Өлеңдер ✍️

  26.03.2021
  412


Автор: Шортанбай Қанайұлы

Алдаушы жалған

Алдаушы жалған дүниенің
Алдай тұғын пұлы бар.
Аяқты теріс баспаңыз,
Жаманнан басың жырып ал!
Сұғанақ болып ұмтылма,
Сыбағаң болса, тұрып ал!
Қазылған орға кез келсең,
Атың басын бұрып ал!
Үй менікі демеңіз,
Үй артында ұры бар!
Асыл туған жақсының
Құн жетпейтін пұлы бар.
Кейбір сабаз маңғаздың
Сегіз рет қыры бар,
Бақ талас қып ерлерге
Кейбір жаман былығар.
Өте қусаң қорқақты,
Батыр да болып шынығар.
Текті туған ер жігіт
Кедейлік басса, құлығар.
Аяқты қия басу жоқ,
Орыстың салған жолы бар,
Емін-еркін заман жоқ,
Ендігі жүрген жігіттің
Маңдайында соры бар.
Екі кісі ұрысса,
Қалам алар қолына.
Аз болса бөліп бере алмай.
Шындық кетті қазақтан,
Ант сөзіне сене алмай.
Дауласады алты жыл,
«Қоям ба, — деп, — жеңе алмай».
Бірге туған қарындас
Отырады үйінде
Бірін-бірі көре алмай.
Қас болып тұр жақының,
Су сықылды ағады
Жаманға айтқан ақылың.
Уәдеменен бермейді
Аласы болсаң ақыңды.
Күн де дәрет алады
Тақуа болса қатының.
Сеніп кетпе, ерлерім,
Оның да байқа ақырын!
Ақжаулықпен көркейер,
Абыройлы болса алғаның,
Жаман болса жолдасың,
Қатардан кейін қалғаның.
Жаман иттен құтылмай,
Жақсы бір қолға тұтылмай,
Ақырында махшарға
Қорлықпенен барғаның.



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу