Өлеңдер ✍️

  19.06.2025
  1704


Автор: Самрат Құскенов

Интернаттың балалары

 



Интернаттың қабырғасын тоздырған
адам ғана топтан атын оздырған.
Өйткені, ол көптің тілін табуды
ерте жастан біліп, ісін оң қылған.



Бір құрсақтан шықпаса да барлығы,
Бір атадан болмаса да жарлығы.
Бәрі туған бауырыңдай болады,
Сездірмейтін көңілдің іш тарлығын.



Адалдықты ұран етіп жасынан,
Арамдық та жасамаған қасына.
Интернаттың балалары - ұйымшыл,
Достық биік тұрған ішер асынан.



Дұрыс оқи алмаса да сабағын,
Айналдыра білген өмір табағын.
Интернаттың балалары - бауырмал,
Бір-біріне еш түймеген қабағын.



Интернаттың балаларын сағынам,
Жаратылған мейірімнің бағынан.
Әрқайсысы жүректегі естелік,
Өміріңнің қалған бала шағынан.



Шыр көбелек айналып жыр жаза алмай,
Шыр-пыр болып ойдың кенін қаза алмай.
Интернатта тұрмағандар қиналар
Шырғалаңнан шығар жолды таба алмай.



Тәубе деймін қарап тұрып соларға,
Дүние жалған сондай қызық болар ма?
Интернатта тұрмағанда қайтер ем,
Жан дүнием махаббатқа толар ма?



Әр секунды есімнен еш кетпейді,
Балғын сезім сырымды тәрк етпейді.
Ұсынатын төр де, жол да, мінбер де,
Интернаттың бөлмесіне жетпейді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу