Өлеңдер ✍️

  11.03.2026
  577


Автор: Камал Ұзақ

Бақыт деген

Бақыт деген не екен,


Кім біледі?


Байқасаң бақытсыз да шын күледі.


Өзгеге бақытты боп көріну де,


Мына сайқал өмірдің шындығы еді.


 


Өмірден бақыт таппай мұң шағасың,


Сүрінсең сынақпенен шыңдаласың.


Құдай саған бақытты бірден берсе,


Сезінбес ең бақыттың шын бағасын.


 


Бақыт деген тегін де, арзанда емес,


Атаңнан мұра болып қалғанда емес.


Өтірік күлгендердің көпшілігі,


Шындығында бақытты болғанда емес.


 


Өмірден бақыт іздеп сандаласың,


Таппасаң тағдырыңа таң қаласың.


Жүрегіңе тыныштық орнағанда,


Нағыз бақыт екенін аңғарасың.


 


Бақыт қайда дейміз-ау, кім біледі?


Байқасаң бақытсызда шын күледі.


Өзгеге бақытты боп көріну де,


Мына сайқал өмірдің шындығы еді.


 


©Камал ҰЗАҚ




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Комментарии

Әлихан
Әлихан 18.04.2026 12:14
Зор

Пікір жазу