Өлеңдер ✍️

  19.06.2025
  1574


Автор: Самрат Құскенов

Алматының тұрғындары

 



Мен өмірді бақыт деп ой түйемін,
Тағдыр ғана жүргізетін жүйесін.
Тұра білген жұрттан ерекшеленіп,
Алматылық тұрғындарды сүйемін.



Көрсем ғой деп аңсап бала жасымнан,
Арман биік болды ішер асымнан.
Алматының тұрғындары сау болса,
Бақыт құсы ұша қоймас басымнан.



Азаттықтың тал бесігі болған жер,
Әр көшесі құт-киеге толған жер.
Көлсай, Медеу, Көктөбе мен Шымбұлақ
Ажарымен руханиятқа қорған жер.



Алматыны "Жер жұмағы екен!" деп,
Өтті ақын-жазушылар мекендеп.
Талай талант қиялымен көз жұмған,
"Алатаудың шыңдарына жетем!" деп.



Жан дүниемді түсінбесе айналам,
Жүрек сырын кімге барып айта алам.
Болашақта көресіңдер мені де,
Алматының тұрғынына айналам.



Өмір жыры мағыналы жазылса,
Сезім нұры шумақтар боп шашылса.
Арманым жоқ, жетпісімнің күзінде
өлгенімде Кеңсайдан көр қазылса.



Бұл ойымды елім жатар ұлықтап,
Жұрт қатарлы ғұмыр кешсем дұрыстап.
Тар қабірде қысылмай кең жатар ем,
Алматымен жер астында тыныстап.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу