Өлеңдер ✍️
АЙТАРЫ БАР ЖАУШЫ ЕКЕН
Сөздің де қорабасы, қойқабы бар,
Абызға айтам десе ой табылар,
Ал, әлгі шаңның сыры мәлім болды,
Асығыс жаушы екен ол айтары бар:
"Қазағым, сын сағаты келді, міне,
Арыңа, жауап берер елдігіңе!
Қоршап тұр Түркістанды түмен жоңғар,
От қоймақ қасиетті түндігіңе!
Бастаған Әбілхайыр халық сонда,
Білмедім қанша бары анық санда.
Жан-жаққа кеткендерді түгендеуге,
Уақыт аз болып тұр жанықсаң да.
Қай жаққа қарасаң да айналаң түн,
Ұстап тұр қалың жұртың зорға қалпын.
Бітуге ол да таяу қор қылғанда,
Кепілге Галдан Церен қойған он күн!".
Жетіру жылдам тайпа бәріне де,
Ол жағы мәлім ғой жас, кәріге де.
Шулаған шибөрілер келді екен деп,
Алаштың шығу керек жаны неге?!
Сұм жоңғар!
Мұнда қандай есеп жатыр,
Есебің кеткен жоқ па көсеп тақыр...
Аттанды "Арғымақ!" - тап кідірместен,
Қасқарау қасқыр қабақ кесек батыр.
Қосылды барлық батыр Орқаш тұстан,
Баһадүр Дербіс, Әбді қос арыстан.
Ал, енді, кім де болса келіп көрсін,
Халқы үшін қалай екен қасарысқан.
Түгендеп батырларды Тайлақ шықты,
Сарбаздар бес қаруын сайлап шықты.
Долырып арыстан жал сәйгүліктер
Қуырып жер танабын жайнап шықты.
Телеудің саңлағы еді мұның бәрі,
Тараған бір кіндіктен шыбын жаны.
Жұлдыздай ақты қайран Түркістанға,
Нық ұстап найзаларын қолындағы.
Өтетін тәкаппардан бар ма надан,
Елірген шеріктері қаумалаған,
Қалмақтар шалғай жатқан кіші жүзден,
Қарсылық көреміз деп ойламаған.
Болады жүректердің жасыл алды,
Түлетсе намыс пенен асыл арды.
Жаңбырдай жауып кеткен жебе астында,
Қалмақтар ес жия алмай қапы қалды.
Салбырап қап-қара түн балақтары,
Құмсаба жау қанына тояттады,
Жетіру Саураннан да сырғып өтті,
Көп қой бұл соғыстың да ғажаптары...
Тікмүйіз ажал келіп салды да ойнақ,
Жау жағы осылайша қалды жайрап.
Жіберді бір-екеуін масқаралап,
Мінгізіп ат артына қарғы байлап.
Ал, сонан, шоғындай боп жанартаудың,
Кейпіне еніп түнгі омартаның.
Соқпастан Түркістанға әккі Тайлақ,
Қойнына кетті сіңіп Қаратаудың.
Көргенді жау болса да күрсіндіріп,
Деді ме масқараға жүрсін күліп.
Жоңғарға Түркістанды қоршап тұрған,
Өзге емес, әлгі екеуі келсін кіріп.
Тұрғанда сықпыттарын өзге көрмей,
Осылай етсе жеңіс тез келердей.
Көздерін сығырайтқан Севан Рабдан,
Дарға асты екеуін де сөзге келмей.
Қызбалық түсірсе де отқа талай,
Білмеді мінгенін де атқа қалай.
Қоңтайшы қол сілтеді "шабыңдар!" деп,
Құмсаба, Сауран төбе жаққа қарай.
Мың сан жау бұрды солай аттың басын,
Не шара адамға адам "жат" болғасын.
Не шара түн ауғанда шатастырып,
Төбеңде бәрін билеп хақ тұрғасын!
Кісіге себуге ажал даяр бәрі,
Сол еді "шапқыншылар" таянғаны.
Жетіру қайта келді деп ойлаған,
Қалдығы қалмақтардың аянбады...
Жебелер екі жақтан мөңіреді,
Қан құсып шіркін өмір еңіреді.
Толғатқан көк найзаны толғай-толғай,
Жұтады адамдардың көкірегі...
Қылыштар шақыр-шұқыр жарқылдады,
Байғыздар түні бойы сұңқылдады.
Доп болды домаланып небір бастар,
Оқыста иығынан қырқылғаны.
Ешкімді ешкім білмес заман болды,
Таң да атты, бұл соғыс та тәмам болды!..
Құзғындар өлік жеген қарқылдайды,
"Бәрі де қараң болды, қараң болды...".
Қаншама болсын діні, салты қатты,
Бұдан соң жоңғарлардың сесі қайтты.
Тұмсығы тасқа тиген Галдан Церен,
Табанын Түркістаннан жалтыратты!
... Сонау Сауран төбе мен Құмсабада,
Әсерден ай тұтылған түн садаға!
Бір бірін жоңғар, қалмақ қырып салып,
"Тағы да жеңілдім" деп мұң шағады, ә!..
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇