Өлеңдер ✍️

  19.06.2025
  1351


Автор: Самрат Құскенов

Алаштың ғалиясы - Сафуан Шаймерденовке

 



Қысқарылып бара жатыр бойымыз,
Шашыраңқы болып жатыр ойымыз.
Сафуан ата естисің бе сен мені?
Сынақтарға тап болып тұр сойымыз.



Қайтпай қойды Колбиндегі кегіміз,
Өз тілінен безіп болыс, бегіміз.
Айыптымыз аруағыңның алдында,
Аяқ асты тапталған соң тегіміз.



Бір көше де бере алмадық өзіңе,
Қалай қарай алам ұрпақ көзіне?
Шалалықты білмес едік жалғанда,
Бет бұрғанда сенің дана сөзіңе.



Дақ түсіріп отырмыз-ау атыңа,
Қор болдың ғой туысыңа, жатыңа.
"Тыныштық!" деп жүрміз әлі ұрандап,
Жан болмай тұр құлақ түрер датыма.



Қыртып кетті ауылдың да қариясы,
Сарқылған-ау ақылдың да дариясы.
Елдің бәрін тәубесіне түсірер,
Ортамызға кел, Алаштың ғалиясы!



Надан қоғам жия қоймас айылын,
Ата жаудай көріп келген шайырын.
Руын қойып ең бірінші орынға
Тамырын да кесіп жатыр тайырың.



Өзің жоқсың салған білім сәулетін,
Кітап қылған бес күн жалған дәулетін.
Уықтарын әрқайсысы тартып ап,
Шаңырақтан құт қашырды әулетің.



Отбасың - ол, Ата сенің Алашың,
Данышпанға айналдырған баласын.
Ауылдарды құртып тынды түбінде,
Төбесіне көтерді де қаласын.



Сөзге айғақ өзің туған теріскей,
Қабіріңде жатсаң-дағы келіспей.
Байқап тұрсаң, әдебиет пен қоғамда,
Ерлік түгел, сен тұрасың жетіспей.



Елдің мен-ақ болайыншы тебізі,
Меруерт муза болғандықтан теңізі.
Қайта оралып Алашымның ғалиясы
Арман бар ма, айтып тұрса лебізін...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу