Өлеңдер ✍️

  18.06.2026
  45


Автор: Оралбек Бек

Күз

 


Күн көзі ептеп кіртиіп,
Мизам жүр ұшып үлбіреп.
Еріні желдің бұртиып,
Баулардың шашын үргілеп.


Терісі жердің сарғайды,
Аспан жақ жиі түшкіріп...
Ағаштар мұңын толғайды,
Түсіне кіріп үскірік.


Дейтіндей біз де ірі едік,
Арманның көрген асуын.
Бұлттар тұр шыңға тіреліп,
Көңілдің күтіп тасуын.


Қойтастан көжек жылт етті,
Желкеге жиып құлағын.
Кім көрген мұндай үркекті,
Бөктерге салған тұрағын.


Көк жүзі құсын самғатып,
Үлгерді екен қай уақта.
Пәлектер жатыр толғатып,
Жиылмай қалған алқапта.


Бояма тірлік емес бұл,
Киелі суым, ен жұртым.
Боз далам нәрсіз демеспін,
Дұшпанның жеген көз құртын!


Кеудемді жұлқып көкжалдай,
Жүрегім дүрсіл қағады.
Туыпты жаңа ай ақжолтай,
Бақыттың иген самалы.


Керегем - алтын ошағым,
Уығым - күннің шапағы.
Күзімді әнге қосамын,
Ешкімнің жоқ қой шатағы.


Оралбек Бек



 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу