Өлеңдер ✍️

  07.07.2025
  190


Автор: Әліпов Айтбек Рымбекұлы

 Ұстазға деген сағыныш...

                                      Ұстазға тағзым.


 


Нұрға бөлеп білімменен жер бетін,


Әлі есімде шуақ шашқан келбетің.


Асыл ұстаз, еске аламыз бүгінде,


Санамызды сағыныш боп тербетіп.


 


Балғындаған балалық шақ белеңдер,


Білім нәрін сусындаған өрендер.


Ұлағатты ұстаз болдың біз үшін,


Туған ауыл өңірінде еленген.


 


Өткен күндер оралмайды кешегі,


Заңдылығы бұл өмірдің деседі.


Есіңде ме, қара тақта ақ бормен,


Шимайлаған арифметика есебін.


 


Сезіп тұрдың әрбір шәкірт жүрегін,


Ақыл бердің, «Адам бол» деп тіледің.


Батыр ана, асыл ана болдыңыз,


Мәңгі есінде ұлықтаған ұлы елің.


 


Тәлім бердің санамызға салмақты,


Еңбекте де үздік болдың жан-жақты.


Шөберенің қолынан май жалаған,


Тамыры едің текті елдің тармақты.


 


Сыр бермедің сынақтарда сан алда,


Жүрегіңіз мейірімнен жаралған.


Есіміңді өшпестей бір тарихқа,


Жазып кетсем шәкіртіңде жоқ арман.


 


Шәкірттердің тентектігін жасырдың,


Көнелердің жалғасы едің, асылдың.


Сұлулығын кәріліктің үлгі еттің,


Тоқсан асып, баурайында ғасырдың!...


 


Бас қосамыз түлектерің, біргеміз,


Орның бөлек, сағынышты күйдеміз.


Сіз дегенде еске түсер балалық,


Көзіміздің алдында сол бейнеңіз...


 


Түлектерге шырақ болдың тынбастан,


Балалық-ай сағым қуып, қырды асқан!


Еңбегің мен «көзін аштың» бұлақтың,


Мейірбандық, қамқорлығың – жыр-дастан.


 


Кімдер келіп, кім кетпеген бұл жалған?!


Мәңгілікке жер бетінде кім қалған?...


Жақсылығың айту парыз өткеннің,


Жақсының тек ізі қалар жылдардан.


 


Төрі болып жатқан жерің пейіштің,


Алдың жарық, арты болсын кенішті.


Ұрпақтарың аман болсын артыңда,


Қуанышқа толсын күндер жемісті.


 


             Айтбек Рымбекұлы Әліпов,


Астана қ., маусым 2025ж.


 






Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу