Өлеңдер ✍️

  19.08.2026
  117


Автор: Самрат Құскенов

АР МЕН ЗАҢ

 


Егер заң арқылы басқарсаң, жазалау арқылы реттесең, халық аяғын тартады, бірақ ұятты сезінбейді. Егер ізгілік арқылы басқарсаң, оны дәстүрге айналдырсаң, халық ұялып қана қоймайды, көндігуге тырысады.


Конфуций


Уақыт озды, озбай қалды заманың,
Жақсысынан артық көріп жаманын.
Арсыздардың айы туып оңынан,
Ары бардың түсінбедік жан әнін.


Ез қорлайды ұлтым деген еріңді,
Жемқор әбден сорып бітті жеріңді.
Енді қайтып бастыртасың ілгері,
Ар үндемей, заң сөйлеген еліңді?


Ақиқатты айту – көпке жат ағым,
Шыншылдықпен шығып жүр ғой шатағым.
Бетін тілсең, қан шықпайтын сорлылар,
Ардан аттап, заңдастырған атағын.


Талапсыздар жоғын айтып тіленер,
(Қалталының көтеніне тіл енер.)
Ар алдында жауап бере алмаған,
Заң алдында өзін ақтап шіренер.


Сүйенем деп мемлекеттің заңына,
Жан көміліп қалса қоғам шаңына.
Ақтамайды анасының ақ сүтін,
Лағнет жауып әкесінің қанына.


Арқа тіреп заңның басар мөріне,
Жүрегі лас нұр түсірмес төріңе.
Бағамын деп әлдінің қас-қабағын,
Күнә арқалап бара жатыр көріне.


Заңға қоғам қажет, арға – ақырет,
Жаратқан ием, арсыздарды тақыр ет.
Ата дәстүр-салтыммен жол табатын,
Жан-тәнімді ізгілікке жақын ет! 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу