Әңгімелер ✍️
Мылқау жүрек
Үн... Ол туылған сәтте ерекше үн естілді. Бұл жылаған сәбидің ащшы сазы. Іңгәлаған періште дауыс кеңістіктегі шексіздікке тұмандай тарады. Құдды бұлткөлегейлеген күннің жерге құлаған шашыраңқы сәулесіндей, әлемге нұр шашып тұрды. Иә, бұл оның алғашқы дыбысы еді. Жазғалы отырған келесі шағын әңгімем өмірден алынған шынайы үзінді. Қиял-ғажайып, шым-шытырық оқиғаларға қарағанда, сана көтере алатын сапасы ақиқатында сақталатын шынайы әңгімелер мәндірек болады екен. Нақтырақ айтқанда, өзімнің айналамдағы өрбіп жатқан, көзім көріп, көңілім таңданған ғажап дүние. Бұл жақын уақыттың ішінде жанарым шалып, қаламымды тербеген оқиға.
Бала шақтан болашаққа дейінгі аралық, бұл армандардың алпауыт алаңы. Ұлы армандардың анық мекен-жайы. Менің Айдар (кейіпкерлердің есімдері өзгертілген) есімді досым бар. Сырласып, мұңдасып тұрамыз. Адалдығы бір төбе, адамдығы бір төбе. Ауызын ашпай-ақ жүрегі көрінетін ақ көңіл. Бірақ аңқау. Айдар айналасына сол аңқаулығымен сүйкімді көрінетін.Кейде таң қалатынмын, Жаратушы ием осыншама қасиеттің бәрін бір ғана пенденің бойына қалай сыйдырып қоюы мүмкін деп. Шындығында, Алла ұлық! Кейбіреулер оның аңқаулығы мен ақкөңілділігін пайдаланатын. Расында да, пенденің ниеті кірлесе,әлем қанша кең болғанымен пейілдер тарылады екен-ау! Парасатты көрінетін пайдакүнемдерге алданып-ақ қалатын. Есегі судан өткенше, есебі түзу көп пенде деген сөз бекер емес, қой! Дегенмен менің бұл әңгімемнің басты кейіпкері Айдар емес, оның туған ағасы Қайнар жайында…
*** *** ***
Қайнардың жасы қазір жиырма алтыда. Ес біліп, қарға адымдап қадам басқалытілі шықпаған. Құлағы да өте ауыр естиді, тіпті естімейді деуге болады. Санаға салмақ салып, құлаққа түрпідей тигенімен, ұлы сөзде ұят жоқ деп ақтала салар біздің қазақтың дүрсе қоя салатын сөзгерлігі бар емес пе? Айтуға ауызың көнбейтін аталы сөздер. Қайнар – мылқау болатын. Анығын айтқанда, тағдыр жазмышына тайдай таңбалап берген, біз он екі мүшесі сау деп санайтын адамдардан кемшілігі «мылқаулығы» болды. Бала күнінде ата-анасы қанға сіңген қазақы салтпен нағашы жұртына апарып, қойдың ішігімен қылқындырып та көрген. Қайран жоқ. Тұқымнан келген жұрнақ секілді. Менің былдырлап тілім шығып, алғаш шүлдірлей бастаған сәттегі тұңғыш сөзім «мама» деген тәтті есім болыпты. Әрине, одан өзім бейхабармын.Анамнан естігем. Шала сөйлеп, әке-ананы айта бастаған шағым нағыз керемет кезеңдерім екен ғой. Өзім хабарсыз, өзім білмейтінменің бақытты күндерім. Суырып салып жыр арнап, қуырып шағып тілімментүйреп, ақындық санамды билеп көмейге күш береді деген ой болды ғой дейсіздер ме, менде? Жоқ, төрт аяғын тең басқан төрт қатарлардан тақылдап, той басқарып көремін деген арманда болған емес. Мақұл, оны қоя берші, айналаңнан керекті дүниеңді сұрап алып, кезкелген адаммен қарым-қатынас, байланыс құралы ретінде пайдаға жарататын бұл тілдің құдіреті керемет емес пе?! Бағзы заманда бабаларымыз жер қайыстырған қалың қол әскерді, осы сүйектен өтетін сүйексіз тілмен тоқтатты емес пе? Даналықтың да бастауындағы ұлы мұрат осы тіл еді. Олардан бөлек, ішкі мұңыңды ақтара салуға да, жеңілдеп алуға да берілетін ұлы мүмкіндік қой, шіркін! Біз бағаламайтын, қолда барда құны жоқ саф алтындай қымбат құндылық! Ал, бұл Қайнардың ұлы арманы еді. Сөйлеу деген құдіреттің не екенін білгісі келетін. Өзінің дауысын тыңдағысы келетін. Ойлашы, сен өзіңнің ең жақын жандарыңның үнін естіп көрмедің, мүлде білмейсің. Анаңның, әкеңнің саған мейірлене қараған сәтінде олардың дауысы қандай екенін, не айтқанын білгің келеді. Еркелеткенін естігің келеді. Сұмдық қой, расында. «Балам, сені сағындым ғой», - деген анаңның дауысын естіп жүргеніңді бағалай алдың ба сен? Ол аздай, әкем былай деп ұрысты, шешем былай деп сөйледі деп өкпелейміз ғой, тегі. Ол дауысты естуді армандайтындарды да бір сәт ойға ала кеткен жөн екен.
Қайнар қалыпты өмірдің шекарасында бала дәуреннен дәм татты. Айналасындағы достары да, бірге жиі ойнағанының арқасында Қайнардың ым-ишарасын түсініп, тілсіз түсіндірмелерін бірден ұғатын. Қайнардың әкесі тағдыр тұсаулаған перзентін ауылда сақау қойшы етіп алудан қорқып, қаладағы туысының үйіне жіберіп, оқу-білімді үйретпекке ниеттенді. Әйтседе, баласын білім алуға жіберуінің басты себебі ол емес болатын. Бірде Қайнардың көршісінің үйіне қаладан қонақтар келсе керек. Қайнармен қарайлас балалары да бар екен. Құмға аунап ойнақшыған балалардың тобырына Қайнар да лезде қосыла кетті. Гүл жағалаған көбелектей балалық қызығушылықтың оты алаудай маздап тұрған шағы. Үйшік жасап, уайымсыз сауық құрып жатқан алаңқайдан бөлектеу жатқан,үсті құмға толғанбір ойыншық камазды байқаған Қайнар жылдам жабыса кетіп, ойнай бастады. Бала көңіл артық ойланушы ма еді? Бұл ойыншық қалалық қонақтың мүлкі екенінен хабарсыз. Боямасыз бала кезеңде қызғаныш деген шіркіннің қу түлкідей бұлаң қағуы заңдылық қой, шіркін! Қалалық қонақ өзінің ойыншығын Қайнардың қолынан көріп қалып:
- Әкел ойыншығымды, - деп, Қайнарды итере жығып, қолындағы камазын екпінмен жұлып алды.
- Ұры неме, әке-шешең үйретпеген бе не, рұқсатсыз ешкімнің затын алуға болмайтынын?Жауап берсеңші, ақымақ, неменеге бажырайып қарайсың?-деп жеки түсті, әлгілі қалалық қонақ.
- Ол, сөйлей алмайды. Қайнар тас керең әрі мылқау,- деп күлді көшенің арғы басында тұратын Сағи. Қайнар достарының өзін мұқатып жатқанын сезсе де, бұл айтылғандардың ешбірін естімеген еді. Бірақ, сырттай бақылап тұрған Қайнардың әкесі бәрін естіп, өңі сүр еттей бұзылып, жүрегі қан жылап қалды. Баламды өзін ұғатын ортаға жіберемін, сауатын ашамын, қоғамның көлеңкесінде қалдырмаймын деген нақты шешімге осыдан кейін келген болатын. Әке жүрегі перзенті күндердің күнінде өз ортасында өзін қор санап қалатынынан хабардар болған соң осындай кесім жасады. Бұл әрбір ата-ана ескеруі керек құбылыс. Тағдыры шектеп қойған бейкүнә пендені одан әрі адамның шектеуі әділетсіздік. Баласы қандай болса да оның қызығушылығымен қабілетін бағалау және дамыту біздің жұртқа қажетті дүние.
*** *** ***
ХХ ғасырдың екінші ширегінде Еуропада қалыптасқан «жестуно» деп аталатын халықаралық стандартты түрдегі ыммен сөйлесу тілі бар. Саңыраулар мен сақауларға арналған бұл байланысты «ым тілі» деп атайды. Оңтүстік пен Солтүстік Америкада, Африка мен Австралияда, Үндістан мен Океанияда тағы басқа елдерде ым тілі еститіндер арасында да қалыптасқан екен. Бұл ақпараттарды мен осы әңгімені жазу барысында білдім. Біздің еліміздегі саңыраулар мен мылқауларда осы лингвистикалық ым тілінпайдаланады. Мылқау адамдар үшін ең қолайлы тіл. Яғни, саусақ арқылы түсіндіру тілі. Жаңашылдықтың да, көп түрліліктің де аламан алаңы деп Алматыны танитынымыз мәлім. Сол себепті де, жастардың қабілет-қарымын ашу үшін қаланың да маңызы зор. Сол Алматыдағы қазіргі қоғамға сай, мәдениетті тілмен айтқанда, ерекше балаларды оқытатын интернатқа Қайнар да қабылданды. Алғашында туысының үйінде болғанымен, кісінің үйінде жатып, кішілікпен өмір сүруді студенттер жағы жақсы түсінеді ғой, біраз қиын жағдай. Біреудің қас-қабағына қарайлап, алдыңдағы асыңды аңдап ішкен қолайсыз өмірден гөрі, басыңдағы бостандықтың құны қымбат емес пе? Бір жағы туыстары үшін де, Қайнардың жағдайы қиындықтар тудыратын еді. Сол себепті де, әкесі ыңғайлы ортада еркін өмір сүрсін деген ниетпен интернатқа ауыстырды. Қайнар осылай сауатты өмір үшін білім баспалдағына аяқ салды.Айналасында өзі секілді, тілсіз балалар жинала берді. Тілсіз болу, мұңсыз болу деген сөз емес қой, әрине! Бәрінің де ішінде бұлқынып жатқан бір-бір қайғы, бір-бір арман. Бала күнінен жазу-сызуға құмартқан Қайнардың арманы архитектор болу еді. Бала арманы түндіктен сығалап, арман терезесінен жымың қаға беруші еді. Түбі сол мақсатына мұқалмайжету барысында, өзінің әлемнен тысқары қалғандығына қарамастан, қоғаммен тең құқылы дәрежеге жеткенше тоқтаусыз еңбекке ентелей берді. Сауаттылық қана түбі осы қараңғылықтан алып шығар деген алып арманмен алысып, жүйрік тағдырмен жарысып, бап тұлпарына қамшы баса түсті. Ер жетіп ес жиямын дегенінше, қылқандай жас баланың көрген азабы да аз емес. Жанның азабы жүрекке тыртық сала беретін. Ерекше балаларға арналған интернаттың жүйесіне де үйренісу оңайға соқпаған еді. Алғашында ол үйін сағынып жылай беретін. Кейде ақ қағаздың бетіне түрлі-түсті қаламсаптарын шашып жіберіп, ата-әжесінің таңертеңгілік ауладағы жаздық шәйорында отырып, самаурынның бұрқ-сарққайнауына қанып,қу ағаштың түтіні сіңген бал татыған шәйді сораптап, сонан соң ала сиырдың сүтінен әзірлеген әжесінің сары майына нанды сұққылап отырған суретін салатын. Сол суретке қарап жанын жұбататын.
Қайнар ата-әжесінің баласы. Нақтырақ айтқанда қаймана қазақтың қанына сіңген қалыпты құбылыс дейін бе, әлде қазақ қоғамындағы тәрбие мен ізгіліктің ұлы мұрасы дейін бе, әйтеуір бұл сана сабақтастығына сан мың жылдан сақталған салт емес пе? Үйдің тұңғышы болғаннан соң, Қайнардың әкесі де бауыр еті баласы болғанымен, тұңғышын ата-әжесіне меншіктеп берді. Оңашада құмары қанғанша иіскеп алатын. Не дегенменде, әкенің аты әке емес пе? Анасы да, Қайнардың әжесі көз қиығын ала берген мезетін мүлт жібермей, томпиған тоқты қарын, торсық шеке баласын құшағына қысып-қысып алушы еді. Өзегін жарып шыққан өз баласы, құрсағынан құнар алған тоғыз айлық бейнеттің де адамға ыстық қимастығы болуы қалыпты дүние ғой, әрине. Осындай берекесі тасыған үйде Қайнар өзінің тілсіздігіне де күпірсіз ырза болатын. Қайнар атасының көзге көрсеткен тәлімін көңілге тоқып, әжесінің әдебін бойына сіңіріп бастаған уақытта, қала деген қайнаған тіршіліктің ортасына топ ете түсті. Нақ сүйері де, нақ сенері де атасымен әжесі. Ал, ата-анасына деген көзқарасы бөгделеу болатын. Әкесінен ағалық қамқорлық көрген, анасынан жеңгелік болмыс терген Қайнар ата-анаға еркелеудің орынына ұялу мен жасқану сезімдерін үдетіп алды. Қоғамда байқалатын, көп адамдардан кездестіріп жүрген қағидат. Меніңше, бұл ұяңдықтың өзі ата-ана деген ұлы тұғырға перзенттік борыштың алғашқы баспалдағы іспеттес ізгіліктің нышаны. Себебі, ата-анаға деген құрметтің қадірін жоғалтпайды. Қазіргі көз үйреніп, қамырша иленген қоғамда бала тәрбиесіне арналған ата-ана деген мектептің бір қуантар тұсы сауаттылығында болса, мұңайтатыны тым замануилықтың әсері дәстүр сабақтастығын тұмшалауында. Шамадан тыс еркіндіктің әсері бала психологиясына айтарлықтай зардабын тигізуде. Әлеуметтік желілер, батыстың дүбәрәсы, бәрі де әсер етуде. Еркелік деген тәтті қылық тәлпіштік деген жақпас қасиетке айналып бара жатқандай. Бұл дүниенің бәрін көзбен көріп, көңілің шаршаған шақта ата-әженің тәрбиесі сөнбейтін ауыл деген мектепті сағынасың ғой, шіркін! Ал, Қайнардың бойындағы қазақы тәлімнің табы мәңгі сақталары сөзсіз.
*** *** ***
Қайнар мектеп қабырғасындағы білім ошағын бітіргеннен соң, өзі армандаған архитектор мамандығына оқуға түсті. Оқу орнына алғаш келген күні еді. Үстіндегі ақ жейдесі мен қара шалбарына түстес сәнді портфелі өзіне үйлесіп-ақ тұр. Ішінде үлкен үміттің вулканы атқылап жатыр. Қайнар қай жерге барса да тек алдыңғы қатарда отырғанды ұнатушы еді. Бүгінде сол әдеті бойынша, студенттер аудиториясындағы алдыңғы қатарға келіп жайғасты. Жанына 80-90 жылдардың альбомынан суырып алған суреттей,шашы иығына түскен, қасы Ресейдің ормандарындай қалың, киген киімі рок жұлдыздарының стиліне сәйкестеу, аяғындағы туфлиінің жылтыр жарығына көз шағылысардайбойшаң бір жігіт келіп жайғасты. Қайнардың ішкі түйсігінің байқауынша, бұл жігіт өзімен құрдас емес, әлдеқайда үлкен көрінеді. Ортақ «ым тілімен»:
-Таныс болайық бауырым, менің есімім – Ерлан болады.
- Қайнар болады есімім.
-Қай жердің тумасы болдың, Қайнаржан?
-Алаштың алғашқы астаналарының бірі Ақмешіттенмін. Өзің ше?
-Оралманмын, құжынаған құмырсқаның илеуіндей Қытайдан келдім. Танысқаныма қуаныштымын Қайнар!
-Менде!
-Ерлан, сенен бірдеңе сұрайыншы, Қытайдағы қандастарымыздың қал-ахуалы, өмір сүру заңдылықтары мен тіршілік қағидаттары қандай? Туған жердің топырағындай болмас-ау, сірә! Қандастардың бәрі оралғысы келеді ме?
- Оралғысы келеді, оралман болғысы келмейді,-деп күлді.
-Қандастан бұрын менің әкем мен шешем әлі оралған жоқ. Мен Қытай лагерінен (түрме) келдім. Келгенде қалай, қашып келдім. Өлместің күнін кешіп зорығып жеттім. Азаптаудың алпыс, қорлаудың қырық түрін көрсетті десем артық айтқаным болмас. Жалған жаланы жауырынымызға таңып, сынықты сылтауратып лагерге апарады. Сосын тышқан қуалаған мысықша қызықтап білгендерін жасап азаптайтын. Адамзат баласы, адам деген ұғымнан қалай ғана алшақтап кетеді екен. Хайуанда да мейірім бар емес пе? Сендер жерұйықта туылып, жұмақ пен тозақтың ара-жігімен ажырата алатын таңдау еркінде болдыңдар. Ал, мен топ етіп тозақта туылғандай күй кештім. Бір күні лагердегі қазақ қандастармен бірге қашуға жоспар құрдық. Қашпасқа болмады. Кеудемізде көк бөрінің намысы бұлқынып тұрғанда, тордағы жаралы арыстандай ажалымызды күтіп жату абадан ұрпақтың жігеріне, бізге лайық емес еді! Он адам боп уәделестік. Қалған қандастарды да үгіттеп, ілестіргіміз келген, бірақ оларды қорқыныштың уы бойларына тарап, үрейлері жеңіп кеткеннен соң ба, бостандыққа жеткізетін жоспарымызға сендіре алмадық. Адамнан бұрын үміттіңөлгені жаман екен-ау! Бас-аяғы бүтін жоспарымыз болды. Күн мен уақыттың межелі мәресіне жеткен кезде есік алдындағы күзетшілерге қорқау қасқырдай тап бердік. Жабылып соққылағанда түбі шіріген бағанадай сұлап түсіп жатты. Ал, біз болсақ иненің жасуындай сым қоршауларды кеңейтіп, жез қармақтай майысып орғып қаша жөнелдік. Төтенше жағдайға дайын арнайы жасақ лезде жасанып оқ жаудыра кетті. Бас сауғалап қаша бердік. Оқ боранша жауып жатқан кезде, ойлану деген мүмкін емес екен. Алдыңғы қатарда қашып бара жатқан төрттіктің ішіндежасы қырыққа таяған Нұрлан деген бір туған ағамда бар еді. Ол 15 жасынан бастап түрмеге таңылған. Азаттықты аңсаған нағыз азамат сол еді, марқұм. Масадай құтырған қалың оқтаниық тұсы мен саны жараланып құлап жатыр екен. Өкірген өгіздей жанына тоқтап, жан ұшыра жұлқып жатырмын.
- Ақымақ, қаш. Әкем мен шешемді тап бауырым. Ұрпақ жалғассын, қашқане, - деп итеріп жіберді. Жылаған күйі жүгіре бастым.
Бұл мен көрген ең қасіретті көрініс еді. Он адамдық бостандықты аңсаған еркіндіксүйгіштер тобымыздан үш ғана адам тірі құтылдық. Ағам бақилық болыпты. Бір айға жуық қаңғып, бас сауғалап жүрдім. Менімен бірге қашып құтылған екі серігім ауылдарына қайтты. Мен оларға ол жерге қайту қауіпті екенін ескерттім. Бірақ, оларды туған жеріне деген сағыныштары жеңіп кетті. Кейіннен олардың қайта қамауға алынғанын естідім. Ебін тауып Қазақстанның шекарасынан да өттім. Базарларды жағалап, қайыр тілеп жүрдім. Қарным аш, кешке дейін нәр сызбай келіп тастың үстіне ұйықтасам да, туған жердің топырағында тәуелсіз еркін ұйықтағаныма алтын тапқан қайыршыдай қуанатынмын. Дархан даланың желі сұлудың сылқым күлкісіндей аймалайтын. Ал, сендер бейбіт өмірді қаншалықты бағалайсыңдар достым, киелі топырақтың құны қанша сен үшін? - дегенде Қайнар ұяттан желшешек жұқтырғандай бөрітіп кетті.
- Сонан соң, маған бір бай адам көмектесіп, құжаттарымды түгендеп берді. Хат танытып оқытты. Әлі де оқытып жатыр. Бай адам дегенде қалай, аса бір шіріген шенеулік емес, жәй жүрегі бай адам. Негізінде осындай адамдар бар екен.Қазір, Аллаға сансыз шүкір айтамын, бәрі үшін! Қытайдағы қазақтар ғана орналасқан өңірлерде қазақылықтың қаймағы бұзылмай, әдетте, ғұрыпта сақталған. Сол үшін де олар бізді көре алмайды. Қинайды. Қорлайды. Білгің келгенін айттым. Осы менің адам баласына бір көргеннен-ақ сырымды аша салатын мінезім өзіме ұнамайды. Сол мінезден таяқ та жеп жүрмін. Мұхтар Әуезов айтпаушы ма еді: «адамның қай мінезі қасиеті болса, сол мінезі міні де болады» деп. Расында да, тауып айтылған ақиқат сөз. Менің бағым мен сорым бір-біріне тура пропорционал, - деп күлді.
- Мен де оққа ұшқан адамды көргенмін,- деді Қайнар.
- Осындай бейбіт мемлекетте ме?
- Иә, халықпен бейбіт шеруге шыққанбыз. Ақыр соңында өлім құшқан бос мәйіттерге көз толды. Тәуелсіз мемлекет болсын, мейлі, бодан, босқын, соғыс жайлаған мемлекет болсын, зұлымдық қай жерде де зұлымдық боп қалады екен. Тіпті, мемлекетті улы жыланның заһарындай зұлымдық жаулап, - дей бергенде, оқытушы екі таныстың диалогын бөліп:
-Құрметті студенттер, назар аударайық! Бірінші танысып алайық талапкерлермен, - деп тізім бойынша санаққа кірісті. Осы сәттен бастап Қайнар мен Ерлан жақын достарға айналды. Бірақ, Қайнар досты таңдап араласатын, сырын аша бермейтін. Оның себептері де бар еді. Уақыт зымырай түсті. Тағы бірде психология сабағында еркін әңгіме айдары болды. Оқытушы кезекпе-кезек «ым тілімен»:
- Балалық шағыңда, бәлкім жақын күндері, өзіңнің құлағың естімей, сөйлей алмайтыныңа ұялған немесе тағдырға назданған күнің болды ма? - деген сұрақ қойды. Студенттер бірінен соң бірі осы тілсіздіктің кесірінен қысылған, қиналған сәттерін айтып жеңілдей түсуде. Кезек Қайнарға келді.
- Он төрт жасымда, мектепте оқып жүргенде бір досым бар еді. Есімін айтқым келмейді. Өте жақын достар болдық. Бірақ, ол менімен бір мектепте оқымайтын. Себебі, ол сөйлей алады, құлағы да естиді. Біз бір алаңда футбол ойнап жүріп танысқан едік. Ол менің мылқау екенімді білсе де, түк білдірмей телефонның пернетақтасы арқылы жазып лезде сұхбаттаса кетті. Таныстығымыз достыққа, достығымыз сырластыққа ұласты. Бірде екеуміз аулада доп ойнап жүріп, көп қабатты үйлердің біріндегі пәтердің терезесін шағып алдық, нақтырақ айтқанда әлгі досымның қаттырақ тепкен соққысы сындырды. Қорыққанымыздан қасқыр көрген қойдай сіресіп, қол аяқтан жан босап, сілейіп тұрып қалыппыз. Топшылауымша, үйдің иесі ашумен айқай салып, аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып балағаттап келді де, досымның құлағынан бұрап жіберді. Жаны қысылғаннан ол мені саусағымен нұсқап көрсетіп, бірдеңелер айтып тулай берді. Құлағым естімесе де, түйсігім түсінеді ғой, оның жалған сөйлегенін ұғып қынжылдым. Менің сөйлей алмайтынымды пайдаланып, басын арашалап алды. Сол үйдің егесінен сөйлей алмаған соң, кінәсіз екенімді түсіндіре алмай, оңбай таяқ жеген едім. Сол сәтте әділдікті жеткізіп, ақиқатты айту үшін тіл керек екен деп іштей қынжылыпжылаған едім. Ал, қазіргі күні көзім жетіп жатыр, тілі барлар да ақиқатты айта алмайды екен. Шындықты жеткізу үшін тіл емес, жүрек қажет екен,- деп әңгімесін аяқтады. Аудитория түгел қол соғып, тіпті қарагөз қыздар көз жастарын сығып та алды. Қайнар тұңғыш рет ішкі дүниесін көп алдында ашып тұр. Кеңістікке еркелеп, аспаннан баяу билеп құлаған ұлпадай жеңілдеп қалды. Ерлан да ескі естеліктерімен бөлісіп өтті. Оның ақ көңілділігінің арқасында ішіндегі сырларынан бәрі хабардар болатын. Естегілігін бөліскен соң:
-Мен Қайнар туралы да айтқым келеді, - деді Ерлан екпінмен. Оның қандай еңбекқор жігіт екенін білесіздер ме? Қайнар алғаш оқуға түскен жылы, өзінің қиялындағы сызбаларын біршама жерге ұсынып, өткізе білді. Түнгі ауысыммен шеберханаларда жиһаз ұстасы болып жұмыс жасайтын. Соның арқасында жер сатып алды. Үшінші курс оқып жүрген шағында сатып алған жеріне үй салуды бастады. Бұл уақытта ол 3-4 жерде жұмыс жасайтын. Шаршап жүргенінен көздері хабар беріп тұрушы еді. Сондағы бар арманы атасы мен әжесін жанына әкелу болатын. Әкелмеске амалы жоқ. Себебі, ауылға барып тұрғысы жоқ. Жаңа ортаға қайта бейімделуден, басқалардың мүсіркеп қарайтын аяушылық көзқарасынан қашатын. Бірақ ата-әжесін қатты сағынды. Төртінші курсқа өткен жылы ол қабырғасын қалап жатқан үйінің құрылысын толық аяқтап, ата-әжесін үйіне әкелді. Мойындаңыздаршы, араларыңызда ата-әжесінің осы айға салатын зейнетақысын күтіп жүргендеріңіз де бар ғой? Қайнар, сенің әлгі бала досың ақымақ. Мен сенімен бала кезден бері дос болғанымда ғой, шіркін! Жоқ, өкінбеймін, себебі, ақыретте де дос болып үлгереміз, Алла қаласа.
Бүгінгі күн осылайша тым ерекше сәттердің қанық бояуымен күнтізбеде қалды. Желден жүйрік уақыт, адамның дегеніне көнуші ме еді? Күтсең өтпей, асықсаң жетпейтін уақыт. Бірде тапжылмай тұрып қалса, бірде зыр ете қалады. Сәтті күндер тәтті естеліктерге айналып, Қайнар мен Ерлан да төрт жылдық оқуларын тәмәмдады. Ерлан оқуды бітіретін жылы ұлы қуаныштың иегері болды. Әлгі бай көкесінің арқасында ол Қазақстанға ата-анасын қайтарып алды. Ағасына ескерткіш орнатып, бір уыс топырақ суырып көңіл бірлеп, іштегі күйігіне сәл де болса су сепкендей қуанды. Ал, оқуды тәмәмдай сала көңіл жарастырып жүрген сүйгеніне үйленуге ниеттенді. Сол тойда Қайнар Ерланға жігіт жолдас болады. Ерланның сүйгені де өзі секілді тілсіз. Жалпы, Қайнармен Ерланның ортасы өздері секілді ерекше жандардан тұрады. Себебі, олар басқа ортада өздерін төмен сезінгісі келмегендіктен, дәл осындай сфералық аураны өздері қалыптастырды. Батырдан сауға, мергеннен сыралғы демей ме?! Әркім солай қабілет-қарымына, сана деңгейіне, тіпті, артықшылық-кемшілігіне қарай да іріктеле береді екен.Дипломдарын қолдарына ұстап, думандатып біткен күннің ертесіне Қайнар достарын жиып, Ерланның тойының қамына кірісті. Ұйымшылдықпен бәрін реттеп біткен соң, жастар мейрамханаға алып-ұшып келді. Ешкімнің қуаныштан тысқары қалғысы жоқ. Той басталуға әлі ерте. Есіктен ене бергенде Қайнардың басынан бақсы ұрғандай есінен танып, ұзақ қатып қалды. Есінен тануының себебі, Динара болатын. (Динара – Ерланның әйелі Талшынның жан құрбысы еді. Екеуі бала кезден бір мектепте, бір университетте жетім жүректерін сүйрелеп, жанталасып жүріп жұрт қатарлы білім алды. Екеуі жазмыштың тулаған толқындарын талай кешті. Тағдырдың екеуін жақындатуының себебі де тілсіздіктері. Мұңдары мен сырларын бір-біріне емін-еркін айтатын. Уақыт өте келе, Талшын Ерланмен танысты, екеуінің көңіл қосып бір-бірі үшін жаралғандарын сезген соң үйленуге бел байлады. Талшын Ерлан сөз салған күні-ақ Динараға қыз жолдас болатынын айтқан.) Динара тал бойына ұяңдық ұя салған, Жаратқан күллі әлемнің сұлулығын қия салған, үріп ауызға салғандай көркем ару. Жүріс тұрысы бек жұмсақ, тым биязы, аппақ дидарлы, нұрлы жүз, сұлу қыздың жәудіреген көздерін көргенде,Қайнардың күре тамырындағықаны тулап, бұлқынуы да заңдылық еді. Ол аз десеңіз, бүгінгі тойда Ерланның қалыңдығына қыз жолдас екен. Құдайдың маған сақтаған сарқыты осы екен-ау, - деп Қайнар іштейшарпыған,ыстық алауынан күш алып қояды. Көшкен бұлттай жаңғырып, жүзі жадырап, езуі жиылмай тұр. Қайнар ақырын келіп, Ерланнан сұрады:
-Динара тілсіз бе?
-Иә, өзіміз ғой,- дейді Ерлан күліп.
-Байқап көрсем қалай болады екен, Ерлан?
-Ғашық боп қалдың ба, Төлегенім?
-Солай сияқты.
-Кеттік ендеше, не тұрыс мұнымыз?
- Динара, танысып қойыңдар, бұл менің досым, есімі – Қайнар. Маған бүгінгі қуанышта жігіт жолдас. Біздің жолымызды сендерге берсін,- деп тұспалдап балғын бақыт тілеп өтті.
-Көп ұзатпай той қылсаңдар да қарсы емеспін,-деп әзілімен зіл тастады.
-Динара болады есімім. Жігіт жолдас екені костюмінің сыртқы төсқалтасындағы гүлден-ақ байқалып тұр емес пе?- деп күлді.
-Жоқ, гүлден емес, серіге тән түрден-ақ байқалып тұр, - деп сұлу сөз тапты Ерлан. Қайнар қолына ғайыптан келіп қонған бақыт құсынан айырылып қалатындай, қыздың қолын қысып тұра берді. Ерланның қарасынан бұл қылығының әбестік екенін сезген Қайнардың түрі лезде өзгеріп, сұрапыл түстеніп кетті.
Бұл сәтте тағдыр той үстіндегі таныстыққа, тойдан кейінгі уақыттарда да жалғасын табатын, көрінбейтін іздің сұлбасын салып қойған болатын. Құдды ертегілер әлеміндегі бақытқа бастап баратын жарық сәуле секілді. Қайнар Динараның көздеріне үздіге үңіле қараған сәттен ауыр мұң байқады. Көңілден еріп, көзден құлаған соңғы тамшыдай ащы мұң. Адам екінші жартысын тапқанда жүзіндегі, мөлдір жанарындағы құпия қайғыны қиындықсыз көре алады екен-ау. Себебі, ғашықтарда жасандылық деген сұмпайы перде болмайды. Той керемет өтті. Бірақ Қайнардың тойдан хабары жоқ. Бар есі де, дәмесі де қыз жолдаста. Той біткен соң Динараны Қайнар үйіне жеткізіптастады. Ауласына келген кезінде ұялу деген сүйкімділікті ысыра салып:
-Динара, білесің бе? Бүгін сен сондай сұлу болдың. Періште жерге түскен бе деп таңқалдым. Ерланның жүрегі ақ қой, оның тойына періштенің келуі таңғаларлық дүние емес деумен өзімді жұбаттым, - деп әңгімесін үнсіз аяқтады.Динара жымиып:
-Рақмет Қайнар, - деді.
-Мен ішке кірейін, жаурап қалдым.
-Жақсы, көріскенше!
-Көріскенше деймісің?
-Күн сөнбесе көрісеміз. Қайырлы түн!
-Қайырлы түн!
Бүгін махаббат деген алып шаһардағы ғашықтық деген тарауға сезімнің буы бұрқырап тұрған балғын сия тамды. Сол түнгі жарық жұлдыздар бір ұлы жаңалықтың шет жағасынан хабар алғандай жымың қағады.
Таңертеңгісін Қайнар жаңа қызметке орналасты. Нұр үстіне нұрдеген осы болу керек-ау шамасы. Өзінің жаны қалаған мамандығы бойынша маман болмақ. Жолы ашылып, бағы жана бастағанына қатты қуанып тұр. Санасында Динараның сұлу күлкісі сайрап тұр. Бұл қуанышын бөлісуді сылтауратып, хабарлама арқылы Динараны кездесуге шақырды. Динара бірден келісті, себебі, оның да жүрегінде сезімнің ұшқыны лып бере бастаған еді. Динараның үйіне жақын маңайдағы саябақта жолықты. Қайнарды қандай күштің қозғағаны беймәлім, Динараны құшақтап алды.
-Мен жұмысқа орналастым,- дейді. Екеуі де үнсіз, мұңсыз, тілсіз. Тәтті емес пе?
-Сырласайықшы, - деді Қайнар.
- Қорқамын.
- Неден қорқасың?
- Сыр ақтарудан, сосын жылап қалудан.
-Жыламайсың, бұл серіге тән сертім.
- Мен – жетіммін, Қайнар. Әкем мен шешем еміс-еміс есімде, ол кезде жасым 3-те болатын. Сол бір қарғыс атқан күнді ойласам, әлі күнге дейін жанымды қоярға жер таппаймын. Ағамның оқу бітіру кешіне жолға шыққанбыз. Көлікте үш адам едік. Кенеттен көрген түстей қас-қағым сәтте өмірімді түбегейлі өзгерткен сұмдық апат болды. Ес білгеннен кейін ағамның айтуынша, қарсы бағыттағы ауыр жүк көлігінің жүргізушісі ұйықтап кетіп, біздің көлікке соқтығысқан көрінеді. Сау тамтығы қалмаған көліктен менің шырылдап жылаған дауысымды естіпқұтқарғандар, мені анамның қарысып қалған құшағынан әрең ажыратып алған екен. Бұл менің мына қатігез әлемге естірткен ең соңғы ащы үнім еді. Аға-жеңгем мені қанша емдеткенімен, сол күнгі көрген қасірет бойымнан бір сәтке де арылмады. Әкем мен шешемді көрмегенмін, бірақ ағам мен жеңгем бар. Ол аздай, - деп бастағанда кеудесін өксік қысып жылап жіберді. Кеудесіндегі тағдырға деген кек боп сақталып, тоңдай қатқан күпірін жасыра алмады.
-Қайнар, білесің бе? Өмірдің маған дайындап қойған тосын сыйлары мұнымен шектелмеді.Сол кезге дейін айналамдағы маған деген мүсіркеген жанарлар мен аяушылық танытқан көзқарастардың арасынан жылу іздеумен болдым. Менің жан-дүниемді ұғынатын жүректі іздеумен. Осы қалпымда қабылдай алатын асыл жүректі. Тілеуім орындалды ма екен, бір жан жолықты.
Бұл сөздерді Қайнар үнсіз тыңдай берді.
-Ол ауқатты отбасынан шыққан қалалық сырбаз жігіт. Екеуміз аз уақыттың ішінде бір-бірімізді жақсы түсіністік. Менің сөйлей алмайтыным қарым-қатынасымызға кедергі келтірмеді де, себебі, ол мен үшін «ым тілін» үйрене бастаған еді. Оның мен үшін барлығына дайын екенін көріп, іштей риза болдым. Оның алғашқы сабақтарының нәтижесіне ет жүрегім елжіреп, көздерім мөлдіреп қарап тұрамын. Екеуміз жиі кездесетінбіз,ол мені үнемі театрға апаратын. Бұл сәтте мен оны Менделеев кестесіне жаңа элемент қосқандай, басқа қырынан тани бастадым. Басында бұл қарым-қатынасқа түбегейлі қарсы болсамда, уақыт өте келе ойым өзгеріп, оны жиі ойлайтынды шығардым. Өзімнің ұната бастағанымды сездім. Арада 2 айдай уақыт өткен соң, ұғынықсыз дүниелер жиілей түсті. Суый бастады. Мен не болғанын түсінбей дал болдым, бұрынғыдай емес, сирек іздейді, жиі-жиі кездесуге шақыратыны бар еді, оны да қойды. Бір апта өтер-өтпес уақыттаинстаграм желісі алқылы хабарламасыналдым.
- Жарты сағаттан кейін әдеттегі жерде кездесейік, - деп жазыпты. Біз әдетте Мұхтар Әуезов атындағы театрдың алдында кездесетінбіз. Межелі уақытта кездесу нүктесіне де келдім. Ол менен бұрын келіпті, қабағы қатулы,өңмені өрт сөндірген адамдай шошырлық кейіпте. Менімен салқын амандасқаннан кейін бірден:
-Динара, біз бірге бола алмаймыз, - деді.
-Мен сені шын сүйдім, сөзіме сенші! Бірақ бұл қарым-қатынасты дереу тоқтатуымыз керек. Мен сені ата-анаммен таныстырмақшы болдым, сол үшін алдын-ала құлақ қағыс қылып сенің жағдайыңды жеткіздім. Әкем салмақты, тұйық адам. Ол біраз ойланып:
-Егер ғұмыр бойы сүйетін бармақтай бағым сол қыз десең әкел, қарсылығым жоқ, бердім батамды,- деді.
- Ал, анам ұзақ ойланбады да:
-Әкелмейсің балам, мен қарсымын. Үзілді-кесілді қарсымын. Мылқау қызды маған келін қылып әкелуші болма, әкеледі екенсің екі дүниеде де разы болмай өтемін, - деді.
- Қаншама рет анама түсіндіруге талпынсам да, онымнан түк шықпады, түкте шықпады, - деп жанарындағы мөлдір жас ытқып шығардай алқынады.
-Көзіндегі амалсыздық пен жалыныштан жаным шыр-пыр еткендей болды. Мен оны жібердім. Амалсыз жібердім. Дүниеде ата-ананың разылығынсыз ешқандай бақыт болмас деген ұйғарыммен жібердім.
Динара әртүрлі ойдың шырмауында біраз тұрып, көз жасына ерік берді. Бір нүктеге қазықтай қадалып қарап тұрған Қайнар жүрегіндегі зілзаланың ауыр күрсінісінен кейін бір сәт терең ойға шомып кетіпті.Өзінің сөйлей алмайтындығына бейуақ беймаза көңілі іштей қуанғандай.Себебі, сол мезеттегі ішкі жан айқайын ешбір сөзбен айтып жеткізе алмайтындай ауыр һәм қиын болары сөзсіз.
- Міне, Қайнар, жанымды ұғады деген Саматтың да сағым болғанына 3 жыл өткенде өзің жолығып тұрсың.Самат қазір отбасылы. Маған ең қиыны не екенін білесің бе? Осыдан 2 ай бұрын әлеуметтік желіден 3 айлық шаранаға «қор»ашылып жатқанын байқап қалдым. Бұл Саматтың баласына арналған қор екен. Бейкүнә сәбиде ауыр дерттің табы бар екен. Өзімді кінәлі адамдай сезіндім. Самат мені қарғады деп ойлаған шығар. Тағдыр не деген сұм өзі. Солай Қайнар, менің жазмыш бағым осындай сүреңсіз, - деп көзі жасаураған күйі Динара үнсіз тұрып қалды.
Қайнар оны құшақтап алды.
-Болды күнім, сенің бақытты өмірің енді басталды,- деп жұбатқан болып бағуда. Іштей Құдайға мың қайтара шүкір айтты. Тілі болмаса да ата-анасының бар болғаны үшін.
-Динара! Динара, маған тұрмысқа шығасың ба? - деп Қайнардың саусақтары сезіммен сөйледі. Бұл айтқан сөзіне өзі іштей дайын болатын. Қайнардың осынша батылдығына Динара іштей ырза болды. Келіскенін білдірген ишаратпен жәй ғана күлімдеді. Осы сәтте періштелер қос ғашықтың некесін салтанатты түрде қия салған еді.
Сол күннің ертесіне ештеңеге қарамай той қамына дайындық басталды. Мен де осы екі ғашықтың тойларына куәгер болу құрметіне ие болдым. Осы тойдан алған әсерім менің жаныма ғаламда адамның бәріне бұйыра бермейтін ерекше сезім сыйлады. Бірге оқыған және бір ортадағы достарының бәрі жиналды. Тойдағы тілектер мен асабаның сөздерін Қайнар мен Динараның достарына аударып беруге «ым» тілінің маманы да шақырылыпты. Мен көрген тойлардың ішіндегі ең тыныш және ең ыстық той болды. Динараның ағасы тос төріне келіп:
-Менің алтын қарындасым, бала күнінен ерке қыз. Өмірге де еркелегісі келеді. Қайнар, жылатпа, бұл менің саған қояр талабым мен өтінішім. Динара, бізді әкеміз бен анамыз көктен бақылап тұр. Мен соған сенемін, - деп жылап жіберді. Бұлсөзден кейінбарлығының жанарынан ыстық тамшы үзіліп түсті. Мен Қайнардың әкесінің бір бұрышта, баласының бақытына қуанып жылап тұрғанын көрдім. Бейнеттің табы сіңген саусақтарымен, жасқа толған жанарын уқалайды. Мен білетін қатал адамдардың бірі еді. Ол да бақыт деген дүниенің сәттік қуанышының алдында дәрменсіз екенін мойындады. Шындығында, бәріміз де дәрменсізбіз. Қайнардың достары ортаға шығып тілек айтқан сәтте, шынайылықтың айқын көрінісіне қанық болдым. Ең әсерлісі олар музыканың дауысын естімесе де, ортаға шығып балаша бақытты билеген сәтте болды. Жүрек атша тулады. Қалай ғана өмірде шектеу бар деп айтасың? Бақыт деген ұғымның абсольюттік мәні шексіздік екен ғой! Түсінгенім, махаббатты тілсіз дегені рас екен. Ішіңдегі ұлы сезімді жеткізугесөз емес, әрекет пен махаббат жеткілікті екен ғой! Бұлбұлша сайрап тұрып, бірімізге-біріміз сүйетінімізді еркін айтуға жасқанамыз. Неге, барында бақытты бағаламаймыз? Неге ұнататын, сүйетін адамдарымызға «мен сені жақсы көремін» деп айтпаймыз осы? Неге?Той біткен соң Қайнардың қолынан алып, жарадың деген сөзді саусағыммен түсіндіргендей болдым. Ол басын изеді. Сыртқа шыққанымда Қайнар оңашада ойланып тұр екен. Жүзі бақыттан күндей нұрланып тұрды.
Меніңше, Қайнар ішінен бар жан-тәнімен:
- Уа,Жаратқан мен бақыттымын! Аллам, саған сансыз шүкір, мен бақыттымын! - деп қатты айқайлады. Бірақ бұл сөзді Қайнар мен Құдайдан басқа ешкім естімеді...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇