30.08.2026
  158


Автор: Насыреддин Қожырбайұлы

Құрмаш батыр

Күннің қызылы семіп бара жатқан кез, бес қаруын асынған бес батыр батысқа қарай желе шоқытып бара жатты. Бесеуінің сұсты тұлғасы ымыртта одан сайын зорайып құдды бір жойқын қол сияқты көрінеді. Иа, десе дегендей Құрмаш батыр қасындағы жолдастарымен талай абай - құқайды бастарынан өткізіп, талай қыйын қыстау заматта Елге қамқор бола білген еді.


Қазан төңкерісінен кейін дала тіршілігі күрт өзгерді. Кеңес өкіметінің саясаты, мал-мүлікті тәркілеу, көшпелі жұртты күштеп отырықшыландыру әрекеттері Маңғыстау халқына да өте ауыр  тиді. Елдің дәстүрлі тұрмыс -тіршілігі бұзылып билікке деген наразылық күшейді. 1922 жылдың ызғарлы күзі, ұйытқып соққан жел қойны қонышыңды үрлеп барады. Қараңғы түсе ойдағы ауылға маңдай тіреген Құрмаш бастаған бес жігіт ауылдың маңдай тұсында орналасқан еңселі ақбоз үйге түсе берді. Бұл үй Құрмаштың жақын замандасы Қаңғабайдың үйі еді. Кісінеген аттардың даусына ілескен ауыл иттері шулай жөнелді де тым тырыс жатқан ауылды азан қазан қылды. Далаға атып шыққан Қаңғабай Құрмашты көріп,


- о Батыреке қош келдіңіздер!, деп өзіне ғана тән риасыз жымиысымен ыстық ықыласын білдіріп жатты.


- Ассалаумалекүм Қабеке ауыл елдерің аманба, - деп емеурін білдірді. Қырықтың қырқасына шыға қоймаған Қаңғабайдың бәибішесі де жайылып жастық иіліп төсек болып  қонақтарына қызмет жасап жүгіріп жүр. Жол соғып шаршап қалған қонақтар маңдайлары жіпсіп қою, сүтті шайды сораптап әңгімелерін әрмен қарай жалғастырды.


-Көрлерінде өкіргір қызыл жағалылар соңғы кезде ауыл, ауылды кезіп салық жинай бастады, - деді қабағы кіржиген Қаңғабай. Кезек сауып отырған екі түйені алып кеткелі аузымыздан ақ арылмайтын дастарханымыз босап қалды.


-Иа, бұл бір Ел басына күн туған заман болды, ендігі жерде тек ауыз біршілік ғана бұл сойқанға тосқауыл болары хақ. Қабеке, сүт сұрай келе ыдысыңды жасырма демейме дана халық, біздің мақсатымыз өзің сияқты ең болмаса елу шақты жігітті жинап мынау қызылдар отрядына тосқауыл қою. Қылышын сүйретіп қыс келе жатыр, малынан айырылған бұқара халықтың жағдайы не болмақ, осыны ойласам зығырданым қайнайды, оның үстіне қылыш найзадан басқа қаруда жоқтың қасы, мылтықпен қаруланған отрядқа тойтарыс беру оңайға соқпасы анық.


Қаңғабай Құрмаш батырмен ақылдаса келе Ел арасында аттары мәлім үзеңгілес батырларды: Қаржаубай, Тоғыс, Естұрған, Айзақ, Қозбақ, Айбас балдары: Үшқамбай, Ташқара, Тоқай, Бақай сияқты он шақты адамды Қаңғабайдың үйіне жинады. Түннің біруағына дейін әңгімелескен олар алдарына нақты мақсат қойды: 1. Елушақты мықты жігіттерден тұратын отряд құру.  2. Отрядты бердаңка, бесатар сияқты ұңғылы мылтықтармен, оқ дәрілермен қамтамасыз ету. 3. Елсіз далаға барып, қостанып жатып әскери өнерге үйрену, яғни: сап құрау, тұтқиылдан шабуыл жасау, жаралыларын немесе қаза тапқандарын жау қолына қалдырмай соғыс алаңынан іліп әкету. Жігіттердің көбі барымташыларға қатысқан, жалғыз жарымы соғыс көргендіктен соғыс қимылдарына төселу көп қиынға соқпады.


Осылайша он күн бойы жаттыққан Елушақты жігіт сақадай сай тұрды. Қаңғабайдың үйін жасырын штаб қылған онбасы жігіттер күнде бас қосып жақын маңда не қимыл жасайтындарын жоспарлап отырды. Соңғы кезде мылтықпен пулеметпен қаруланған қызылдар отряды Маңғыстау өңіріне кіріп ауылдарға ойран сала бастаған еді. Атап айтқанда Бабықтың Әжібайынан тарайтын Маңғыстауға байлығымен атағы шыққан Селбаймен Жүзбай әулетінің ауылдарын шауып жүздеген жылқыларын қуып алып кеткен еді. Мал ашуы жан ашуы дегендей бабық ауылының бас көтерер жігіттері де осы қарулы жасаққа келіп қосылған болатын, ішінде Селбайдың немерелері Ырзабек, Бурабектер де бар еді.


Атадан балаға жалғасқан байлық Кеңес өкіметі кезінде талан таражға түсіп, Ырзабек, Бурабектерде де тігерге тұяқ қалмаған болатын. Малдың арқасында күнелтіп жүрген көшпелі қазаққа сол малынан айырылу өте қиынға соққан еді. Халық бір мұрсатта жұтап қалып көптеген малшылар таяғын ұстап қалды, елді ашаршылық, жоқшылық жайлай бастады. Нақтырақ айтқанда 1927 жылы алдымен қуаңшылық болды, жайылым нашарлап, мал әлсіреді. Ал сол жылғы қарашаның ортасында ауа райы күрт суытып, ақ түтек боран соғып, қалың қар түсті. Мал тебінге шыға алмай жаппай қырыла бастады, бұл жылдары «Қоян жұты» деген атпен Ел есінде қалды. Қатты жұтаған жұрт бас сауғалап бес қала жаққа, Жем бойына босып көше бастады.


Кеңес өкіметінің дәрменсіздігі, көпе қөрнеу халықтың қырылуына қарсы іс қимыл жасамауы Құрмаш батыр бастаған қарсылықтың күшеюіне тікелей әсер еткен негізгі себептердің бірі болған еді. Елуге тарта жиналған Құрмаш отряды сөзден іске көше бастады, Елді тонап, салық жинап жүрген қарулы қызыл отрядқа қарсы іс- қимыл басталып кетті. Ен далада бірен саран ұсақ жасақтарды күйретіп, қаруларын тартып алып отырды. 


Үдіре көшіп келе жатқан Құрмаш көші Жем бойына қарай жақындай түскен еді. Арттарынан ілесе шыққан, ОГПУ дің 68 Гурьев двизионының Гурьев уездік ОГПУ өкілі басқарған  он шақты адамнан тұратын шағын жасағы болатын.  


-Бөрінің көліне барып бірақ тоқтап дамылдайық, желе жортып келе жатқан Құрмаш батыр қасындағы жігіттерге дауыс қатты.


-Сақ болған дұрыс, манағы алыстан көрінген шаң бекер шаң болмаса керек, деді қабағын сәл шытқан Қаңғабай. Осылайша ақылдасқан батырлар үш-төрт жігітті екі-үш шақырым артта ұстауды жөн көрді. Алыстан мұнартып көрінген Бөрінің көлі, мен мұндалап шақырғандай. Жем бойына енгендерінің белгісі осы болар сірә. Ымырт үйірілгенмен күннің қызылы семе қоймаған сәт, Кенеттен шыққан бес атардың даусы құлақ жарды. Әлгі төрт жігіт соғысты бастап кеткен сыңайлы, ташанка пулеметі бар шағын жасақ құйғытып шауып жақындап ақ қалды. Жанталасқан Құрмаш батырдың жігіттері көшті артқа тастап әлгілерге қарсы шапты, ызы- қиқу, қым- қуыт басталды да кетті. Ара арасында пулеметтің де та -та - талаған даусы да естіліп жатыр. Мылтық даусынан түие тулап Құрмаш батырдың төрт жасар баласы қаза болды және өзі оң қолынан жараланып әрмен қарай шайқасты жалғастырмай шегініп кетті. Осылайша Құрмаш батырды ұстауға шыққан жасақ өз мақсаттарына жете алмай, кейін қайтуға мәжбүр болды. Елу, алпыс түйеден тұратын ауыр көш Жем бойында көп тұрақтай алмады, Құрмаш жасағы Тұрғызба-Ақтайлақ маңында Құрмаш батырды ұстап беруге әрекет жасаған Жұмағазы Бәшеновтің ауылына қарымта шабуыл жасады. Осы іс -әрекеттен кейін Құрмаш жасағын қуғындау үшін «Коммунар жасағы» ұйымдастырылып Кеңес Өкіметі тарапынан қуғындау күшеие бастады. Осы себепті Құрмаш көші 1928 жылдың күзгі айларында Адай округі ішіне кіре бастап еді.


Кеңес билігі Құрмаш батырдың қарулы тобын жою үшін 1929 жылы көктемде экспедиция ұйымдастырды. Экспедиция құрамында қырық шақты адам, бесатармен және үш пулеметпен қаруланған жасақ болды. Осы жазалаушы отряд бұрынғы Адай округінің Үстүрт – Сам ауданындағы Қарымшақ құдығы маңында Құрмаш жасағының екі тобымен бетпе бет келді. Топтарды  басқарған Естұрған мен Айзақ батырлар болатын. Бетпе -бет келген екі тараптың жасақтары бір бірімен аяусыз шайқасты. Нәтижесінде Құрмаш жасағына ауыр тиіп алты адам қаза болып, үш адам жараланды, қаза болғандардың ішінде жасақ басшысы Естұрғанда бар болатын. Ұрыс соңында Елу адам қолға түсіп, 76 түие, 30 жылқы және қару жарақ алынды.


1930 жылдың жаз айлары, Үстүрт- Сам маңғындағы Қарымшақ шайқасында мықтап әлсіреген Құрмаш көші қазіргі Жетібай- Жаңаөзен аралығындағы Шұқырой алқабына келіп табан тіреген болатын. Күзге таман Қарақалпақ ОГПУ жасағы Құрмаш ауылының орналасқан жеріне жетіп еді. Бесін шамасында Құрмаш жігіттері мен ОГПУ жасағы кескілескен ұрысты бастап кетті. Мықты қаруланған ОГПУ жасағы Құрмаш жігіттерін аямай оқтың астына алды. Үш сағатқа созылған аяусыз шайқастығ нәтижесінде бернеше жігіт пен Құрмаш батырда оққа ұшқан болатын. Шұқырой шегінуге де, жасырынуға да қолайсыз қыйын алқап екенін ескерсек қарсылықтың қаншалықты Құрмаш жасағына қыйынға түскенін болжау оңай еді.


Осылайша Елі үшін жанын шүберекке түйген қас батыр - Құрмаш жасағы талқандалып қанқұйлы кеңес өкіметі дегеніне жеткен болатын. Құрмаш батырдың мәңгілік мекен жайы, сол өзі оққа ұшқан жерде, Жетібайдан Жаңаөзен бағытына 29 шақырым жерде орналасқан.


Күннің қызылы семіп бара жатқан кез, бес қаруын асынған бес батыр батысқа қарай желе шоқытып бара жатты. Бесеуінің сұсты тұлғасы ымыртта одан сайын зорайып құдды бір жойқын қол сияқты көрінеді, иа бірақ бұл көрініс сол батырлардың аруағы іспетті қиялда ғана қалып қойды.


Әңгіме тарихи болған оқиғалардың желісімен құрылған, әңгімедегі кездескен адам аттары нақты өмірде болған тұлғалар.


 


Насыреддин Қожырбайұлы


 


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Комментарии

03.09.2026 18:15
ВМфН

Пікір жазу