулап өткен не?
Мезгілсіз жылысқан көктем бе?
Ал, мына әлсіздік немене?
...Өр өмір құлазып кеткен бе?!
- О, өмір, Жан -өмір, нұр - өмір!
Ән - өмір, күй - өмір, жыр - өмір!
О, сырлы табиғат, шіркін-ай,
Адамға қисашы мың өмір.
О, тағдыр, неғылған зұлмат ең!
Өмір-ай, неғылған қымбат ең!
Сағаттар ғасырмен өлшеніп,
Минуттар болсашы жылға тең...
Тыңда, өмір! Аялда, өл, деме!
Санаулы жаралдың сен неге?!
Өгінем, о, сырлы табиғат,
Мәңгілік өмір бер пендеңе!
Дегендей сөйлеп тұр Бетховен
(Дейміз бе өмірі өтті оның?..)
Тыңдашы, Бетховен емес пе,
Осы Аппассионата кек толы?!
Тыңдай бер, ұғынсаң бәрі бар:
Қуаныш, қайғы да табылар,
Тыңдай бер, осы Аппассионата -
Өлмеген Бетховен жаны бар!
Тәкаппар тағдырдың соты да,
Сөнбеген жүректің оты да
Тыңдашы, тіл бітіп сөйлеп тұр
Осы бір сиқырлы нотада.
Баурап тұр сиқырлы үн есіп,
(Қуаныш, қайғы ма, бұл несі?!)
...Азапты, арманды өмірдің
Бұл--шері, өксігі, күресі!
Өксікті, арманды, кек толы үн -
Өмірі құрсауда кетті оның!
Ильичті толғантқан осы бір
Музыка құдайы - Бетховен.
...Армансыз тұйық,- деп,- Ұлы Адам,
Айтыңдар, шек қойған кім оған?!
Ұлы Адам кей сәтте шаттанып,
Ұлы Адам кей сәтте жылаған!
Ұлы Адам суынар, жылынар,
Оның да өзіндік мұңы бар.
Ал Ильич, туыстар, өмір ғой,
Өмірдің сан-қилы сыры бар.
Көтеріп күрестің туын нық,
Күресте өскенмен шынығып,
Өткізген қуаныш, қайғыға
Шек қоймас ешқандай ұлылық!
Іркілмей түсінер мән-жайға
Ильичтей сезімтал жан қайда?!
Қандай ой жатты екен сол сәтте
Сонау бір сократ - маңдайда?..
Мейлі өтсін күн, айлар, жыл, ғасыр
...Ильич деп бастаймыз жыр басын.
Бетховен толғантқан Ильичтен,
Қанеки, оқушым, тыңда сыр!
Келіңдер, шабытқа ерелік!
Көсілсін жырға ерік берелік.
Мұхиттай жанына Ильичтің
Жасқанбай бір сүңгіп көрелік!

Екінші бөлім
Волга жағасында
Я июнь, я июль шамасы,
Шуақ жаз. Волганың жағасы.
Алаңсыз нәресте - табиғат
Маужырай қалғанын қарашы.
...Мына бір сазды әнді салды кім?
Аяныш әуезі - зарлы мұң.
Шаруа, болмаса бұрлақ па?
Отырған үстінде баржаның.
Дамылсыз аймалап жағаны,
Волга - ана ағады, ағады.
Шаруа шалғысын иыққа ап,
Шабындық жер іздеп барады.
Талма түс. Маздап тұр шуақ күн.
(Көркін-ай көк, жасыл құрақтың)
Саялар жандарын сиырлар,
Жағасын паналап суаттың.
Жым-жырт, үп-үнсіз қала да,
Бұлыңғыр сағым бар далада.
...Оңаша осы бір жағада,
Ойланып әлі отыр Володя.
Ойлады ол сабырлы анасын,
Ойлады ол Сашаны, ағасын.
Өзінше кей сәтте өлшейді
Өмірдің ағы мен қарасын.
Өлшейді, әділдік таппайды.
Санасы сан жаққа аттайды.
Бір сәтке өзегін күйдіріп,
Жаншымақ болады жат қайғы.
Жалғыздық. Сашаның күйреуі,
Жандарм. Қорқыныш үйдегі.
Бәрісі-бәрісі жабылып,
Володя жүрегін түйнеді
Даярлап тұзағын, жалманын,
Үй сыртын торыған жандарм.
Қайткенмен қақпанға түсірмек
Русьтің «Қауіпті жандарын».
Осы бір семьядан от басқан,
Дұшпандар даурығып, дос қашқан,
...Әлгі бір келімсек ңарттағы
Бұл үймен біржола қоштасқан.
(Осының бәрінен мұң шығар)
Осындай қорлыққа кім шыдар?!
Абысын-ажындар өсектеп,
Жан сала қарманған тыңшылар.
...Лайсаң замана май батпақ,
Жауыздық ботқасын қайнатпақ.
О, арсыз! Ақсия күліп тұр,
Адамды адамға айдап caп.
Адамның тағдырын қорлаған,
Сондай да болыпты-ау cop - заман.
Айдынын «топан су» ылайлап,
Аспанын қара бұлт торлаған,
Сондай да болыпты-ау cop - заман.
...Сол заман ашынтты жас жанды,
Володя көзінен жас тамды.
Жүрегі күреске шақырып,
Миында төңкеріс басталды.
Заманның түруге түнегін,
Қорғауға құлдықтан ұлы елін.
Сол кезде-ақ өзіне ант еткен,
Сондағы Володя - Ленин!
...О, Волга! Heгe сен ылайсың?
Ағасың, тек үнсіз жылайсың.
Арнаңнан асып бір тасышы
Азапқа қаншама шыдайсың?!
О, Волга! Heгe үнсіз жылайсың?
Толтырып теңіздің сабасын,
Ағасың, ағасың, ағасың...
Арнаңда Русьтің арманын
Айтсаңшы, қайда алып барасың?
О, Волга! Қайда алып барасың?
Толқыны тонапты заманның
Жиегін жұлмалап жағаңның.
Арманын қайда ұрлап барасың
Анамның, әкемнің, бабамның?
Ұрынбай тауға да, сайға да,
Ағасың асықпай, жай ғана.
Аялда, осынау Русьті
О, Волга! Түгелдей аймала!
Аймала, ақтарыл арнаңнан,
Шөліркеп жатыр ғой айнала.
О, Волга! Күшінді жисаңшы!
Еліңе ерлікті қисаңшы.
Арнаңда Русьтің өз терін
Өзіне қуат қып құйсаңшы!
Ашу мен ызаңды жеңбек кім?
Ақтарыл кірін жу жер-көктің!
Езілген, жаншылған жұртыңа
Бостандық, бақытты бермек кім?
О, Волга! Шәй кірін жер-көктің!
Өзіңнен күшті кім, дүлей кім?!
Бұз торын қорқыныш, үрейдің!
Ақтарыл, ақтарыл арнаңнан
Дауылды күніңді тілеймін!
О, Волга! Өзіңнен кім басым?!
Буырқап, толқыныц туласын!
Тереңде шортандар теңселіп,
Жағанда шағала шуласын!
Толқының тағылық кемесін
Тас-талқан етпей бір тынбасын!
Толтырып теңіздің сабасын,
Ағасың, ағасың, ағасың...
Арнаңда Русьтің арманын
Айтсаңшы, қайда алып барасың?
Айтсаңшы, қайда алып барасың?
Ақыл, ой құрсауда дат шалған,
Ар-намыс аяққа тапталған.
Құтқарар қандай күш Русьті
Ауыр жүк, зіл қара батпаннан?
...Отаным, уа, ғазез Русім!
Русім - Жүрегім, тынысым.
Серпілші, бұрқана сілкінші,
Күйресін күйкі өмір, құрысын!
Тек сенде бар тілек, бар арман,
От қайда қаныңмен жаралған?
Қайда әлгі ер даңқың, өр даңқың
Әйгі боп әлемге таралған?
Русім! Неғылған көрікті ең!
Табынам өзіңе сеніп мен.
...Әйтсе де бұл күйкі күніңе
Көнікпен, көнікпен, көнікпен!
Бұл күйкі күніңе көнбеймін,
Руське бостандық бер деймін!
Қаны қас патшадан жақсылық
Келеді дегенге сенбеймін!
Лағынет патшаның тағына!
Көнбеймін тағылық заңына!
О, озбыр! Ордаңмен омырыл,
Басыңа қара түн жамыла!
...Жолатпа, санаңнан жат сана,
Халықтар, сенбеңдер патшаға!
Сенбеңдер, қазынасын ақтарып,
Алтынын таратып жатса да!
Ойран қыл тәжін де, тағын да
Халықтар, патшаға бағынба!
Өзіңде өзіңдік бақытың
Тақ мінген азғынға жалынба!
...Эх, Саша! Жолыңды таппадың,
Аңламай тым ағат аттадың,
Қателік - қан жұтқан патшаға
Қару ап, құртуға шапқаның.
Қоғам ол - кісі емес жығылар,
Патшаның бірі өлсе, мыңы бар.
Ал, патша өлгенмен, патшалық
Бәрі бір сол таққа тығылар.
Террормен қоғамды жоймайсың.
(Ол оймен батпаққа бойлайсың).
Бір ғана патшаны өлтіріп,
Өмірге тиянақ қоймайсың!
...Эх, Саша, жаңылдың, жаңылдың
Артыңа қалдырдың ауыр мұң.
Өзіңмен өткізген күндерді
Сағындым, амал не, сағындым...
Амал не, ақылды ең, зерделі ең,
Арыма идеал сен деп ем.
Жаныңнан ұшқындап тұратын,
Жалынды сан рет көрген ем.
Асқақ ой, арыңа құштар ем
Аға едің, ақылшы ең, ұстаз ең.
Өмірде өзіңдей болсам деп,
Еліктеп жолыңды ұстап ем.
Сендегі асқақ ой, санадан -
Жаныма жақсы нұр тараған.
Арманым бар еді ойлайтын
Сашадай болса деп бар адам.
Өзіңе орасан жүктеген,
Істерің көп еді бітпеген.
Амал не, эх, Саша! Мен сенен
Осынша ағаттық күтпеп ем.
Ақылшым едің-ау сен менің!
Аяныш тым ерте сөнгенің.
Әйтсе де жарайсың, Саша, сен
Мерт болдың, арыңды бермедің!
Сабағы секілді жүзімнің,
Эх, Саша, тым ерте үзілдің!
Соқпақта дағы да қалмапты
Шиырлап таптаған ізіңнің...
(Атаймын атыңды құмартып)
Мәтел бар: «Өледі шынар тік»
Қорлыққа құл болып кеткеннен,
Ерлікпен өлгенің мың артық!
Кеудемде қалғанша суып қан,
Қош, Саша, мен сені ұмытпан!
...Бірақ та таңдаған жолыңды,
Ғафу ет, жаныма жуытпан.
Күресем! Басқа жол таңдаймын.
Сен салған соқпаққа бармаймын!
Террордан Русьқа бостандық
Келеді дегенге нанбаймын!
...Күрестің құзы бар, оры бар,
Күрестің мың бұраң жолы бар,
Біреулер батпаққа малтығып,
Біреулер соқпаққа жолығар.
Сан жылдар, сан ғасыр барша адам,
Бақытты іздеген, аңсаған.
Алайда қиялдан шыға алмай,
Қажыған, түңілген, шаршаған.
(Біреулер құр босқа күштейді)
Патшаның қанын да іш, дейді...
Ал одан бақыт кегі түспейді,
Бақытты адамдар істейді!
Қиялға сүңгімен, жүзбеймін!
Бақытты күрестен іздеймін!
Дүние тұлданып тұрғанмен
Күрестен күдерді үзбеймін!
...Апыр-ай, не деген сұм заман!
Ақыл, ой қапаста улаған,
Адамдар ашына шулаған,
Көктемде бәйшешек қураған,
Апыр-ай, не деген сұм заман!
Апыр-ай, не деген сұм заман!
Күйзелткен, матаған, шырмаған.
Бейнетқор, еңбеккер халықтың
Қанын да, терін де ұрлаған.
Шаттықты, шуақты күн қайда?!
Азап, cop бітпей ме, тынбай ма?!
Күйзелткен өмірді матаған,
Құлдықтың құрсауы сынбай ма?!
Азаптан арылар күн қайда?!
...Я июнь, я июль шамасы.
Шуақ жаз. Волганың жағасы.
Өзеннің о шеті қиырсыз,
Құлазып жатқанын қарашы...
Бұл өлке, бұл дала неге үнсіз?!
Қалғып тұр, тірліксіз, өмірсіз.
Осынау иесіз аймаққа
Володя қарайды көңілсіз.
Тым құрса үп еткен жел де жоқ,
Қимылсыз, селт еткен пенде жоқ.
Тек қана шуақ күн маздап тұр
Секілді қозындай сөнген от.
Дамылсыз аймалап жағаны
Волга-ана ағады, ағады.
Ойларын Володя Ульянов
Русқа ап қашып барады.
Осылай, көңілсіз жағада,
Көз салып қиырсыз далаға
Болашақ күресті ойлаған
Бір кезде Ульянов Володя.
Ұшқындап өрт, жалын жас жаннан
Ұлы өмір осылай басталған.
Ұлы ой осылай туған-ды
Жар сала, тау бұза, тас жарған.
Сойқанды заманның түнегін
Түргелі жаралды ол. Білемін!
Осынау ғаламат өмірге
Осылай енген-ді Лешін!

Үшінші бөлім
Күрес алда
...Сан жылдар өтіпті-ау, сан жылдар,
(Сабыр ет, оқушым, сан жыр бар).
Ильичтің басынан алмасқан,
Аумалы-төкпелі тағдыр бар.
Тағдырлар аумалы-төкпелі,
Ильичке соқпай бір өтпеді.
Қиды оған күресін азабын,
Жалт бере, жасырып өткелін.
Сұрапыл сұсты өмір толқыны,
Оны тек жасытып кетпеді.
Қуылып оқудан. Қазаннан,
Он жеті жасында-ақ жаза алған.
Өш өлім қуғанмен өкшелеп,
Өш алған Ильич ажалдан.
Айдауда, жат жерде түрмеде
Асқақ ой дат шалмай тазарған.
Тағдырдың талқысы жиі ұрған,
Бас тартты ол тапталған шиырдан.
Жастығы айдауда жоғалып,
Некесі айдауда қиылған.
Әйтсе де өр өмір төсінде
Емес-ті ол күрестен тыйылған.
Жүрсе де жат елде, айдауда,
Ильич ол әрқашан майданда.
Күрестен ол әсте тайған ба,
Күресте жол берді қай жанға?!
Кім қарсы тұра алды Ильичтің
Ақылын ақылмен байлауға?!
Дос жау да, қас жау да сыралғы,
Майысқақ темірдей бұралды.
Өр кеуде өзімшіл «даналар»
Ильичтен «сый» алды, сын алды.
Ақылдың атасы Ильичке
Қандай жау қарысып тұра алды?!
Ақыл, ой, арларын сарқысты,
Қас жау да, дос жау да тартысты.
Алда торыған жауынан
Ап шықты Ильич Марксты!
...Питерде. Жұмысшы үйінде,
Алғашқы маркстік үйірме.
Сақтаулы Ильичтің жадында
Бәрі де баяғы күйінде.
Питерде. Надямен танысу,
Күрестес достармен табысу.
Алғашқы айтыстар, таластар
Халықшыл «ерлермен» қағысу.
Питерде сәтсіздік бастапқы
Алда әлі заңғар тау, тас жатты.
Ауыр жол, азапты сапардан
Талайлар тайсалды, бас тартты.
Талайлар тайсалды, түңілді,
Тапталған соқпаққа жүгірді.
Тайсалмай Ильич тапжылмай,
Болашақ өмірге үңілді.
Питерде. Алғашқы абақты,
Ильичтей дананы қаматты.
Сонда да ұшқыр ой жол тауып,
Түрмеден сыртқары тарапты.
Ильичтей иесі тұрғанда,
Отты ой өртемей тынған ба?!
Арсыздар! Адамның тағдырын
Қажытпақ болыпты-ау, зынданда!
Питерде, Питерде барлығы,
Питерден таралған таң нұры.
Питерде тоғысқан Русьтің -
Арманы, ашуы, тағдыры.
...Бойында булығып өш-кегің,
Қарт Питер, халқыңа ес бердің.
Қарт кеудең қайыспай көтерді,
Қазасын Радицев, Пестельдің.
Азамен құса боп іш күйді,
Арыңа сан улы тіс тиді.
Намысы қорланып жатқанда,
Жұбаттың Чернышевскийді.
Бойыңа болаттан күш құйдың,
Жауыңнан жирене іш жидың.
Қайғыра, жүрегің қан жылап,
Қазасын өткердің Пушкиннің.
Қапаста жатқанда Отаның
Ақылын айттың сен атаның.
Ес бердің Руське, желкілдеп
Жеңістің туындай сақалың.
Шашыңды шалғанмен от, жалын,
Қарт Питер, даңқыңды ақтадың.
Еліңнің ең соңғы үміті -
Рақмет, Ильичті сақтадың!
Жалғанып күреске жаңа арқау,
Қарт Питер, қуандың самарқау.
Қойнында кек селін қайнатып,
Атқалы тұрдың сен жанар тау.
Шайқалып Неваның айдыны,
Қарт Питер, ысырдың қайғыны.
Ана - Русь аунақши бастады,
Жақындап толғағы, ай, күні.
Ай, күндер, жыл, ғасыр өтті ауыр,
Асыр caп кеудеңе от, дауыл.
Ақ басың иіліп қарсы алдың,
Атойлап жеткенде Октябрь.
Айдынын аймалап, Неваның
Қатыгез күндерге көне алдың.
Октябрь дүбірі келгенде,
Жасардың, сілкіне дем алдың!
...Жоғалтып жел үрген көрігін,
Антанта басқан кез желігін,
Қауіпті күндерден тыныстап,
Тұрған шақ, жас совет елінің.
Азапты күндер де өтті ауыр,
Салтанат құрған шақ Октябрь.
Бір сәтке толастап, сөнген кез,
Отанды шарпыған өрт, дауыл.
(Ал, ақын, желпіне жаз дастан)
Қез келді Советтер қаз басқан.
Қаусаған дүниені қалың ел --
Жөндемек, бірлігін жазбастан...
...Аштықтан айықсын ұлы елің,
Тереңдет, соқаның түренін!
Бәйік боп, қарашы, бірге жүр
Еңбекқор, шаруа - Ленин.
Көркейсін десең сен, ұлы елің,
Станок басына түнегін.
Бәйік боп жүргенін қарашы
Мазасыз инженер - Ленин.
Жандансын десең, сен, ұлы елің,
Сақайт та сауықтыр, біл емін.
Жаралы Отанды күзетіп
Тұр, әне, дәрігер - Лении.
Жазылсын, жандансын ұлы елің!
Ал анда қалғыған кім едің?!
Тұр, жолдас, ұйқыны аш, іске ұмтыл,
Ұйықтамай отыр ғой Ленин!
Ертеңгі асыңды түн ішпей...
Сеземін... Қиын-ақ... Біл іштей...
Ильичтей ауыр жүк арқалап,
Азапқа төзе біл Ильичтей.
...Жоғалар жоқшылық шақ та бұл
Аштық та, аяз да, жат бауыр.
Тек Ильич, есен-сау болса екен,
Есен-сау болса екен Октябрь!
Коммуна үнімен үндес ем,
Мартеннің шоғын да үрлесем.
Октябрь есен-сау болса екен
Есен-сау болса екен, күн көсем!
...Сонымен аңсаған келді күн,
Ардақтап адамның теңдігін,
Мақтан ет, алып ел Россия,
Бұл - сенің даңқты ерлігің.
Мәңгілік бақытты алшы, Анам,
Күн келді кеше сен аңсаған.
Арыңды, жаныңды қорғауда,
Амал не, мерт болды қанша адам...
Күңірене құлазып қыр-түзің,
Мерт болды қаншама ұл-қызың...
...Россия! Россия! Россия!
Жасаршы, жарқырап жұлдызың!
Сескенбе дауылдан, өрттен де,
Жетеді, бас көтер, дерттенбе!
Бостандық жұлдызы - Россия,
Әлемнің назары тек сенде.
Ес жиған езілген ел бүгін,
Бостандық, бақытты берді кім?
Ол - сенің сенімді партияң,
Ол - сенің, Россия, ерлігің!
Сен өткен күрестің мектебі -
Күрескер елдердің өткелі.
...Дүниені бір өзі төңкерген
Батырға балама тек мені.
Сен үшін күрестім, жатпадым,
Демеймін борышымды ақтадым.
Тек өзің әлемнің алдында
Абырой, даңқыңды сақтадың.
Сен алып, сен зорсың, жан-ана!
Батырға сен мені балама,
Сенімді партияң бар сенің,
Сонымен өзіңді бағала,
Тек мені батырға балама.
Партия ұлыңмен қолдаса,
Мәңгілік өмірге жол жаса!
...Бостандық әперер кім еді,
Болаттай партияң болмаса?..
Жұмысшы-шаруаңмен қолдаса,
Мәңгілік бақытқа жол жаса.
Өмірді өзгертер кім еді,
Жұмысшы-шаруаң болмаса?
Тындырар істер көп қолдасаң,
Сен үшін әлі көп жол басам.
Октябрь тағдыры не болмақ,
Алып ел, егер сен болмасаң?!..
Жеңеміз аштықты. Сенем мен!
Кез болар нанға да кенелген.
Октябрь әкелген отты ұшқын,
Кетпесе болғаны тек елден.
Отты ұшқын ойнаған дененің,
Жылуы сарқылмас, сенемін!
Бойыңнан, Россия, лықсыған
Болашақ қуатты көремін.
Мойымай бас көтер, керек бұл!
Болмаса, дұшпандар өрекпір.
Сарқылмас қазынаң қойнында
Қойныңда - отын, нан, электр.
Байлыққа, бақытқа кенелген,
Бір кезде бай елді көрер ме ең...
«Кремльдің қиялы» жанына
Мырзалар, сол кезде сенер де ең..
...Сонымен өзгерттік заманды,
Әлемнің бір бұрышы жаңарды,
Ал күрес біткен жоқ, бітпейді,
Күреске күрес кеп жамалды.
Шоғы әлі сөнген жоқ тартыстың
Контр бар, солшыл бар әр түсті.
Әлі де жауымыз жетерлік,
Жаулары әлі көп Маркстің.
Қандары құтырып қастықтан,
Жаулар көп қойнына тас тыққан.
...Арылу, қалайда арылу,
Әзіргі аяз бен аштықтан.
Жаулар көп іштегі, шетелдік,
Жауымыз әлі де жетерлік...
Бостандық, теңдіктің жалауын
Тек қана бір елде көтердік.
Жаулар көп айнала қоршаған,
Елдер көп теңдікті аңсаған.
Еріксіз капитал құлы боп,
Езілген, жаншылған қанша адам.
Күресті тыймаймыз әмәнда,
Алмаған асу бар әлі алда...
Тыныштық орнатпай болмайды,
Осынау беймаза заманға.
Алда әлі тартыс кеп, тартыс нық
Күресте жеңеміз, ант іштік!
Әлемге салтанат кұрмақшы,
Коммуна, идея Маркстік!
...Жойылған антанта қатері.
Кешең күз. Пешкова пәтері,
Қосылып қос ұлы Волганың,
Дамылдап отырған сәті еді.
Тұмшалап қаланы, көшені,
Тұрған бір тымырсық кеш еді.
Тербетіп, толғантып Ильичті,
Тәкаппар музыка еседі.
Бір сәтке тұңғиық шомды ойға,
Шомды ойға бостандық көсемі.
Шомды ойға, уайым емес тек
(Ол асқан асқар көп, белес көп)
Бетховен сазына сәл босап,
Шомды ойға өткені елестеп...



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу