22.03.2021
  1027


Автор: Мұқағали Мақатаев

Құлпытас

— Әй, папа-ай! Ауылдан неге қозғады екен бізді?! Жақсы еді ғой ауыл... Қазір егінді жинап болған шығар. Шөбін орып, егінін жинап алғаннан соң, дала да каникулға шыққандай, рахаттанып дем алып қалады-ау бір, біздің сегізінші класты колхоздың картошкасын жинауға биыл кім бастап апарады екен? Былтырғы Смағұл ағайдың әйбатын-ай! Ешкімнен де қорқпайды. Бір-екі сағат жұмыс істетеді де: "Жетеді енді, балаларым шаршады", — деп класты жинап алып, ауылға тартады. Алтыншы "А"-ның жетекшісі Тәліп ағай: "Бала шаршаушы ма еді, біз бұлардай кезімізде..." — деп бірдеңелерді айтып үгіттей бастаса:

— Әй, Тәке, қойыңызшы. Сіздің оқушыларыңыз менің балаларымдай күніне екі сағаттан өндіріп істесе, екі-ақ күнде бітетін жұмыс қой бұл. Бүгінгі жоспарларыңды асырып орындадыңдар, боталарым, жүріңдер, — деп, Смағұл ағай бәрімізге бас боп думандатып үйге қайтатынбыз. Жарым жолға келгенімізде, артымыздан төбедей жирен қасқа атына мінген деректір ағай қуып жететін. Ол кісі келген бойда: "Қайда барасыңдар? Қайтыңдар кейін!" — деп ашуланатын. Бәріміз класс жетекшіміз Смағұл ағайға қарайтынбыз. Ағатайымыз үркш-үдірмей-ақ сабырмен: "Жүре беріңдер, көкелерім, жүре беріңдер", — дейтұғын. Біз жайымызға кете барамыз. Деректір ағай ат үстінде, Смағұл ағай жерде қалып қоятын. Деректір ағай қолын сілтеп, қамшысын нұсқап, кәдімгі жиналыстағыдай бірдеңелерді сөйлеп жататын. Ағайымызға қарайлай беретін ек. Ол кісі біраз тұратын да, басынан кепкісін алып, бізге қарай аяңдайтын...

Осы жағдайды былтыр екі рет кездестірдік. Соңғысында ағайымыз тым мұңайып оралды. Әдеттегідей бізбен күліспеді де. Ауылға жеткенше бәріміз үнсіз келдік.

"Деректір ұрысты ма сізге, неге көңілсізсіз?" — деп көріп едік. "Өсесіңдер — білесіңдер, сабақтарыңды жақсы оқысаңдар, еңбек ешқайда қашпайды, естерінде болсыннан" бөлек ештеңе демеді. Қайран ағай. Қазір қайда екен?.. Бірінші тоқсаннан кейін ол кісіні қайда ауыстырып жіберді?!

Торғын қайтіп жүр екен... Биыл да класком болды ма екен? Бюрократ, нағыз бюрократ. Бір баламен достаспайды, бір адамға қосылмайды. Өзімен өзі жүреді де қояды. Өзімшіл. Сын жұмысында, емтихан тапсырғанда, елден бұрын орындап болады да, төңірегін жинап-тернеп, орнын тазалап, тайып отырады. Ешкіммен ойнамайды, күлмейді. Өз ісін тындырғаннан кейін, ешкімге жауап та бермейді. Смағүл ағай да қызық соның несін жақсы көреді екен?! "Ақыл — ақылды. Ақыл азамат болады. Сендер Ақылды әжуалай бермеңдер", — деп дәріптеп-ақ жүргені. Ал ол болса сол баяғы қалпы, бір жадырамайды, мәңгілік көңілсіз, ешнәрсе оны қызықтырмайды.

Былтыр картошканы тегіс жинап біткенде, бригадир ағай келіп: "Ал, балалар, сендерге көп-көп рахмет, қарақтарым! Өздерің өсіріп, өздерің жинаған егіндеріңнің енді жемісін алыңдар, қане кім қанша қаласа, сонша алсын, алыңдар, ыдыстарың толғанша алыңдар", — деген. Таудай үюлі жатқан картошкаға балалар лап қайып, ыдыстарын толтырып жатыр. Мен де әлімнен тыс кеп алып қойыппын. Сонда да Ақыл бюрократ сыртта қалды елден ерек. Тіпті ыдыс та апармапты. Мұғалімдер де, бригадир де, бір-екі рет ал деп ыдыс тауып беріп еді, иілмей қойды. Дөрекі... Қап... Сонда әкеле жатқан картошкамды неге оған көтерттім?! Көмегіне рахмет, өзім-ақ жеткізем, жәйіңе тарта бер деп неге айтпадым?! Дөрекі... Балалардың соңында қалып қойған екем.

— Шамаңа неге қарамайсың? Осынша толтырмасаң қайтер еді? — деді де, менің дорбамды иығына қағып салды да, кете барды... Дырқы Зекен қыздарға бірдеме деп сыбырлап, сонда неге жыртыңдады? Қап!.. Неге барып дорбамды жұлып алмадым?! Ол әбден үйге кіргізіп бергенше артынан ілесіп неге жүре бердім?!

Күңдегідей сабағын тамамдап, үйреншікті трамвайда келе жатқан тоғызыншы класс оқушысының бүгінгі ойы біріншіден сегізіншіге дейін ауыл мектебінде бірге оқыған Ақыл дейтін балаға келді де, тіреліп тұрып алды. Неге бұдай?! Ғажап! Қаншама кластас құрбыларының арасынан сол бір томырық қара бала есіне неге жиі келе береді?.. Әсіресе бүгін? Міне, ол тағы да көз алдында тұр.

Зияштың үйі қалаға көшкелі жатыр. Мүлік машинаға тиеліп болып, көршілер әжесімен, мамасымен, папасымен кезек-кезек сүйісіп қоштасып жатыр. Әжесі абысын-ажындарымен қайта-қайта құшақтасып, көзін сулап жүр. Қаңырап қалып бара жатқан жұртына қарап өксігін баса алмайды. Терлеп-тепшіп жүк тиеп жүрген папасының анасына бұрылып:

— Мұныңыз не?! Жылағаны несі?! Жоқ ырымды бастамаңызшы, — дегені Зияшқа тым дөрекі көрінді. Үлкен кісіге неге зекіп сөйлейді?! Әй, папа-ай!... Зияш сол сәтте мына жүрген құрбылары сияқты Ақылда қоштасуға қалайда келеді ғой деп дәмеленді. Дәмеленді, бірақ мұнысы үшін өзін соншама іштей жәбірледі. Tic жарып сөйлеспеген, сырласпаған, бірігіп сабақ та даярласпаған сол бір тұйық бала несі оның. Келмесе келмесін, қоштаспаса қоштаспасын... Осы себеп болды ма әлде папасының әжесіне әлгінде зекігені ме, Зияш машина қозғалып, ауылдан аттанарда, әйтеуір, ағыл-тегіл жылаған, жұбанбаған. Машина белден аса бере Зияш кіндік қаны тамған Қарасазына қарағанда, әппақ мектебінен бөлек ештеңе көзіне іліге қоймаған, содан қайта егілген...

Келесі аялдамада трамвайдың алдыңғы басқышынан қапшығын сүйреткен бір қартаң жарымжан адам кірді. Оның отырғаны да сол еді, кондуктор әйел билетін құлаштап қасына барды. Қарт ыңғайсызданып қалды да, қолы дірілдеп, бірдеме деп жатты. Қасын сүрмелеп тастаған семіз кондуктор қартты тыңдағысы да келген жоқ дереу оның қапшығын жұлқып, иығынан тарта бастады. Қарт қарсыласпады, тәлтіректеп орнынан тұрды. Семіз әйел трамвайдың тізгінін жұлқа тартып, тоқтатты да, жол жөнекей әлгі адамды түсіріп тастады. Отырған үлкендердің бірі де араша айтуға батылы бармады, терезеден сыртқа қарап, мелшиіп отырған қалыптарымен ғана қалды.

Зияш кондуктордың өңменінен өткізе өшпенділікпен бір қарады да, алдағы аялдамада түсіп, үйіне келді. Үйге долдана келсе, әжесі әдеттегідей парылдауықты тұтата алмай әуре боп жатыр екен. Беті-қолы күйе-күйе, жағармай сасиды. Әбден ыза болған, бірақ онысын Зияшына білдіру қайда, көңілсіз келген немересінің ау-жайын бірден аңғарған әже әубастағы жайма-шуағына басып, жуып-шәйіп жатыр.

— Осы дырылдауығы құрғыр бұзылған, Зияш. Кәдімгі әлгі бізді көшіріп келген шопырдың киімтіккішіндей (әжесі машина деген енесінің есімі болғандықтан, мотор атаулыны киімтіккіш дейтін) пар-пар етіп, бықсиды да, өшіп қалады.

Зияш әжесінің примусы құрғырға үйрене алмай-ақ қойғанын әбден түсінеді. Мектепке апарған асай-мүсейін үстелге қойды да, шешініп, жеңі жоқ үй көйлегін иығына іле салып, ауылдан келген сары мыс самауырды аулаға апарып қойды. Зияшының мұншама ашуланғанына күйтіккен әже: "Мені не қара басты, парылдауығымен алысқанша, әуелден-ақ самауыр неге қоймадым?!" — деп бір ойлады да, түнеугүні Зияштың алдында келінінің қызартқаны есіне түсіп басылды. Келіні: "Әже, не десеңіз о деңіз, бір тал шырпыны да үнемдеуге тура келеді, балаңыздың тапқаны... Осы қыспаққа әкеліп қамаған сол", — деп еді.

Зияш самауырды тұтатып, одан шыққан будақ-будақ қою түтінге қарап, ауылды тағы да есіне алды. Трамвайдағы ойып әрі қарай жалғай бергенде, әлгінде ғана кондуктор айдап шыққан қария көз алдынан кетпей тұрып алды. Ол үйіне бұрылғанда, жарымжан қария қапшығын сүйретіп, қолы қалтырап, көше бойлап бара жатқан. Тағы бір сәтте оның көз алдында беті көкшіл тартып тарғылданған еркек дауысты семіз кондуктор әйел, сыртқа қарап мелшиіп отырып алған маңғаз еркектер мен маңызды әйелдер тұрды. Бәрі де папалар мен мамалар. Олар неге қарт адамға араша тұра алмайды?! Үлкендер де қайырымсыз бола ма екен?!

Зияш осы құпияларды өзінше саралап, өзінше екшеп отыр. Бәрін ойлай-ойлай, бүгінгі күннің уақиғаларына кінәлі бір-ақ адам деп білді. Ол өзінің әкесі болып шықты. Бәріне кінәлі — сол. Егер ол болмаса, ауылға деген осыншама сағыныш та, әжесінің басындағы әуре-сарсаң да кездеспеген болар еді. Трамвайдағы әлгі бір қолапайсыз күйінішті жағдайды кездестірмеген болар еді. Көсіліп жатқан кең дүниеден жүрісің-тұрысың есептеулі-шоттаулы, оралымсыз оқыс қимылы даттаулы осы қысылтаяң кезеңге сүйреп әкелген — сол. Зияш әкесіне ызаланып кетті, сәлден соң әкеге деген мұндай ойы үшін өзін жер бетіндегі ең опасыз балалардың қатарына апарып қойды, қаны бетіне теуіп, ду ете қалды. Жез самауыр бу атып, асып төгіліп жатыр. Аулада отырған шаңырақ иесінің әжесіне: "Арқа сүйер азаматымыз жоқ құдағи, осы бір торт қабырғаның арқасында жанды жанмен бағып отырған жандармыз. Мінеки, екі ай өтті, балаңыз не ойлап жүр?" — деген сөзін естіп, оның пәтер ақысын сұрап отырғанын Зияш бірден түсіне қойды.

— Рас қой, рас, бәйбіше. Бәрін де көріп отырмыз, бермеймін деп жүр дейсіз бе, тиыны құрғырдың ретін келтіре алмай жүрсе керек. Мен бүгін айтайын, — деп жатты әжесі.

"Әй, папа-ай!.. Ауылдан неге ғана көшіріп келдің? Жақсы еді ғой ауыл..." — Зияштың бүгінгі ойы осыған орала берді.

* * *

Түннің бір кезіңде оянып, көзін ашып еді, әкесі әлі отыр екен. Қалпақты шырағдан бар сәулесін жазу үстеліне ғана сеуіп тұр. Шешесімен бірге жатқан інісі ыңыранып, бір аунап түсті. Жарықтан ба әлде ұзақ отырыстан ба, әкесі боп-боз. Шаштары ұйпаланған. Жазғанынан да ойланып отырысы көп. Бір сәтте қолжазбасының бір парағын алып оқып көрді де, сәл жымиғансып, бір жерін өшіріп, қайта жазды. Қаламын ұстаған қалпында тағы да отыра кетті, боп-боз. О, ұятсыз мамасы! Он жастағы тұштақай қызға ұсап жамылып жатқан көрпесін теуіп, ысырып тастады да, қалай болса солай іш киімшең қалды, ұйқысын алаңсыз жалғай берді және әкесі орнынан тұрып, мамасының көрпесін қайыра жауып қойды. Мамасы көзін ашып, аунап түсті де, кішкентайын төсіне алып теріс қарап жатты, әкесі қайта отырды. Ауыз үйде жатқан әжесі ұйқылы-ояу бірдеңе деп еді, естілмеді.

Әй, папа-ай. Саған түсінсем бұйырмасын. Ауылды тастап, қора-қопсы, үй-жайды тастап, кең-мол дүниені тастап несіне қызықтың мұнда? Сені мұнда сүйреген қандай күш? Ауылдағы қызметін; мұндағыдан әлдеқайда жақсы, әлдеқайда көңілді еді ғой. Жазуыңды онда да жазатын ең ғой. Жазу?! Ғажап, осы папам не жазады екен?! Әйтеуір, мен ес білгеннен бері қарай күндіз-түні (көбіне түнде) қаламын бір алып, бір қойып отырғанын ғана білем, бір өзгерісі жоқ бір кітабы жоқ әлі. Мұндай жазушының барын әлі ешкім де естіген жоқ. Осы папам қызық, түсінбеймін. Әй, мүмкін емес. Қолынан келмес іске папам текке әуре болмаса керек...

Үкінің жүніндей аппақ шашы қобырап, жөтеле дыбыс беріп, ауызғы бөлмеден әжесі кірді. Кірді де, ойын бөліп қойдым ба дегендей, дәл бір кінәлі адамдай отырған ұлына сәл көз қиығын тастап, Зияштың төсегіне келіп, оның кекілін сипап тұр. Зияш ұйықтаған боп жатыр. Бұл үйге әжесінің тіпті де Зияш үшін кірмегенін біледі ол. Әжесінің манадан бері ұйықтамай жатқанын да сезеді. Табан астында ойлағаны келді, әжесі тұлымынан бірер сипап мекіренді де, папасының қасына барып, сәл тұрып: "Қарағым-ау, таң атып қалды, әлі отырсың, дем алсай азырақ жөтеліп отырсың ғой", — деп, баласының басын бауырына қысып, шашын сипады. Осы сәтте Зияшқа папасы тым жадау, тым мүсәпір пұшайман көрінді.

Әжесі кетті. Зияш әлгі ойын қайта жалғай берді.

Осы мамамның не білгені бар?! Неге сонша ашуланшақ боп кетті? Мұңдай мінезі жоқ еді ғой?! Болар-болмас нәрсені сылтауратып, үй ішінің шаңын қағып-ақ жүргені. Әсіресе байғұс папама дегенде төбе шашы тік тұрады. "Жылы орынымнан қозғап, балаларды жылы ұясынан адастырып, ақыры біреудің босағасына әкеліп кіріптар еттің. Семья асырай алмайтының бар, қалаға неге көшіріп келесің?! Талантым, талантым... Талантың кімге керек сенің?! Неге келдім, неге алдандым!" — деп жерден алып, жерден салып жатқаны. Бишара папам! Өз кінәсі өзінде, жұмған аузын ашпайды. Алдарқатып күлкімен ғана жеңеді, күлкімен ғана құтылады. Сондағы әжемнің кейпі-ай! Мамамның атқан оғы папамнан асып барып соны жаралап жатқандай маған. Мамам осыны неге ескермейді?! Әжетайым! Момақан әжетайым менің! Есептен сын жұмысын шығара алмай отырған оқушыдай екеуіне кезекпе-кезек жаутаң-жаутаң өтеді. Әй, мама-ай! Соны да байқамайсың ба? Бұлан-талан боп жүргенінде әжемнің кейпіне бір рет назар аударшы, қандай халде отырар екен... Жо, жоқ.. Мамам ашуланғанда өзін де, өзгені де ұмытады. Бұлай болмайды екен, мен бұл жайларды мамама бір күні қалайда ескертуім керек...

Зияш көп ойланды. "Иә, иә, папам, мүмкін, босқа әуре боп жүрген шығар. Оған да ескертсем бе екен", — деген бір қорқынышты сұрақ тағы елең еткізіп еді, папасының күнделігінен жуырда жасырып оқыған: "Әзірге бұл дүниеде мені түсінетін бір-ақ жан бар, ол — менің қызым Зияшым", — деген сөздер әлдеқайдан сап ете қалды есіне. Папасын түсінгенін папасы түсінгенге ырза болған Зияш әкесін оғаш ойдан оңаша ұстап, рахаттана ұйықтап кетті.

Папасы диванда тұяқ серіппей ұйықтап жатыр. Мамасы ума-жума, орнынан енді тұрып, байпағын киіп отыр. Зияш күндегіден кеш оянды. Сағат сегізге сабағы басталатұғын. Абыр-сабыр жуынды да, ертеңгі шайға қарамай, сөмкесін алып үйден асыға шыққанда, қалбалақтаған әжесі қағазға ораған әлденені қолына ұстата берді.

— Ac ішпей қалай шыдайсың, ботам, қара басып мен де бүгін ұйықтап қалыппын!

Күн бұлыңғыр, көше көңілсіз екен. Сап-сары жапырақтар түндегі жауған жаңбыр суымен шыланып, батпаққа батып жатыр. Көше жасауынан айрылған үйдей жап-жалаңаш, құлазып тұр. Аялдамадағы төрт-бес адам трамвай келетін тұсқа мойын созып, әлсін-әлі қарап, әбігерленуде. Трамвай көріңді. Зияш ұшып келеді. Қалайда осыған ілігуі керек, келесі трамвайды күтіп тұрғанда сабақ басталып кетеді. Ғұмырың қызық-ау, адам, сенің. Қайда, неге асығасың соншама? Білесің бе қайда асыққанынды? Неге соншама асыққанын Зияш қайдан білсін, ол емес, біз қайдан білеміз...

Трамвайға енді жете бергенде, қандай күштің қалпақтай ұшырғанын да сезбей қалды ол. Болар-болмас есі кірген бір сәтте: "Әй, папа-ай! Ауылдан неге әкелдің? Ауыл жақсы еді ғой", — деп айтқысы келді, бірақ табан астында ол ойынан да адасып, сәл езу тартты, белгісіз басқа бір дүниенің түбі жоқ тұңғиығына рахаттана батып бара жатты.

Сонымен, тағы да бір ашылмаған ой, ақтарылмаған арман сөнді. Трамвай өмір аялдамада бірер минут тоқтады да, қоңырауын сылдыратып алға қарай жылжи берді. Күздің суық желі тырбиған үйеңкі ағашының бір тал қураған жапырағын жұлып алып, көңілсіз көшемен қуалай жөнелді. Әлгінде ғана әжей қағазға орап берген бір жапырақ нан мен бір тілім шұжық жол бойында қала берді, онда ешкімнің шаруасы да болмады.

Қасиетіңнен айналайын ата-ана-ай, олар да бір бәйтерек-ау, түбірлері мықты болып, көктей берсе болғаны... Ал бірер жапырақтың мезгілсіз үзіліп түсуінен бәйтерекке не залал Әйтсе де Камал мен Кәмшат өсіп келе жатқан өндірлері Қапелімде қиылып түскенде, қатты-ақ қайғырған. Зияштың өлімі ойсыратып-ақ кеткен оларды. Бірақ бәрі де өз кезінде екен. Тіршілік, уақыт нені ұмыттырмасын, қайғырған, қайғырған да қойған. Тіпті араларындағы дүрдараз сол Зияш қазасымен бірге жоғалғандай болып, босағалары беки түскен, бір-біріне деген сыйлары артқан. Зияштың басына құлпытас орнатамызбен жүргенде, арада бес-алты жыл өтіп те кеткен. Ақыры қалған қарғаларының тілеуін тілеп, сабырмен қалған-ды. Тек жылда жаз айында, Зияштың туған күні, оның басына барып, шөп басқан моп-момақан қабірді үнсіз аймалап қайтатын. Қайтар жолдарында сәндік үшін емес, сәбилеріне ескерткіш үшін әлі күнге құйттай құлпытас орната алмағаңдықтарын екеуінің де іші сезіп, бірінен бірі ұялатын. Біріне бірі қарай алмай қапаланатын еді.

Бүгін олай болмады. Екеуі есік алдына үнсіз жақындай бергенде, Камал:

— Менің де тіршілік етіп, жер басып жүргенім-ай, Кәмшат... — деп қалды.

Үйлеріне келсе, әжей мұңайып отыр екен.

— Әлгі ауылдағы Зейнептің Зияшпен бірге оқыған баласы келіп, ойымды ойран-топан етті... Азамат бопты... Зияшым да тірі болғанда... — деп, әргі жағын айта алмай кемсеңдей жөнелді. Жаулығының ұшымен көзін сүртіп, орнынан тұрды: — Мынау өзімнің жазған кітабым дейді...

Әжей қайтадан босап кетті. Баспадан жаңадан шыққан кішкентай кітапқа Камал мен Кәмшат бірдей үңілді...

— Мынау Ақыл ғой. Бәсе, бәсе, одан бір нәрсе шығатынын мен білгем, — деп жатыр Кәмшат. Кітаптың бірінші бетінің бас жағында: "Зияш, сенің кішкентай қабіріңе үлкен құлпытасты кейін орнатам, әзірге осыған риза бол!" — деген сөзді оқып, ерлі-зайыпты екеуі теріс қарап кетті...



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу