Өлеңдер ✍️

  26.03.2021
  388


Автор: Шортанбай Қанайұлы

Шортанбай мен Орынбай ақын айтысы

Шортанбай:
Жаратқан бәрімізді бір құдайым,
Падиша пендесінің білер жайын.
Атыңа анық, түсіңе танық едім,
Жолың болсын, жүр, Орынбайы.
Орынбай:
Дуана қожа атасы барар Меке,
Мейрамға имам болған жалғыз, жеке.
Жолың болсын дегенің жақсы лепес,
Құдай берсе, мол болсын, е, Қожеке.
Шортанбай:
Өлеңге бір кісідей тынысың бар,
Бақ берген тіл мен жаққа ырысың бар.
Барымташы кісідей, мол болсын деп,
Әлдеқандай кісіде жұмысың бар?
Орынбай:
Былтыр сізді шақырды Құсбек батыр,
Хан шақырса, не тұрсын ақын, батыр.
Ақ сұңқардың дидарын көрейін деп,
Орынбай сол жарлықпен келе жатыр.
Шортанбай:
Айтасың мақтан қылып батыр ханды,
Ар көресің құр кепіл бақырғанды.
Билейтін ел бітімін би емессің,
Құсбек сені не қылсын шақырғанда.
Орынбай:
Қожеке, ханға тағы сөйлей,
Ханыңды шақырма деп билей.
Ішің тар, бұл қайдағы жарықтықсың,
Тыңдамай хан шақырса қой дей?
Шортанбай:
Еліңе мен насихат көп айтамын,
Бар демей беті - жүзің, тік айтамын.
Елімнен былтыр алып кетіп едің,
Ұялмай тағы келдің бе деп айтамын.
Орынбай:
Төреңнен алатұғын алымым бар,
Жақсыдан алып өскен қалыбым бар.
Төреңе әлің келсе бермей бақ,
Күндесең алғаныма ішіңді жар.
Шортанбай:
Орынбай Тұрлыбекке ерген екен,
Әркім-ақ сұрамшаққа берген екен.
Елімді өзім жоқта қойдай шауып,
Бұл мұндар сонан дәндеп келген екен.
Орынбай:
Қожеке, соны сөз деп айтармын,
Қуанып беріп меске қайтармын.
Мейрамның қарлығаштай малын қорғап,
Қызғанған тәңір малын сайтан.
Шортанбай:
Білдің бе сөйткенменен берерімді,
Бағана біліп едім келеріңді.
Жан жоқ деп менен басқа мақтанасың,
Түк бермен, асырмасаң өнеріңді.
Орынбай:
Шығыпты Орта жүзге атың, Қожа,
Айтасың өлімдікпен батыл, Қожа.
Көздерін сендей дің уқалаушы ем,
Кім болар бергізбесең атың, Қожа.
Шортанбай:
Орынбай, Тұрлыбекпен келді, кетті,
Әй, бәлем, бергізбеспін, сөзің өтті.
Жалынсаң, Қожеке деп, кешер едім,
Түбіңе, сорлы, өзіңнің сөзің жетті.
Орынбай:
Деп едім «тілім тиер» мен бағана,
Жаратты қожаны пір Ақ - тағала.
Ишан өлең айтқанын қашан көрдің?
Не өлең, не пірліктен кет садаға.
Шортанбай:
Хан, қара шақырған соң келе қалдым,
Жел сөзбен кеп алдында желе қалдым.
Қожаны пірлігінен айыратын
Молданы дәріс айтқан көре қалдың.
Орынбай:
Қожеке, көп сайтанмен салыспаңыз,
Қараға төре тұрып таныспа.
Айтамын жаным айтып ақсүйекке,
Жасыққа болатынды алыспа.
Шортанбай:
Өтерін дүниенің ойламас ем,
Алдында хан, қараның сайрамас ем.
Орынбай елге келген мейман еді,
Әйтпесе бұған жолды байламас ем.



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Комментарии

Ң
Ң 20.11.2022 10:26
І

Пікір жазу