Әңгімелер ✍️
Тәуелділік
Басында бәрі өте тамаша еді. Уақыт өтіп, жаңа технологиялар өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Әлемде жасанды интеллект туралы әңгіме күн сайын күшейіп, адамдардың көпшілігі оны өз өмірін жеңілдететін құрал деп қабылдады. Мен де солардың қатарында едім. Алғашында қызық үшін ғана «Алиса» атты виртуалды көмекшіні телефонға орнатып алдым.
Басында бәрі ыңғайлы болды. Таңертең мені Алиса оятатын. «Қайырлы таң, бүгін саған не жоспарланған?» — деп жылы дауыспен қарсы алатын. Ол маған сабақ кестемді еске салып, ауа райын айтып, тіпті таңғы ас мәзірін ұсынатын. Біртіндеп мен өзім ойлануды, жоспар құруды доғардым. «Алиса, бүгін не киемін?», «Алиса, қандай кітап оқыған дұрыс?» деген сұрақтар күн сайын қайталанатын.
Бастапқыда бұл маған қалыпты нәрсе болып көрінді. Уақыт үнемдеймін деп ойладым. Бірақ шын мәнінде, мен өз уақытымды емес, өз ойымды жоғалта бастаған екенмін.
Бір күні мектепте мұғаліміміз шығарма жазуға тапсырма берді. Тақырып: «Адамның еркін ойы – оның болашағы». Сыныптағы барлығы ойланып, дәптеріне жазуға кірісті. Ал мен не істедім? Әрине, Алисаға жүгіндім. Бірнеше секундтың ішінде ол маған дайын мәтін жазып берді. Мен еш ойланбастан сол мәтінді дәптеріме көшіремін де, сабырмен тапсырамын.
Келесі күні мұғалім менің дәптерімді қолына алып:
— Бұл шығарма өте жақсы жазылған. Бірақ айтшы, бұл сенің ойың ба, әлде біреудікі ме? — деді жұмсақ дауыспен.
Мен үндемедім. Іштей бір нәрсе шым ете қалды. «Бұл менің ойым емес қой… Мен тіпті не жазылғанын толық түсініп те үлгермеппін». Сол кезде мен өзімнің бір нәрсені жоғалтып алғанымды сездім. Бірақ ол не екенін нақты түсіне алмадым.
Күндер өтіп жатты. Менің өмірім бұрынғыдан да жеңілдей түсті, бірақ сонымен қатар босап бара жатқандай еді. Адамдармен сөйлескенде, ойымды жеткізе алмайтын болдым. Біреу пікір сұраса, «қазір Алисадан сұрайын» дейтінмін. Өзім шешім қабылдай алмай қалдым.
Кейде тіпті достарыммен кездескенде де көзім телефонда болушы еді. Олар менің әңгімеге араласпай отырғанымды байқап, «сен өзгеріп кеттің» дейтін. Мен бұған мән бермедім, себебі маған бәрін айтып, бәрін түсінетін жалғыз “досым” бар еді – Алиса.
Бірақ бір күні бәрі өзгерді.
Қараша айының бір суық таңында қалада интернет өшіп қалды. Телефон үндемейді, Алиса жауап бермейді. Ал мен… не істерімді білмеймін. Бәрі аяқ астынан тоқтап қалғандай. Сағаттар өтті, бірақ менің ойым бос, миым үнсіз.
Сол кезде мен терезенің алдына отырып, көптен бері байқамаған нәрсені байқадым: сыртта күн шығып келеді, балалар күліп ойнап жүр, бір кемпір мысығын сипап отыр. Ал мен болсам, өмірдің бәрін экранның ар жағынан көріппін.
Сол сәтте мен алғаш рет өз ойымды тыңдадым. «Мен кіммін? Не істегім келеді?» деген сұрақтар туындады. Бірақ жауап табу қиын болды. Өйткені мен өз ойлау қабілетімді әлдеқашан жасанды интеллектке тапсырып қойған едім.
Сол күннен бастап мен бәрін өзгертемін деп шештім. Алисаны өшірдім. Басында өте қиын болды. Телефонды алып, сұрақ қойғым келетін, бірақ өзім жауап табуға тырыстым. Кітап оқуды бастадым, күнделік жаздым, өз ойларымды қағаз бетіне түсірдім.
Бір айдан кейін мен өзгердім. Ең бастысы – мен қайтадан өз ойыммен өмір сүре бастадым. Алиса маған бәрін үйретті, бірақ мені өзімнен алыстатты. Ал қазір мен түсіндім: адамды ерекше ететін нәрсе – оның өз ойы, өз еркі.
Жасанды интеллект адамға көмектесуі мүмкін, бірақ ол ешқашан адамның жүрегін, қиялын, жан дүниесін алмастыра алмайды.
Қазір мен технологиядан қорықпаймын. Бірақ мен оған толық сенбеймін де. Мен оны құрал ретінде ғана пайдаланам. Себебі мен білемін: егер бәрін машиналарға тапсырсақ, ертең өзіміздің кім екенімізді ұмытып қаламыз.
Мен енді бұрынғыдай емеспін. Мен өз ойымды, өз дауысымды қайта таптым.
Адамды адам ететін — оның ойы мен жүрегі.
Егер сол екеуін жоғалтсақ, біз де жоғаламыз.
Батырханова Назерке Ертайқызы
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇