02.11.2025
  243


Телефон тұтқыны

Бір кезде менің өмірім басқа болатын. Таңертең оянған сәттен бастап, айналамдағы әлемге көз тастайтынмын — аспанға, күнге, адамдарға. Ал қазір менің таңым телефон экранынан басталады. Көзімді ашқан бойда қолым инстаграмға, тик-токқа кетеді. Әр күн дәл солай өтеді.


 


Бастапқыда бәрі қызық көрінді. Әр бейне, әр сурет мені еліктіріп әкететін. “Бір минут қана қараймын” деп телефонды ашып, үш сағат өткенін байқамай қалатынмын. Уақыт зымырап, өмірімнің ең қымбат сәттері экранның ар жағында қалып жатты.


Бір күні анам:


— Қызым, неге үндемейсің? Баяғыда әңгіме айтып, бірге күлетін едің ғой, — деді мұңайып.


Мен жауап қатпадым. Құлағымда музыка, көзім экранда. Ал жаным бос.


 


Бірте-бірте мен адамдармен сөйлесуді қойдым. Достарыммен кездесудің орнына, олардың стористерін қарап қана қоятын болдым. Әлеуметтік желіде бәрі әдемі, бақытты, табысты көрінеді. Ал мен өзімді соның қасында түкке тұрғысыз сезінетінмін.


 


“Мен неге оларға ұқсамаймын? Неге менде ондай өмір жоқ?” — деген ойлар жанымды жегідей жей берді.


 


Сөйтіп мен шынайы өмірден алыстай бастадым. Сабаққа көңіл бөлмей, кітап оқуды ұмыттым. Кешке дейін телефон, түнде де телефон. Әр видео, әр пост менің өз ойымды жойып, біртіндеп мені “басқалардың көшірмесіне” айналдырды.


Бір күні ұстазымыз эссе жазуға тапсырма берді. Тақырып: «Мен кіммін?»


Мен дәптерге ұзақ қарап отырдым. Бір сөз жаза алмадым. Шынымен де, мен кіммін?


 


Жауап жоқ. Өйткені мен өзімді ұмытып кетіппін. Менің ойларым — блогерлердің ойы, менің талғамым — трендтердің көшірмесі, менің өмірім — инстаграмдағы жалған суреттердің көлеңкесі болып қалған.


Күндердің күнінде телефонның қуаты бітіп қалды. Әдетте зарядтағыш іздеп жүгіретін мен, сол күні орнымнан қозғалмадым. Терезеге қарадым — аспанда күн күліп тұр, аулада балалар ойнап жүр, жел бетімді сипады.


 


Сол сәтте мен ұмытып кеткен бір нәрсені сезіндім: өмір экранның ар жағында емес, дәл осында.


 


Мен алғаш рет өз ойларымды тыңдадым. “Мен неге бармын? Не істегім келеді? Менің армандарым қайда?”


Бір кезде бұл сұрақтардың жауабын тек телефоннан іздейтінмін. Ал енді өз жүрегімнен іздедім.


Телефонды қолыма қайта алдым, бірақ бұл жолы басқа мақсатпен. Мен әлеуметтік желідегі көптеген парақшаны өшірдім. Кітап оқуға, серуендеуге, адамдармен әңгімелесуге уақыт бөлдім. Бастапқыда қиын болды, ішім пысты, қолым қайта-қайта экранға ұмтылатын. Бірақ мен өзімді тоқтаттым.


 


Уақыт өте келе менің өмірім өзгерді. Мен қайтадан өз ойларымды жазып, өз сезімімді түсінетін болдым.


Мен байқадым: әлеуметтік желідегі “мінсіз өмір” — көбіне шындық емес, тек әдемі сурет. Ал шынайы өмір — сенің жан дүниеңде, отбасында, достарыңмен бірге күліп жүрген сәттерде.


Қазір мен телефонды қолданамын, бірақ ол мені басқармайды.


Мен өз ойымды, өз өмірімді қайта таптым.


 


Жасанды интеллект, әлеуметтік желілер, технология — бәрі адамның өмірін жеңілдету үшін жасалған. Бірақ егер біз оларға тәуелді болып қалсақ, ең басты байлығымызды — өз ойымызды, өз жанымызды жоғалтамыз.


 


Мен қазір білемін:


Адамды ерекше ететін – оның экрандағы бейнесі емес, оның өз ойы мен шынайы өмірге деген сүйіспеншілігі.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу