Өлеңдер ✍️

  28.03.2021
  307


Автор: Мұқағали Мақатаев

Соқ, жүрек, солқылда, ми

Соқ, жүрек, солқылда, ми,
Тасы, қаным!
Өмірге айтылған жоқ ғашық әнім,
О, Муза!
Бір өзіңе бас ұрамын,
Тездеп жет,
Мен бір жаққа асығамын... "
Ғашық әнімді айтайын өмірге мен,
Құлақ естіп, көздерге көрінбеген.
Нөсерім тұр көгімде төгілмеген,
Жемісім тұр бағыма себілмеген.
Бермей кетпен бәрін де тегінде мен.
...Суық-ау, ажал деген, өлім деген,
Суық көрге салады кебінменен.
Сенімменен келгемін өмірге мен,
Кетсем кетем өмірден сенімменен.
Тіл өнерін, сиқырлы сөз өнерін
Оңбайсың сөз өнерін тежегенің!
Тілден алмас жоғалса, сөзден қанжар,
Бұл тірліктен бір күнде безер едім.
Айтылған жоқ өмірге ғашық әнім,
Қашан айтам, қашан мен басыламын?!
Айта алмай қалам ба деп ашынамын,
О, Муза!
Мен бір жаққа асығамын...



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу