27.10.2025
  311


Автор: Назерке Батырханова

Арман өшпейді. Тек иесін күтеді

Кешкі тыныштық. Терезеден күзгі жаңбырдың тамшылары көрінеді. Айдос жұмыс үстелінде үнсіз отыр. Алдында дәптер, бетінде ескі жазулар. Бұл — оның мектепте жүргенде жазған армандар дәптері еді.


Бірінші бетте үлкен әріптермен: «Мен журналист болам!» — деп жазылған.


 


Сол сөздер оның жүрегін шым еткізді. Кешегі бала Айдос өз ойын, өз сезімін әлемге жеткізгісі келетін. Телевидениеге қызығып, күнделікке мақалалар, сұхбаттар жазатын. Әр жаңалықты өз көзімен көрсеткісі келетін.


 


Бірақ уақыт өте өмір басқа арнаға бұрылды. Әкесі мен анасы:


— Журналист болу қиын, тұрақсыз мамандық, — деді.


Сөйтіп, Айдос ұстаздықты таңдады.


 


Енді ол ауыл мектебінде әдебиет пәнінен сабақ береді. Сабақ арасында оқушылардың шығарма жазуын тексеріп, олардың арманын тыңдайды. Бірақ кейде бір оқушының шығармасында «журналист болғым келеді» деген сөзді көрсе, жүрегі сәл шымырлап кетеді.


 


«Бәлкім мен де дәл осылай армандап едім...» — деп ойлайды іштей.


Бір күні кешке Айдос үйінде жалғыз қалды. Теледидардан жаңалықтар беріліп жатты. Экранда — жас журналист қыз тікелей эфирде ел назарын өзіне аударып сөйлеп тұр.


Оның көзіне қарап, Айдос өз арманын көргендей болды.


 


Ол үнсіз теледидарды сөндіріп, терезе алдына барып отырды.


«Егер мен сол кезде қорықпай, журналист болам деп шешсем, қазір өмірім қандай болар еді?» — деген ой келді.


 


Сол сәтте оның көзі ілініп кетті.


Түсінде — басқа өмір. Сол өмірде де Айдос бар, бірақ ол — тележурналист. Қолында микрофон, айналасында камералар, жарық шамдар. Ол ел ішіндегі маңызды жаңалықтарды жүргізіп тұр.


 


– Құрметті көрермендер, бүгін біз шынайы өмірдің батырларын көрсетеміз! – деп қуана сөйлеп тұр.


Жанында адамдар, көрермендер, өмір қайнап жатыр.


 


Сол сәтте ұстаз Айдос өзіне қарап тұрғандай сезінді.


– Бұл мен бе? – деді ол таңырқап.


– Иә, – деп жауап берді журналист Айдос. – Бұл сенің батылырақ болған өмірің.


Айдос селк етіп оянды. Таң атып қалған екен. Терезеден күннің алғашқы сәулесі түсіп тұр. Үстел үстінде баяғы дәптері ашық жатыр.


Соңғы беті бос.


 


Ол қалам алып, асықпай жазды:


«Арман өшпейді. Тек иесін күтеді.»


 


Сол күннен бастап Айдос өз өмірін өзгертуді ұйғарды. Сабақтан кейін оқушылармен бірге мектеп радиосын ашты. Балаларға жаңалық жасау, сұхбат алу, хабар дайындауды үйрете бастады.


 


Ал кешке өзі мақалалар жазып, аудандық газетке жіберіп жүрді. Алғашқы мақаласы жарық көргенде, ішін жылу кернеді. Ол ұстаздық пен журналистиканың арасында байланыс бар екенін түсінді — екеуі де ақиқат пен адамды жақындастырады.


Айлар өтті. Айдос мектеп радиосын дамытып, оқушыларымен бірге бірнеше аудандық байқауда жеңіске жетті.


Газет бетінде оның аты жиі шыға бастады. Бір күні облыстық телеарна оны сұхбатқа шақырды.


 


Журналист жүргізуші сұрады:


– Сіз бастапқыда ұстаз болдыңыз, енді журналистикаға бет бұрыпсыз. Өкінбейсіз бе?


 


Айдос жымиып жауап берді:


– Жоқ. Кейде арман өз уақытында орындалмайды. Бірақ егер сен оны ұмытпасаң, ол өз жолын табады.


 


Сол күні эфирден кейін ол терең ойға батты. Өмірінде алғаш рет өз орнында екенін сезінді. Ұстаздық оған сабыр мен түсіністік берді, ал журналистика оған дауыс пен сөз еркіндігін сыйлады.


Бір күні оқушысы Әмина сабақтан кейін келіп:


– Мұғалім, мен де журналист болғым келеді, – деді. – Бірақ бәрі «қыз балаға қиын» дейді.


Айдос жылы жымиып:


– Егер сен өзіңе сенсең, еш қиын емес. Арманға апарар жол әркімде бөлек. Тек сен қорықпа.


 


Осы сәтте ол өз балалық бейнесін көргендей болды. Бір кездері дәл осылай армандап тұрған еді ғой...


 


Сабақ біткен соң Айдос терезеге қарады. Күздің аспаны ашық, жел баяу соғып тұр. Ол іштей күлімсіреді.


«Міне, менің екі жолымның қиылысқан сәті. Бірі — ұстаздық, бірі — арман. Екеуі де менікі.»


 


Сол сәтте ол түсінді: өмірде арман мен шындық қарсы емес, керісінше — бірін-бірі толықтырады. Ұстаздық оған журналист болуға жол ашқан екен.


Батырханова Назерке Ертайқызы 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу